Ақтөбе облысында зейнеткер немересімен бірге суға батып кетті

28 маусым, 2025 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Ақтөбе облысында джип көлігін мінген зейнеткер немересімен бірге суға батып кетті, деп хабарлайды turkystan.kz облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға Хромтау ауданында болған. 25 маусым күні шұғыл желіге 1959 жылы туған зейнеткер мен оның кәмелетке толмаған немересі Кұдықсай ауылынан Toyota Hilux автокөлігімен Бозжыр аумағына қарай шығып, қайтып оралмағаны туралы хабар түскен. Құтқарушылар бірден іздестіру шараларына кіріскен.

Келесі күні кешкі сағат 19:30 шамасында Кұдықсай ауылы маңындағы Ор өзенінің арнасын қарау кезінде автокөлік табылды.

"Сүңгуірлер жүргізген жұмыстар нәтижесінде 2,5 метр тереңдіктен, жағадан 4 метр қашықтықта баланың денесі, сондай-ақ көлік пен ер адамның денесі судан шығарылды", - дейді құтқарушылар.

Қазіргі кезде оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Құтқарушылар су айдындарының маңында және қиын қолжетімді жерлерде қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігін ескертті. Ал төтенше жағдай туындаған жағдайда дереу 112 нөміріне хабарласу керек.