Петербор мешітінің тарихы

27 маусым, 2025 / Túrkіstan International Political Weekly

Қай дәуірде де ел-жұртымен бірге тыныстап, біте қайнасып өмір сүрген ақын-жырау атаулы қоғам құбылысынан сырт қалмайтыны анық. Биыл туғанына 175 жыл толып отырған Сыр сүлейі Қарасақал Ерімбет (Көлдейбекұлы) шайырдың (1850-1911) шығармашылық мұрасына ден қойғалы оның ұлт бірлігін бәрінен жоғары қойған ақын екенін танып келемін. 

Заманында медреседе білім алып, Шы­ғыс поэзиясын терең меңгерген, араб-парсы тілдеріндегі шығармаларды еркін оқып түсіне беретін саңлақ шайыр­дың осыдан 119 жыл бұрын (1906 ж.) жа­зыл­­ған «Сөз тыңда, крайдағы мұсыл­ма­ным!» («Петербор мешітіне») атты үндеу жыры оның шығармашылығында орны бар тарихи шығарма дер едік.
ХVІІІ ғасырдың соңы мен ХІХ ғасыр­дың басында патшалық Ресейдің бода­нын­дағы елдердің мұсылман жұртының кәсіп-нә­сіп іздеген, білім мен өнер қуған өкілдері сол замандағы бас қалалар (қазір де ста­тусы сақталған): Санкт-Петербург (Петер­бор) мен Мәскеуге қоныс аударып, ірге тебе бастайды. 1803-1804 жылдары бес жүзден астам мұсылман әскери қызметшінің өті­ні­шіне орай, әскери ведомствоның тап­сырысымен аталған қалада болашақта са­лынатын мешіттің архитектуралық жо­ба­сы жасалады. Алайда ол жедел жүзеге ас­пайды. Азаматтық алған тұрғындар санағы бойынша 1869 жылы Петербордағы тұрақ­ты мекендеген мұсылмандар саны 1 700-ге жетеді. Ал 1881 жылы Нева жағасындағы қалада ахундар М.Юнусов және А.Баязитов бас болып, соборлық (үлкен) мешіт салу мә­се­лесін көтереді. Осы мақсатта аталған шаһарда салынатын еңселі мешіт құры­лы­сы үшін қайырымдылық жолмен қаржы жи­наумен айналысатын қоғамдық ұйым­ның Ережесі заңнамалық тұрғыда бекі­тіледі. 
Қаржы жинауда елден ерек татар қауым­дастығы белсенділік танытады. 1902 жыл­ғы мәлімет бойынша оның жиынтық со­масы 44 мың рубльді құрайды. Мешіт са­лынатын жер телімі қарастырылады. Ко­митеттің қызмет ауқымы кеңейіп, Бүкіл­ре­сейлік қайырымдылық компаниясына айналады. 1905 жылғы 17 сәуірдегі «Діни құл­шылық бостандығы туралы» және осы жыл­дың 17 қазанындағы «Бодандарға де­мократиялық азаматтық право беру тура­лы» Манифесі имандылық шарасының іл­герілей түсуіне игі әсерін тигізеді. Пе­тер­бург мұсылмандары қайырымдылық қо­ғамының құрылтайшысы қатарын 1-гильді көпес Ш.Асадуллаев, ірі кәсіпорын ие­сі Г.Зейналабдин-Тагиев жұбайы Сонай ханым, қазақ сұлтаны ағайынды Уәлихановтар то­­лықтырады. Аталған қоғамның ұсыны­сы­мен жергілікті билік ораза және құрбан айт мейрамын тойлауға арнайы ғимараттар бөледі. Үкімет бірінші орыс революциясы жылдарында (1905-1907) Санкт-Петербург мұ­сылмандарының. 1905 жылы 28 ма­мырда қалада еңселі мешіт құрылысын бастау жөніндегі ұсынысын сол жылы 5 қара­шада қанағаттандырады. Ахун А.Баязи­тов мәлімдегендей, 1883 жылы қайы­рымдылық қорына 53 300 рубль түскен. Комитет мүшелері қатарында танымал тұл­ғалар: кавалерия генералы Г.Шыңғыс­хан, сарай кеңесшісі И.Уәлихан, капитан А.Сыртланов т.б. болған. Мәртебелі ағзам­ның 18.07.1906 жылғы Жарлығымен он жыл көлемінде Бүкілресей аумағы бойын­ша жиналған қаржы 750 мың рубльге жет­кен. Аталған комитеттің белсенділігі арқа­сын­да 1906 жылдың 1 мамыры мен 1907 жыл­дың 1 мамыры аралығында 103 035 рубль, 28 тиын жиналады.
