Ақтөбеде алаяқтар зейнеткерлерді алдап, ірі көлемдегі ақшаларын алып кеткен, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Полицияға зейнеткер әйел жүгінді. Ол кісіге белгісіз біреу қоңырау шалып, өзін полицей ретінде таныстырып, «қызыңыз жол апатына түсті» деп, мәселені шешу үшін 2 миллион теңге қажет екенін айтқан. Әйел адам бұған сеніп қалған, өйткені қаскүнем оған өзін қызы ретінде таныстырған, қорқып, дірілдеген дауыспен көмек сұраған қызды телефонға қосқан. Ақтөбе тұрғыны үйіне келген бейтаныс адамға ақшаны беріп жіберген», – деп хабарлады полиция.
Сол күні осындай жағдаймен 87 жастағы тағы бір зейнеткер әйел полицияға жүгінген. Ол да немересін құтқарамын деп ойлап, алаяқтарға 2 миллион теңге берген.
Полиция курьер рөлін ойнаған Қостанай облысының 26 жастағы тұрғынын ұстады. Оның айтуынша, ол тапсырмаларды мессенджер арқылы алып отырған және әр орындалған тапсырма үшін 50-100 мың теңге көлемінде сыйақы алған.
Оның бес алаяқтық оқиғаға қатысы бары анықталып, келтірілген жалпы шығын шамамен 5 миллион теңгені құрады.
Полиция азаматтарды алаяқтардан сақ болуға шақырады.
«Алаяқтар өзін полицеймін деп таныстырып, туысыңыз қиын жағдайға тап болды деп айта алады. Мұндай жағдайда бірден 102 нөміріне хабарласып, ақпараттың шын-өтірігін анықтау қажет», – деді полиция.