«Күй десе,ірке алмайсың бұ қазақты:
оқылмай намаз қапты, дұға қапты.
Кәрілер күй естілген үйге толып,
Жабықтан келін-кепшік сығалапты» деп Жұмекен ақын қазақтың күйге деген аңсарын бір шумаққа сыйдырыпты. Көнеден керуен тартқан, есте жоқ ескі заманнан бері қазақпен бірге жасасып келе жатқан күй өнері бүгінде халықтың асыл қазынасы. Кетбұқа мен Қорқыт, Тәттімбет пен Қазанғап, Есір, Ықылас, Қожеке, Сайдалы Сары Тоқа, Дина Нұрпейісова мен Аққыз, Нұрғиса Тілендиев сынды күні бүгінге дейін үзігі жалғасқан күйшілер ел руханиятына өшпес, өлмес мұра сыйлады. Сол мұраны ел көкірегінде жаңғыртып жүрген күйшілер де аз емес. Бұған жуырда өткен Астанадағы Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығы ұйымдастырған «Күйшілер шеруі» атты дәстүрлі өнер кешінде тағы бір рет куә болдық.
Иә, бұл кеш көрермендерді ерекше әсерге бөлеп, қазақ күй өнерінің биік рухын тағы бір мәрте паш етті. Шараның басты ерекшелігі – қазақ халқының дәстүрлі музыка мұрасын кеңінен қамтуында. Күй десе, әдетте домбыра ғана елестейтіні рас. Алайда «Күйшілер шеруі» бұл түсініктің аясын кеңейтіп, қобыз, сыбызғы, сазсырнай, жетіген, шаңқобыз сынды көнеден жеткен аспаптардың үнін сахнада жаңғыртты. Кеште Қазақстанның әр аймағындағы күй мектептерінің інжу-маржандары орындалып, күйдің шертпе және төкпе түрлері қатар ұсынылды. Бір сахнада бірнеше буын – күйді ұлықтап жүрген аға толқын мен талантты жастар тоғысып, күй өнерінің үзілмейтін алтын арқауын паш етті. Кештің жүргізушісі әрі идеялық жетекшісі – күйші, ұстаз, өнертанушы, К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Жанғали Жүзбай болды. Ол әр күйшіні көпшілікке жекелей таныстырып, әр күйдің тағдыры мен тарихына шолу жасады. Ол кер заманда атылып кеткен күйші Айдостың Сембегінің домбырасының көшірмесімен «Наз қосбасар» күйін шертті. Бұл – рухани сабақтастықтың тірі көрінісі еді. Кештің құрметті қонағы – Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Төлен Әбдік күй басын, Қазанғаптың «Кіші Қаратөс» күйімен бастап берді. «Күй – ұлттық сананың бір бөлігі. Шертпе мен төкпе күйдің үндесуі – тұтас ұлттық сананың белгісі. Қазақтың жанын түсіну үшін күй тыңдау керек», – деді жазушы.
Кештің басты ерекшелігі – бұрын-соңды сахнада орындалмаған күйлердің тұңғыш рет жұрт назарына ұсынылуы болды. Көп жыл бойы мұрағаттарда сақталып келген, нотаға түсіріліп қана қойылған төл туындылар алғаш рет сахнада жаңғырып, жаңа тыныс алды. Кеш барысында Тәттімбет, Қазанғап, Қожеке Назарұлы, Дина Нұрпейісова мен Аққыздың күйлері тың үлгіде ұсынылды. Шарада жетіген, саз сырнай, сыбызғы, шаңқобыз секілді көне аспаптардың үні сахнада ерекше жаңғырды. Әр күйші өз орындау стилімен дараланып, күйдің мазмұндық қабатын терең жеткізді.