Осы арада айта кететін бір жайт: Бұхар әмірі Сеид Абдул-Ахад хан (Ре­сей императорының вассалы) Пе­тер­борға сапармен барған кезінде астаналық та­тар­ларға қолдау білдіріп, аудинция ке­зін­де ислам мешітін салу мәселесін әл­де­неше рет көтереді. Өзі де сырт қалмай им­ператордың рұхсат етуімен жер те­лімінің бір бөлігін сатып алуға қаржы бө­леді. Іс ілгері жылжып, комитет 1907 жылы Кронверск даңғылы мен Конный шағын көшесі қиылысындағы екі жер теліміне ие болды.
Болашақ мешіт құрылысына Бүкілресей аумағы бойынша ерікті түрде қаржы жинау мүмкіндігі туғанда (1906-1916 жылдар ара­лығы) осы бір ізгілікті шараға кең-байтақ қазақ даласының Сыр бойындағы аузы дуа­лы, сөзі өтімді, ел арасында сыйлы жан­ның бірі Қарасақал Ерімбет шайыр да ықы­ластана үн қатады (айта кету керек, бұл істі қолдап, насихаттағандар қатарында Созақ өңірінен шыққан атақты ақын Шәді Жәңгіров те болды). Петербордағы тұңғыш мешітке ақшалай қаражат жинаумен ай­налысатын арнайы өкілдердің қолқалаған өтініш тілегі бойынша Қаратау мен Созақ бойын жайлаған Шәді төре Жәңгірұлы (1855-1933) мен Ерімбет ақын (ауқатты Бер­жан бай екеуінің атынан) қазақ пен қыр­ғыздың, татар мен ноғайдың малды, қалталы бай-бағыландарына, күллі мұсыл­ман қауымына арнап, көмек қолын созу үшін «Сөз тыңда, крайдағы мұсылманым!» атты Үндеу-жыр жазып, жазбаша және ауыз­­ша жер-жерге таратады. Бізге жеткен кей деректер бойынша «Петербордағы ме­шіт» аталатын жыр:
«Бисмилла, араб тілі – Хақтың хаты,
Назым сөз – мәжілісте көңіл шаты.
Абзал деп араб тілін айтқан кітап,
Түркінің парсыдан аз инабаты, – деп басталады да:
Ойланған жиырма бес жыл күллі ноғай,
«Бір мешіт Петербордан салсақ қалай?
Әуелі пұлын жинап алайық!» деп
Тоқтатқан мәслихатын осы араға-ай,
Елу мың пұл жинаған сонан бері. 
Пұлы аз, сұрамасқа жөн таба алмай,
Ресей Бұхарменен артық жақын,
Бір ой салды шаһбаздарға 
Алла тағала-ай», – 
деп алдымен қалыптасқан жағдаятты баян­даудан басталады. Одан әрі мұсылмандық­тың қырық парызының бірі – қайырым­дылықты қастер тұтатындардың санасына терең сіңіруді абзал санап: 
Қуанар бұл істе Құдайға шын құл,
Қуанбас діні пасық арамза ұл.
Петербор Орынбор мен Қазан емес,
Қуанар еркек түгіл, қатын да тұл, – деп дін мұсылман жұртын сауаптан құр қалмауға шақырады. Білдірер ойын, айтар сөзін:
Халқым-ай, қадірін білмесең бұл жұмыстың,
Сауапқа сан жетпестей жолықтырар.
Пұл керек Түркістаннан жүз алпыс мың,
«Зор, – деген, – осындайда өлімнен ар!»
