НАТО-ның жаңа бағыты: құжаттағы бірлік және қайшылық

Бүгін, 13:15 / Ділда УӘЛИБЕК
сурет: REUTERS

Осы аптада, сәрсенбі күні Вашингтонда өткен НАТО саммиті қауіпсіздік архитектурасының жаңа кезеңін айқындады. Қорғаныс шығындарын 5 пайызға жеткізу шешімі тарихи бетбұрыс болса, Украина мәселесіндегі үнсіздік геосаяси бағыттың өзгергенін аңғартты.

Қаржы – жаңа қауіпсіздік тілі

Саммиттің басты нәтижесі 32 мүше елдің 2035 жылға дейін қорғанысқа ЖІӨ-нің 5 пайызын бөлуге келіскені бол­ды. Оның 3,5 пайызы – негізгі әске­ри қажеттіліктерге, ал 1,5 пайызы жал­пы қауіпсіздікке жұмсалмақ. Бұл тек әскер немесе техника емес, киберқауіп­сіздік, инфрақұрылымның тұрақты­лы­ғы, азаматтық және әскери әріптестіктің жаңа формалары.
Саяси тұрғыда бұл шешім Еуропа ел­­дерінің өз қауіпсіздігі үшін бұрын­ғы­дан әлдеқайда көбірек жауапкершілік алу­ға дайын екенін білдіретін дек­ла­ра­ция. Алайда бұл – біртұтас консенсус емес, көпвекторлы стратегиялық мәлім­де­ме.

Трамптың ескертуі мен 5-бап төңірегіндегі дау

Трамп Еуропалық одақтастардың өз қауіпсіздігіне жеткілікті қаражат бөл­мей­тінін қайта-қайта сынға алып ке­леді. Тіпті, кейбір елдер қорғанысқа аз қаржы жұмсайтын болса, АҚШ олардың шабуылға ұшырағанында көмек бермеуі мүмкін деген ой тастады.
Бұл НАТО-ның ең басты қағидасына, 5-бапқа, яғни бір елге шабуыл – бар­лы­ғына шабуыл деген ұстанымға нұқсан кел­тіруі мүмкін. Дегенмен саммит дек­ларациясында 32 ел де бұл бапқа «қат­ты берілгенін» қайталап жазды.
Алайда осы жетістікке күмәнмен қараушылар да бар. Испания, Словакия және Бельгия секілді елдер бұл 5 пайыз­дық межені міндетті емес, ұсынымдық нұсқа ретінде қабылдап отыр. Тіпті, қор­ғаныс әлеуетін төмен шығынмен де күшейте аламыз деген уәж айтады.
Мұндай көзқарас НАТО-ның ішкі бірлігі мен ортақ стратегиялық мақ­саттарына әсер етуі мүмкін. Қазіргі гео­­саяси жағдайда қауіп-қатер ұжым­дық сипат алғанымен, оны шешу жол­да­ры әр елдің ішкі саяси күн тәртібіне тәуелді болып отыр.
Әрине, саммит қорытындысында бұл бапқа «мызғымас адалдық» рас­тал­ды. Дегенмен АҚШ саяси элита­сы­ның ішін­де оқшау пікірлердің күшеюі бо­ла­шақта Альянстың бірлігін сынға салуы мүмкін.

Ортақ мақсат орнынан ығысып бара ма?

Вашингтондағы саммит НАТО-ның алдағы бағытын айқындап берді. Бір жа­ғынан, қорғанысқа бөлінетін қаржы кө­лемі одақтың тарихи трансфор­ма­ция­сын білдірсе, екінші жағынан, ор­тақ саяси мақсаттардың әлсіреуін де көр­сететін сияқты.
Украина мәселесінде ұйым оның тәуелсіздігі мен қауіпсіздігін қолдай­ты­нын ресми түрде мәлімдесе де, нақты әрекеттерден гөрі, дипломатия тілі мен декларациялар басым.
Саяси шешімдер мен нақты саясат арасындағы алшақтық бары байқалады. Қазірдің өзінде «қауіпсіздікке көбірек қаржы бөлу» формуласы «қауіпсіздікке біртұтас көзқарас» формуласының ор­нын баса бастаған. 

Тэгтер:

Құжат бірлік НАТО қайшылық