Астанада жол апаты кезінде 2 аяғынан айырылған қыз үйден оқиды. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты, деп хабарлады turkystan.kz сайты Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
«Қолданыстағы барлық заңға сәйкес, бала үйінен оқуы тиіс. Оңалту процесінен кейін оқуын мектепте жалғастыру мүмкіндігін қарастыруға да болар. Бұл ұзақ процесс. Қалай десек те, қайғылы оқиға таяуда ғана болды. Сондықтан қалай болатындығын айта алмаймын», - деді министр БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Ғани Бейсембаев ең алдымен баланың псхологиялық және физикалық саулығына қамқорлық таныту өте маңызды екенін айтады. Одан кейін академиялық білім алу жайын қозғауға болады.
2 маусымда Астанада автобус жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жол жиегіндегі бағанға соқтығысты.
Жол апатынан бір зардап шегушінің жағдайы ауыр екені, ота жасалатыны айтылды. Кейін зардап шеккен 1 жолаушының аяғына ампутация жасалғаны белгілі болды.