Көне аспаптар күмбірі бөлімінде Мәдениет саласының үздігі Бауыржан Мұхаметбай халық күйі «Ертістің толқынын» сыбызғымен орындап берді. Күй өнерін қаламына арқау еткен жазушы Тәкен Әлімқұловтың «Сары сыбызғы» деген шығармасында сыбызғы туралы мынадай қайталанбас жауһар өрнек бар: «Дауыл соққанда сеңдей соқтығысып, ұлардай шулайтын шерлі қамыстан шыққан текті сыбызғы – сегіз қырлы, бір сырлы. Оның тілін түсінуге зейін керек. Орманның сусылын, бұлақтың сылдырын, көлдің күрсінуін титтей заттың өз бойына қалайша сіңдіргенін білетін пенде аз. Сайын сахараның сыбызғыша сыңсып тұратынын еститін құлақ одан да аз. Шіркін, сыбызғы-ай! Тырнаның тырауын менсінбей, аққудың әнін еншілеген сыбызғы-ай! Жылан шаққан, бүйі тиген адам тәуіптің таусылмас демінен, үзілмес ысқырығынан айықса, сыбызғының құдіреті одан да асып түседі» дейді. Міне, дәл осы хәлді Бауыржан Мұхаметбай шебер жеткізе білді. Ал «Қазақконцерт» әртісі Венера Табыс Т.Белгібайұлының «Ақарал» күйін жетігеннің жеті ішегімен сөйлетті. «Қазақконцерт» әртісі Нұрбану Жүртекина болса, Сүгірдің «Ыңғай төкпесін» саз сырнаймен төгілтсе, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші-композитор Әлқуат Қазақбай Қорқыт Атаның «Қоңыр» күйін қобызбен қоздатты.
Кешке Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Мұхаметжан Тілеуханов, Абылғазы Ахмадиев, Бақытжан Дүйсенғазинов сынды танымал тұлғалар қатысты. Мәдениет саласының үздіктері Болат Тәкішев, Жұмабек Қадырқұлов және Батырлан Әбенов сынды өнерпаздар өз өнерлерін паш етті. Мәдениет саласының үздігі Жұмабек Қадырқұлов кеште адай үлгісіндегі домбырамен Есірдің «Жалдықара» күйін, Рүстем Нұркенов үш ішекті домбырамен Абайдың «Тор жорға» күйін орындады. Кеште тартылған күйлер қатарында халық күйлерінен бастап аты аңызға айналған бабаларымыздың туындылары болды. Кетбұқа мен Қорқыт, Асан қайғының аруақты сарындары, Тәттімбет пен Қазанғаптың шертпе-төкпе күйлері, Есір, Ықылас, Қожеке, Сайдалы Сары Тоқа сынды күй алыптарының мұралары орындалды. Сонымен қатар Дина Нұрпейісова мен Аққыз (Мүгүлсім) Ахметқызы, Нұрғиса Тілендиев, Қуат Шілдебаев сияқты ХХ ғасыр мен бүгінгі замандағы күйші-композиторлардың шығармалары да сахна төрінде жаңғырып, ұлттың музыкалық эволюциясын паш етті. Ардаби Мәулетұлы, Айтолқын Тоқтаған, Қайрат Айтбай сынды күйшілер де тарихты домбырамен сөйлетті. Әсіресе, көпшілікке күйші, Мәдениет саласының үздігі Динара Нұрбаеваның орындауындағы Мошан Жұманұлының «Көбелек күйі» ерекше ұнады. Салалы саусақтарымен еркелей күй тартқанда бейне бір домбыраның қос ішегіне кезек-кезек қонған көбелектің бейнесін көз алдымызға әкелді.
Қазақта тек күй ғана емес, сол күйді шертетін домбыраның да бірнеше түрі бар. Осы кеште кезінде аңызға айналған күйшілер ұстаған домбыралардың жаңғырған үлгілері сахна төрінен үн қатты. Қойдың ішегінен жасалған тарихи аспаптарды шеберлікпен қалпына келтірген – белгілі аспап жасаушы Бабыр Арғыновтың домбырасы да күйдің бояуын әрлей түсті.
