Түзету мекемесі: От басқандар ортаға бейімделе ала ма?

Бүгін, 14:00 / Арайлым Жолдасбекқызы

Адамға өмір бір-ақ рет беріледі. Сол өмірді мәнді сүру бәрінің бірдей қолынан келе бермейді. Қысқа өмірде сүрініп кетіп бүлініп жүрген қаншама тағдыр таразыға тартылады. Ең қасіреті сол, адамның өз ақыл-ойы мен күш-қайратын қоры қылып, темір тордың ар жағында мән-мағынасыз өмір сүруі.

Бұл қасіретке әркім әрқалай душар болады. Біреу алды-артында ақыл ай­тар адамы жоқтығынан, біреу жетім­дік­тің сал­дарынан, біреу ата-анасы ішім­дік­ке салы­нып, тәрбиесінің кемшін­дігі­нен ұшырап жа­тады. Мұндай себептерді са­нап айтып тауы­са алмаспыз. Басты мә­селе темір тордан шық­қандардың өмір­ге қайта бейімделе алу, алмауы.
Қайта әлеуметтену – бұл адамның бұ­рын­ғы әлеуметтік нормалар мен құн­ды­лықтардан бас тартып, жаңа ережелер мен мінез-құлық үлгілерін меңгеруі. Нә­ти­жесінде, адам жаңа ортада өзін еркін се­зініп, қоғамның немесе белгілі бір топ­тың нормаларына сай өмір сүріп, бұ­рынғы теріс әрекеттерін түзетіп, өмір сал­тын өзгертеді. Бұл ретте түзету мекемесінен босап шыққан адамның арнайы мамандардың бейімделу процесі (психологтар, әлеуметтік қызметкерлер, пробация қызметкерлері) көмегімен жүзеге асады. 
Еліміздегі қылмыстық-атқару жүйе­сіне пробация қызметінің енгізілгеніне он жылға жуықтап қалды. Қылмыстық заңнамаларды ізгілендіру нәтижесінде өмірге келген пробация қызметі бас бос­тан­дығынан айырылған, сондай-ақ шарт­ты түрде сотталған адамдарға қа­тыс­ты кеңінен қолданылады. 
Алматы қаласы бойынша ҚАЖД-ның Алмалы аудандық пробация қызметі бө­лімінің бастығы Жанбота Сайпілмүлік про­бация қызметін басқарып отырған қай­сар қыздардың бірі. Пробациялық ба­қылауға алынған сотталған әйел­дер­мен жұмыс істеп отырған маманмен аз-кем тілдесіп, сауалдарымызға жауап ал­ған едік. 

– Пробация қызметі осы қызметті ұйым­дастыру және пробация қолда­ны­латын адамдардың құқықтық мәртебесін белгілейтін «Пробация туралы» заң және Қылмыстық-атқару кодексі аясында, со­н­ымен қатар Ішкі істер министрлігі бе­кіт­кен қағидалар бойынша жұмыс іс­тейді. Сондай-ақ  пробациялық бақы­лауға алынғандарға әлеуметтік-құқық­тық көмек көрсету де аталған заң талап­тарының бірі. Негізінен, ұрлық, алаяқтық немесе басқа да зорлық-зомбылықсыз қыл­мыстар үшін бас бостандығынан айыру жазасы қоғамға тиімді емес екені белгілі. Керісінше, пробациялық бақылау жазасы белгіленген сотталғандарды қо­ғамдық жұмысқа тарту арқылы олардың түзелуіне мүмкіндік мол екенін уақыт өзі дәлелдеп келеді. Ұрлық, алаяқтық сияқты қылмыстарға көбінесе әлеуметтік жағ­дайы төмен жұмыссыздар барады. Ал бас бостандығын шектеу жазасы қолданыл­ған адамдарды жергілікті жұмыспен қам­­ту орталықтары арқылы жұмыспен қам­­тамасыз ету – олардың болашақта қо­ғам­ға пайдалы адам болуына бірден-бір кепілдік беретін тәсіл, – дейді Жан­бота Сайпілмүлік.

