SpaceX пен Tesla компанияларының басшысы Илон Маск Иранның жоғарғы рухани көшбасшысы аятолла Әли Хаменейге әлеуметтік желіде сұрақ қойды, деп хабарлайды
Миллиардер бұл сұрағын бұрынғы Twitter, қазіргі X платформасында жариялады.
«Америка — жай ғана "үлкен шайтан" ба, әлде "ең ұлы шайтан" ба?» — деп жазды Маск Хаменейдің парақшасындағы жазбалардың бірінің астына.
Айта кетейік, 13 маусымда Израиль Иранның ядролық және әскери нысандарына соққы беріп, «Қайратты арыстан» операциясын бастаған болатын. Бұған жауап ретінде Тегеран «Шынайы уәде – 3» операциясын бастады және Израильдегі әскери нысандарға шабуыл жасады.
21 маусымға қараған түні АҚШ Әуе күштері Ирандағы үш ядролық нысанға соққы жасады. АҚШ президенті Дональд Трамп бұл шабуылдардың мақсаты — Иранның уран байыту мүмкіндіктерін жою екенін мәлімдеді.
23 маусымда Иран армиясы «Жеңіс туралы қуанышты хабар» операциясы аясында Катарға қарай алты зымыран, ал Ирак аумағына бір зымыран ұшырды. Press TV дерегінше, солардың үшеуі Катардағы АҚШ әскери базасына дәл тиген.