«Өлімнен ұят күшті» деген болса,
Бұл – байлардың жұмысы екен дүние дер,
Баласы қырғыз, қазақ отыра алмассың,
Келді сөз сендер үшін құлақ салар, – деп сөз ұққан адамның ар-ұяты мен намысын оятатындай түйдек ойларды ортаға тастайды. Өрісте малы, сандықта пұлы барлардың жетесіне жеткізе түсейін деген пиғылмен:
Бұл жолы омырауыңды аш, қырғыз, қазақ,
«Малыңды шаш, – демеймін, – ұдайына».
Үстіңдегі сат жейдеңді, бер осыған,
Бір тиын таппағандар бір айына.
Себеп сол – шыдамаймын, жәрия-сауап,
Пұл берген шексіз береді Құдайына», – деп иман­дылық үйіне, онда да бір қиырдағы оры­сы көп, мұсылманы аз шәріде Құдайға құл­шылық ететін қасиетті мешіттің тез­де­тіп, кідіріссіз салынуына күш-қайрат қосу азаматтық парыз екенін кестелі тілмен, ұғынықты тәсілмен жеткізеді.
Басын ашып айтар бір жайт, шайыр ата­мыздың бұл Үндеу-жыры қазақ пен қыр­ғыз даласына қандай деңгейде тара­ды, оның түпнұсқа мәтіні сақталды ма, малды, қал­талы бай, манаптар ортақ қорға қан­ша­лықты үлес қосты деп туындайтын сауал­ға қолдағы деректің аздығынан жауап беруі­міз әзірге қиындау. Әйтсе де, күллі Ресей бойынша мешіт құрылысына деп халықтың қайырымдылық жолмен қосқан үлес сомасы 750 мың рубль құраса, осы қо­мақты қаржының ішінде қазақ пен қыр­ғыз мұсылман ағайындардың да қосқан үлесі қомақты деп есептейміз. Неге десеңіз, елде сөз­ге тоқтаған, халықтық істі қастер тұт­­қан ер-азаматтар қарасы көп болған. Ай­та­лық, шайыр өмір сүрген өлкенің бір ға­на Қазалы уезі орталығында атағы жер жар­ған үш ағайынды саудагер-көпес Хұ­сайы­нов­тың үлкені Ахметтің ықпалы Ақмешіт уезі­не де жетті. Ал інісі Ғанибай (Ғани Ға­лиұлы Хұсайынов) 1894 жылы өз қар­­жы­сына (20 мың рубль) Қазалы қала­сында ме­шіт салдырды (қазір де сақталған). Ал мыңғырған малды құдасы Көнек Қып­шақ­бай, туысы Бұланбай, Жанкүшік, Жо­лай, Нұржан, отар-отар қойы бар Итбас, алты мың жылқы біткен Жетібас, алпыс атан­ды жү­гімен Орынборға айдаған Сыр­лыбайұлы Нұр­қожа, т.б. бар еді.
Сөз маржанын терген Ерімбет шайыр­­дың бүкіл халықтық істен қалыс әрі аянып қалмағаны сөз болып отыр­ған жырының өн-бойынан аңғары­лады. Тағы бір айтпағымыз, ел ішінде Ер­жан молда атанған Ерімбет атамыздың бас­тамасымен сонау 1879-1880 жылдары Қы­зылдың қиясында, Қуаңдарияның бойында ауқатты жандардың қолдауымен мешіт-мектептің бой көтергені (жергілікті маңыздағы тарихи ескерткіш санатында) көп­шілікке аян. Кейінгіге қалдырған асыл мұ­расы – поэзияның дені дерлік діни ағар­тушылық тақырыпқа құрылған. 
Енді оқырман тарапынан туындайтын «Петербордағы мұсылмандар мешітінің мұнан кейінгі тағдыры не болды екен?» де­ген сауалға жауап берген жөн шығар. 
