Шанхай – Алматы әуе рейсі ашылады

1 шілде, 2025 / Алуа Арман
istockphoto.com

Қытайдың China Eastern Airlines әуе компаниясы Шанхай – Алматы бағыты бойынша жаңа тікелей әуе рейсін іске қосады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Шанхайдан Алматыға China Eastern Airlines-тің алғашқы ұшағы 4 шілдеде келіп қонады деп күтілуде.

Бұл оқиға екі мегаполис арасындағы туристік, мәдени және іскерлік байланыстарды нығайту жолындағы маңызды қадам болмақ.

«Алғашқы рейспен әуе компаниясының өкілдері, қытайлық БАҚ пен блогерлер келіп жетеді деп жоспарлануда. Бұл Қытайда әуе рейсінің ашылуын кеңінен жариялауға мүмкіндік береді. Осыған орай қалалық туризм басқармасы “Алматының символы – сыйлық ретінде” атты акция ұйымдастырады – рейс жолаушыларына естелік сыйлықтар табысталады», – делінген хабарламада.

Әкімдіктің мәліметінше, бұл – аталған әуе компанияның Орталық Азияға алғашқы бағыты.

Жаңа маршрут 2025 жылдың ақпанында Алматы қаласы әкімдігі мен China Eastern Airlines басшылығы арасында қол жеткізілген келісімдердің нәтижесі болды.

Бүгінде Алматы Бейжің, Гуанчжоу, Сиань, Үрімжі, Ханчжоу және Санья қалаларымен тікелей әуе рейстері арқылы байланысқан. Жаңа бағыт қолданыстағы желіні толықтырып, ай сайын 150-ден астам рейс орындалатын екі ел арасындағы әуе қатынасының жиілігін арттырады.

Тэгтер:

Алматы Ұшақ әуе рейсі Шанхай