Ақмола облысында екі ер адам мектеп бітірген түлекті өлімші етіп сабаған

Бүгін, 11:29 / Алуа Арман
istockphoto.com

Ақкөл қаласында 18 жастағы мектеп оқушысын соңғы қоңырау күнінде соққыға жыққан. Оқиға 21 маусым күні болған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Зардап шеккен жігіттің анасының айтуынша, оның ұлына екі ересек ер адам – 31 және 23 жастағы азаматтар шабуыл жасаған. Олар, болжам бойынша, алкогольдік немесе есірткілік мас күйде болған.

Әйелдің айтуынша, шабуылдаушылардың бірі алғашында жасөспірімді көлікпен қағып өтпек болған, кейін екеуі де көліктен түсіп, оны аяусыз соққыға жыққан. Жігіт есінен танып қалған, басы мен бетіне көп зақым келген. Анасының сөзінше, бұл оқиғаның куәсі болған Ақкөл аудандық полиция бөлімінің қызметкері оқиға орнына келіп, шабуылдаушылардан “бәрі дұрыс па” деп сұраған. Алайда дөрекі жауап алған соң, ол көмек көрсетпестен кетіп қалған.

Полицияға 102 нөмірі арқылы қоңырау шалынғаннан кейін жігіт ауруханаға жеткізілді. Көп ұзамай шабуыл жасаған ер адамдар да ауруханаға келген. Жәбірленушінің анасының айтуынша, олар ол жерде де агрессивті мінез көрсетіп, қорқытып, балағат сөздер айтқан. Сондай-ақ отбасына қысым көрсетіп, полицияға арыз жазбауға үгіттеген.

Ақмола облыстық полиция департаменті бұл оқиға бойынша 2007 жылы туған Ақкөл қаласының тұрғынына қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы, 2-бөлігі (бұзақылық) бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

«Оқиға болған күні-ақ қақтығысқа қатысушылардың барлығы анықталып, жауап алынды. Қылмыстық іс аясында оқиғаның мән-жайы анықталуда. Бұл іс полиция департаменті басшылығының бақылауында тұр», - деді ведомство.

Зардап шеккен жігіттің анасы әділ тергеу жүргізуді талап етіп отыр.

Тэгтер:

төбелес түлек сабау