Кештің құрметті қонағы – мемле-кет және қоғам қайраткері, ICTMD Дәстүрлі музыка және би бойынша халықаралық кеңестің елшісі Дүйсен Қасейінов болды. Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның ректоры, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысы болған жылдары ол ұлттық өнерді әлемге танытуға үлкен үлес қосқан еді. Кеш барысында ол күй құдіреті туралы тебірене сөйлеп, орындаушыларға жылы лебізін білдіріп, арнайы сый-сияпаттар табыстады.
«Қазақтың жаны – қара домбыраның күмбірлі үнінде. Қоңыр даласын сырлы да тылсым әуезімен тербеткен дәулескер күйшілердің рухани мол мұрасын тыңдаған сайын жанымыз тебіренетіні сондықтан. Ұлттық күйлерімізде тарихымыздың барлық кезеңі сақтаулы. Мұң мен қайғысы да, қуанышы мен жұбанышы да күй тілінде жазылып, елден елге тараған. Сол үшін дәстүрлі күйлерімізді саф күйінде сақтап жүрген өнерпаздарды рухани әлемнің елшісі десек қателеспеспіз. Әр буын өкілі сап түзеп, әр өңірдің өлмес күйлерін бебеулеткен өздеріңізді көріп, қатты толқып отырмын. Алтайдан Атырауға, Қаратаудан Алатауға, Сарыарқадан Сыр бойына дейінгі Ұлы дала көз алдымнан тізбектеліп өтті. Қорқыт, Кетбұға бастаған, Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Сүгір, Дина, Ықылас секілді ұлылар қоштаған күйшілердің керуені санамда жаңғырды. Көрермені мен тыңдарманына сондай ерекше әсер сыйлаған өздеріңізге зор алғыс айтамын. Сіздер, осындағы барша күйшілер, қандай қошеметке болса да лайықсыздар», деген ол мұндай рухани кештер тек Астанада ғана емес, көптеген облыста жалғасын тапса құптарлық іс болар еді деген ойын да жеткізді.
«Консерватория ректоры болған жылдары киелі өнердің үзілмеуі үшін ұлы даланың төрт құбыласынан дәстүрлі күйшілерімізді оқу ордасына шақыртып, айлап сабақ беруін қолға алған едік. Генерал Асқаров, Бахыт Басығараев, Мағауия Хамзин, Сержан Шәкіратов, Рысбай Ғабдиев, Төлеген Момбеков сынды дала профессорлары, күй өнерінің ардагерлері қарашаңырақ консерваторияда шеберлік сағаттарын өткізді. Дәл сол уақытта қарт күйшілердің бағасын білмесек, бүгінгі күні дәстүрлі күйдің қай деңгейде болатынын болжау қиын болар еді. Ал қазір көнекөз қарияларымыздың алдын көрген көптеген күйшіміз солардың ізбасарына айналды. Ардақты ағайын, Күйдің қадірін – өз қадірім деп түсінген қадірменді тыңдарманы бар өнердің болашағы жарқын болатынына кәміл сенемін! Күйшілер шеруі құтты болсын!», – деді ол.
Бұл кеш жай ғана концерт емес, қазақ күйінің тереңдігін, өміршеңдігін, көркемдігін көрсеткен тағылымды рухани оқиға болды. Көрермен қауым сүйсініс, күйініш, тарығыс, үміт, наз, нала сынды барлық сезімдерді қатар кешті. Осы ретте жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Батпан-батпан байлық тек жер көкірегінде ғана емес, ел көкірегінде де тұнып тұр. Сүйінерге жарайтын жақсы мен жайсаң тек жер астында жатқан жоқ, жер үстінде де жүр», деген сөзі еске түседі. Жаратқан ие қазақты жер астындағы мен жер үстіндегі байлығынан айырмасын дейік.
Наурызбек Сарша