Алматы қаласы бойынша Қылмыс­тық-атқару жүйесі департаментіне қа­рас­ты Пробациялық бақылау қызме­т­і­нің есебінен жыл басынан бері 4 мыңнан ас­там өтсе, қазір қала бойынша 2 600-ден астам сотталған адам пробациялық ба­қы­­лауға алынған. Алматы қаласы бойын­ша 8 аудандық пробациялық қыз­мет бө­лімі бар. Соның ішінде ең ірі ау­дан­дар­дың бірі Алатау ауданында 700-ге жуық адам пробациялық есепке алынған. Про­ба­циялық қызметті реттейтін заң бойын­­ша бақылаудағы сотталған адам жаза өтеу тәртібін бұзған жағдайда оның бас бостандығын шектеу жазасы бас бос­тандығын айыру жазасына ауыс­тыры­лады. Өкінішке қарай, сотталған адамға түзелуге берілген мүмкіндікті дұрыс пай­­даланбай, темір тордан бір-ақ шыға­тын­дар да бар. Мысалы, жыл басынан бері  қала бойынша 123 адамның  жазасы сот­тың үкімімен бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды.
Иә, елімізде бұрын сотты болған­дар­дың қылмысқа баруы жиі кездеседі. Ха­лықаралық статистикаға сүйенсек, мә­се­лен бұрын сотталған педофилдердің 40 пайыз­ға жуығы бостандыққа шыққан соң бірінші жылы-ақ қылмыспен ұста­ла­ды екен. 

– Сотталғандардың қайталап қыл­мыс жасау фактілерінің алдын алуда олар­ды қоғамдық жұмысқа тартудың маңы­зы зор. Қылмыстық-атқару жүйе­сін­дегі пробациялық бақылау қызметінің бас бостандығын шектеуге және қоғам­дық жұмысқа тарту бойынша атқарып жа­т­­қан жұмысы оң нәтиже көрсетіп отыр­­­ғаны даусыз. Алматы қаласы бойын­ша пробациялық бақылаудағы соттал­ғандардың 80 пайызы жұмыспен қамта­масыз етілген. Олардың арасында өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етіп отырған кәсіпкерлер де бар. Бүгінде ірі қалаларда тап­сырысты жеткізушілер үлкен сұра­ныс­қа ие бола бастады. Пробациялық бақы­лаудағы сотталғандар арасында да осы жұмысты атқаратындар көп. Жалда­малы құрылысшы болып нәпақа тауып жүргендер де бар. Бұл орайда пробация­лық бақылау қызметі өздері орналасқан аудандық әкімдіктермен бірге пробация есебінде тұрғандарды жұмысқа орна­лас­тыру мәселесін тұрақты түрде талқылап тұрады. Сот үкімі бойынша тағайы­н­дал­ған мәжбүрлі еңбекке тартылғандарға жұ­мыс орнын бөлуге де әкімдік тара­пы­нан көмек көрсетіледі, – деп түсіндірді бөлім бастығы. 

