Полиция кісі өліміне соқтырған жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Павлодар облысының Павлодарское ауылында мотоцикл тізгіндеген ер адам жоғары кернеулі электр бағанына соғылған. Жүргізуші оқиға орнында көз жұмды.
— Павлодарское ауылында болған жол-көлік оқиғасы дерегі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Жүргізуші мотокөлікті басқарып келе жатып, жоғары кернеулі электр бағанасына соғылған. Алған жарақаттарынан ол оқиға орнында көз жұмды. Оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатыр, — деп мәлімдеді өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Тәртіп сақшылары мұндай қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін жол қозғалысына қатысушыларға жылдамдық режимін сақтау, әсіресе, көлік қозғалысы қарқынды учаскелерде абай болу және көлік құралдарының техникалық жағдайын бақылау қажеттігін ескертеді.