Өркениетті елдің үрдісімен мешіт салуды қолға алған комитет 1907 жылы «Зод­чий» (№45) журналында архитектор­лар арасында мешіт ғимараты мен оның безендірілуі жобасына әжептәуір сыйақы белгілеп, байқау жариялайды. Нәтижесінде, инженер С.Кричинский, суретші-архитек­тор Н.Васильев және құрылыс барысын ба­­­­­қы­лаушы, архитектура академигі А.И.фон Гогеннің сызба еңбегі жоғары баға­ланады. Үшқабатты мешіттің бумен жылуы, ауа желдеткіші, электр жарығы ескеріледі. Ғимараттың қасбеті мен ішкі бөлмелерін безендіруде суретші Л.Максимованың сызбасы басшылыққа алынады. Ол бұл үшін Самарқанға арнайылап барып, Шах-Зинденің мавзолейі мен Гур-Эмирдің (ХV ғ.) мешітіндегі өрнектер көшірмесі сыз­басын алады. Күмбезді мешіттің сыртқы қабыр­ғасы мен ішкі бөлмелері қасиетті Құран сүресінің аятынан алынған тағылымды сөз­дермен кестеленеді. Соның бірі – есік ара­лығындағы ойық орынға тігінен арабша жазылған мәтіннің біріндегі ұғым: «Алла, одан басқа Құдай жоқ! Ол Хай (мәңгі тірі), Қайиум (еш нәрсеге арқа сүйемей күллі болмысты бір өзі ұстап, меңгеріп тұрушы). Ол әсте қалғымайды. Оны (ғапылдық та), ұйқы да баспайды. Күллі аспан әлеміндегі һәм жердегі барлық нәрсе бір Өзіне тиесілі. Оның дәргейінде рұхсатсыз біреу үшін ша­пағат етіп, ара түсе алатын кім бар? Ол күл­лі жаратылыстың алдындағы бола­ша­ғын да, артындағы өткенін де толық әрі жақ­сы біледі. Ол – Али (бәрінен биік, ас­қақ), Азим (бәрінен ұлы, бәрінен зор) деген «Бахрам» сүресінің 255 аятын жазып, Алла­ның көркем сипатын аша түскен. 
Ізгілікті істе тоқтам болған ба? Бұхар әмірінің таққа отыруының 25 жылдығына орай­ластырып 1910 жылдың 10 ақпанында болашақ мешіттің іргетасы салтанатты жағдайда қаланады. (1909 жылы шұңқыры қа­зылып, «төменгі» циклдың жұмысы атқа­рылған еді). Қабырға кірпішін қалауға,  мәтіндік күміс тақтайша қалдыруға аса мәр­тебелі Бұхар әмірі, түрік елшісі Тұрхан па­ша, парсы өкілі Али-Гулихан, Орынбор муф­тийі М.Сұлтанов, мемлекеттік Думаның мұ­сылман фракциясы мүшелері, Ресейдің сыртқы істер министрі Сазанов, профессор Белелюбский, т.б. қатысады. Зәулім мешіт (ішкі әрлендіруі аяқталмаса да) 1913 жылы 22 ақпанда елді билеген Романовтар әуле­тінің 300 жылдық мерекесі құрметіне сал­та­натты жағдайда ашылады. Оған Бұхар әмірі Сеид-Мир-Алим хан (марқұм Сейіт Аб­дул-Ахад ханның ұлы) Петерборға ар­найы келген Хиуа ханы Сейіт-Асфендиар-Баһадүр қатысады. Бірақ бірінші дүние­жүзілік соғыстың (1914 ж.) басталу сал­дарынан қаржы құю күрт азаяды да, мешіт құрылысы толықтай аяқталмай қалады. Одан соң ұзамай Совет өкіметі орнағаны белгілі...