Пробациялық бақылау қызметінің міндеті тек сотталғандарды ба­қы­лау ғана емес, пробация инспектор­лары олардың әлеуметтік, психология­лық, медициналық көмек алуына көмек­теседі. Мысалы, сотталғандардың ара­сын­да әлеуметтік жағдайы нашар, көп­ба­лалы аналар немесе жас балалары бар аналар не болмаса бір үйде бір өзі ғана жұ­мыс істейтін азаматтар да бар. Проба­ция мамандары мұндай адамдарға әлеу­меттік көмек көрсету мақсатында да әкім­діктермен тығыз жұмыс істеп отыр. Әлеуметтік жағдайды түзеуге басты кө­мек – жұмысқа орналастыру. Бұл орайда қалалық жұмыспен қамту орталығы ар­қылы бос жұмыс орындарының жәр­мең­кесін ұйымдастырып, мәселені шешу­ге ықпал етіп отыр. 
Жұмыспен қамтамасыз ету мәсе­лесінен бөлек сотталған­дар ара­сында түрлі созылмалы аурулары бар­лар да кездеседі. Мамандар оларға ме­дициналық көмек көрсету үшін емдеу орындарына хат жазып, емдік шара­ларын тағайындауға да атсалысады. 
Алғаш сотталғандар психологиялық күй­зеліске түсетіні анық. Алайда олар про­бациялық бақылау қызметінде пси­холог-инспекторлардан психо­ло­гиялық кө­мек алып, сотталу деген өмірдің соңы емес екенін, жаза тәртібін бұзбай кесімді мер­зімін өтеген жағдайда қалыпты өмір сүру­ге болатынын терең ұғынып, кері­сінше, болашағын түзеп алатын жандар да бар. Олардың көбеюі қоғам үшін пай­далы.  
Соңғы кезде қылмыстық-атқару сала­сының пробациялық бақылау қыз­метінде сотталғандардың жаза өтеу тәртібін бақылауда электронды  білезік­тер кеңінен қолданылады. Аталған құ­рыл­ғының тиімділігі – пробацияның ба­қылауындағы кісінің жүрген жерін ж­ә­не уақытын дәл көрсетеді. Сотталған адам жаза өтеу тәртібі бойынша кешкі сағат 22.00-ден таңғы сағат 06.00-ге дейін орналасқан жерінің шекарасынан шық­пауы керек. Алайда Алматы сынды елі­міз­дегі ең ірі мегополисте әр сот­тал­ған­ның тұрғылықты жеріне барып, оның осы белгіленген уақытта үйінде отыр­ға­нын тексеру пробациялық қызметтің инс­пекторлары үшін күрделі жұмыс.
Алматы қаласындағы пробациялық ба­қылауға алынғандарды бақылау үшін «Таргетай» жүйесі  қолданылады. Ол – про­бация бақылауында тұрған аза­ма­т­тарды және сот үкімімен бас бостан­ды­ғын шектеу жазасына кесілгендердің қоз­ғалысын автоматты түрде бақылай­тын жүйе. Пробациялық бақылаудағы сот­талғандар әдетте түнгі уақытта жаза өтеу тәртібін бұзады екен. Ал «Таргетай» б­а­қылаудағы адамдар түнде тұрғылықты же­рінен шықса, ойын-сауық орта­лық­тарына барса, түнгі уақытта бетперде не­месе көзілдірік кисе де, оларды анық­тай алады. Жүйенің «ақылды» камера­лары теміржол вокзалдары, әуежай, сауда ойын-сауық орталықтары сияқты адам көп жиналатын нысандарға қойылған. 

– Қала бойынша сотталған 170 адам­ға электрондық құрылғы қол­да­ны­лады. Ереже бойынша бұл құрылғы бірінші кезекте қайталап қылмыс жасауға бейім не­месе қайта қылмыс жасағандарға ғана қол­данылады. Электронды білезіктің кө­мегімен инспекторлар кез келген ауыт­қуларды көріп отырады. Мысалы, сот­талған адам тыйым салынған уақытта үйінен пробация инспекторы белгілеп берген радиустан шығып кетсе, ол ақпа­рат автоматты түрде мониторинг жүйе­сіне түседі. Сондай-ақ бақылаудағы адам тыйым салынған жерлерге барса да, де­реу ақпарат түседі. Жүйе бүкіл мар­шрут­ты, уақытты және тіпті адамның қозғалу жыл­дамдығын да көрсетіп отырады. Құрыл­ғының өзі сотталушының аяғына бекітіледі және оны зақымдау немесе рұқ­сатсыз алып тастау әрекеттеріне жауап береді. Сотталғанға электронды біле­зік кигізер алдында пайдалану ере­желері түсіндіріледі. Электронды құрыл­ғы арқылы анықталған бұзушылық фак­тілер тіркелген жағдайда дереу про­бация бөліміне шақырылып, ең алға­шын­да ескерту беріледі. Ал бақылау тәр­ті­бін қайтадан бұзған жағдайда іс сот­қа жолданып, соттың шешімімен бас бос­тандығын шектеу жазасы бас бос­тан­дығынан айыру жазасына ауыстырылады. Мысалы, жыл басынан бері  қала бойын­ша электрондық құрылғымен жүрген 5 адам заңға бағынбағаны үшін бас бос­тан­дығынан айыру жазасына тартылды, – деді Жанбота Сайпілмүлік.

