Жамбыл облысында 8 мектепке айыппұл салынды

30 маусым, 2025 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Шу аудандық соты өрт қауіпсіздігі талаптарын орындамаған сегіз мектепке қатысты әкімшілік құқықбұзушылық істерін қарады, деп хабарлады turkystan.kz.

2025 жылдың ақпан-наурыз айлары аралығында Шу ауданындағы мектептерде төтенше жағдайлар бөлімі өрт қауіпсіздігі талаптарының орындалуына тексеріс жүргізіп, сегіз мектептен бірқатар заңбұзушылықтарды анықтаған. Мекемелерге олқылықтарды жою туралы нұсқама берілген.

“Бөлінген уақыт өткеннен кейін қайта тексеру барысында бұл талаптардың орындалмағаны анықталды. Осыған байланысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамалар толтырылды. Сотта мектеп өкілдері өз кінәларын мойындап, бұзушылықтардың қаржыландыру тапшылығына байланысты жойылмағанын айтты. Қазіргі уақытта қажетті қаражат бөлу туралы білім бөліміне хат жолданған. Мекеме өкілдері айыппұлды қызметін тоқтатпай салуды сұрады”, – делінген соттың баспасөз хабарламасында.

Сот шешімімен сегіз мектепке әрқайсысына 100 айлық есептік көрсеткіш (393 200 теңге) көлемінде айыппұл салынды. Білім беру мекемелерінің қызметі тоқтатылмады.

Тэгтер:

мектеп Жамбыл облысы Шу