1920 жылдың 30 сәуірінде мешіттің құрылыс және әрлендіру жұмысы толықтай аяқталады. Аула төңірегі шойын шарбақпен қоршалады. 1921 жылдың 20 тамызында заңды тіркеледі. Алайда 1930 жылдары «Құдайшылдарға қарсы күрес» қоғамдық ұйымының күшеюінен соң мешіттің жертөлесі алдымен картоп, кейінде көкөніс сақтайтын қоймаға айналады. Тіпті, оны айтасыз, 1940 жылдың 10 шілдесінде Лен­гор­советі «Мұсылман мешітін жабу туралы» қаулы қабылдайды. Соғыстың алдында, 1941 жылдың мамырында мешіттің құнды дүниелері акт арқылы СССР ҒА дін тарихы Музейіне өткізіледі, ғимараты Ленинград қа­лалық денсаулық сақтау бөлімінің ме­дициналық жабдықтар қоймасына беріледі. Осындай қиындыққа қарамастан дініне берік мұсылмандар діни рәсімін Волковс­кий даңғылындағы мұсылман бейітінде жал­ғастырады. Олардың саны жұма күн­дері 400-500 адамға, Ораза мен Құрбан айт­та бес мыңға дейін жетеді. Соғыс аяқ­талғасын 1954 жылдан жылымық желінің есуінен соң тұрғылықты мұсылмандардың сұрауы, ислам мемлекеттері басшыларының ықпал етуі арқасында Одақтың Министр­лер Советінің 1955 жылғы 12 желтоқсан­дағы қаулысымен мешіт ғимараты дін ұстан­ған жамағатқа түпкілікті беріледі. Ал­ға­шқы намаз 1956 жылы қаңтардың 18 күні оқылады. Жыл соңына қарай (қазан, 1956 ж.) Ленинградқа мұсылман мемлекеті үкі­мет делегациясы, оның алғашқысы бо­лып Индонезия президенті Сукарно ме­шітке келеді. Міне, содан бері Нева жа­ға­сындағы мұсылмандардың құлшылық үйі күні бүгінге дейін өзінің жұмысын тоқ­тат­қан жоқ.
«Пейілге қарай – қарекет» дейді ата­ларымыз. Атамыздың осыдан жүз он тоғыз жыл бұрын (2026 жылы 120 жыл толады) қағазға түсіріліп, жазылған «Сөз тыңда, крайдағы мұсылманым!» үндеу-жырына ден қойғанда қос автор: Ә.Оспанов құрас­тырған «Сырдария кітапханасы» серия­сы­мен жарық көрген «Ұлағат сөзім ұрпаққа» (А.«Фолиант» 2009 ж. 90-102 бет) және С.Қожағұловтың топтастыруымен шыққан «Нұс­қалы сөздің кестесі» (А. «Мұсылман», 2013 ж. 84-98 бет) кітабында аталған жыр­дың мәтінінде айтарлықтай айырмашылық бар. Бірізділік сақталмаған. Болашақта Ерімбет шайырдың жыр жинағы әдебиетші ғалымдардың көмегімен Академиялық үлгіде жарық көретін тұста мәселенің осы жа­ғына ерекше мән берген абзал. Қолға ал­ған ісімнен хабардар етейін деген мақ­сатпен Петербордағы мешіттің тақсыр има­мына 2025 жылы хат та жаздым. Жауа­бы әлі де кешігуде...  Хатта: «Достықта жоқ шекара» екенін айта отырып, егер де бұл жаз­бам мерзімді басылымда жарық көріп жат­са, газет санын арнайы поштамен жө­нелтетінімді де айттым.
Көп айтып, созбауды құп көріп, жазба соңын шайыр атамыздың аталған жырын­дағы: 
«Пұл жина олай болса мешіт үшін,
Исламда айтылған бес шыға ма естен?
Баласы қырғыз, қазақ оянсайшы,
Қамың ғой мен сөйлесем ерте-кештен», – деген түйін сөзімен аяқтағанды құп көрдім (Ерімбеттің «бес» отырғаны исламдағы бес парыз ғой. – Қ.Қ.). 
Орыс әдебиетінің классигі Л.Толс­той­дың 1890 жылы жазған «Өнер туралы» трактатында: «Суреткердің айтар ойы әрі жаңа, әрі маңызды болуы үшін су­рет­кердің адамгершілігі биік болуы керек, ол тек өзі үшін ғана ғұмыр кешпей, жалпы адамзаттың өміріне белсене араласып жү­руге тиіс», – деген екен. Бұл, әрине, тұлғалы суреткерлерге арналған сөз. Ендеше, терең­нен сөз маржанын теріп, ұрпағына асыл сөз мұрасын қалдырған Ерімбет шайыр да  сондай ірі тұлғалардың қатарында тұра­тын, ісімен де, сөзімен де ұлт қана емес, түр­кі әлемінің татулығына зор үлес қосқан қазақ перзенті деп білгеніміз әділетті бо­лар.

Қараша Қараман, 
ерімбеттанушы,
Алматы облысы

Тэгтер:

мешіт ерімбеттанушы тарихы Петербор