Республикадағы ең ірі мегополисте басқа қалалармен салыстырғанда пробациялық қызметтің есебіне алынған сотталғандар санының үлес салмағы ба­сым. Пробация инспекторлары есеп­тегі сотталғандарды аптасына бір рет тұр­ғылықты жері бойынша мекенжай­ларына барып тексереді. Алматы секілді үлкен қаланы бақылау үшін қызметтік автокөлікпен қамтамасыз етудің маңызы зор. Бұл сотталғандарға дер кезінде ба­қылау жасауға көмектесетіні сөзсіз. Осы­ны ескерген Алматы қаласының әкімдігі Алматы қаласы бойынша Қылмыстық-ат­қару жүйесі департаментінің Про­бация­лық қызметіне жуырда 6 қызметтік көлік табыстады. Мұндай қолдау қаланы қылмыскерлерден тазалау, оларды уақы­тылы құрықтау ісінде маңызды рөл ат­қарады. 
Алматы  қаласы бойынша Қылмыс­тық-атқару жүйесі департаменті мен по­лиция бірлесе іске асырып жатқан жүйе­нің қалада жұмыс істей бастағ­а­ны­нан бері 5 ай уақыт өтті. Осы кезеңде про­бациялық бақылау тәртібін бұзған 50-ге жуық факт анықталып, аталған  жүйенің арқасында қала бойынша қай­таланатын қылмыстардың саны 20 пайыз­ға төмендеген. Қазір қала бойынша 70 мыңға жуық камера жұмыс істейді, со­ның ішінде 2 мыңнан астам камера «Таргетай» жүйесіне қосылған. Жылдың ая­ғына дейін тағы да осындай 10 мың ка­мера қою жоспарланып отыр. 
Алмалы аудандық Пробация қызме­ті­нің бақылауына алынған жандардың бірі – Катя. Ода бәрі бар еді. Ең бастысы алақанына салып аялаған ата-анасы оның болашағынан үлкен үміт күтетін. Отбасында жалғыз қыз болғандықтан бе­тінен қақпай өсірді, ештеңеден мұқ­таж­дық көрген жоқ. Бірақ Екетарина ата-анасының үкілеген үмітін, «осы қы­зымыз бойжетіп, ертең бізге сүйеу бола­ды» деген армандарын өз қолымен тұн­шықтырғанын терең зерделеген жоқ. Жеңіл ойдың ақыры оның тағдырына өмірі өшпестей дақ салды. Бірінші рет ұрлық жасап сотталған Катя кесікті мер­зімін өтеп бітпей жатып, тағы да ұрлық жа­сап ұсталды. Бұл жолы оның көзі «Ме­ломан» дүкенін аралап жүріп қымбат құ­лаққапқа түсті. Сатушылардың көзін ала бере жымқырып үлгерген құлақ­қап­тың құны –  86 мың теңгеден асады. 
Қазақстан Республикасының Қыл­мыс­тық кодексі 188 бабының 1-бөлімі бойын­ша 1 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасына сотталған Катя қазір Ал­маты қаласы бойынша Қылмыстық-ат­қару жүйесі департаменті Алмалы ау­дан­дық Пробация қызметінің бақы­лауы­на алынған.
Иә, сүрініп кетіп бүлінген тағдырын түзеу­ге Катяда әлі де мүмкіндік бар.  Про­ба­ция қызметкерлері оны тура жолға бағыттап, тәртіпке бағыну арқылы тағ­дырын түзеуге болатынын түсіндірді. Де­­­генмен Катя пробация мамандары сы­зып берген тура жолдан қалайда ауыт­қып кетуге бейім тұрды. Оның мінез-құлқын және екінші рет сотталғанын ескерген пробация қызметкерлері оған электронды білезік кигізіп, бақылауды қатаңдата түсті. Бұл оны дұрыс жолға ба­ғыттап, өмірден өз орнын табуына кө­мектессе екен дейміз. 

Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ
 

Тэгтер:

түзету мекемесі сотталғандар пробация түзету