3-сессия: Мәжіліс 90 заң қабылдап, 461 сауал жолдады

Бүгін, 13:00 / Ділда УӘЛИБЕК

«Электронды сауда декларациясы» атты жаңа кедендік құжат пайда болып, жаңа декларациялау тәртібі күшіне енеді. Осы аптадағы Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексіне өзгерістер енгізу туралы Хаттаманы ратификациялады. 

Бұдан бөлек, Мәжіліс жаңа Салық ко­дек­сі мен салық салуға қатысты заңдарға Сенат енгізген өзгерістерді мақұлдады. 
Отырыс аяғында Мәжіліс Төрағасы Ер­лан Қошанов VIII шақырылымның үшін­ші сессиясын қорытындылап, келесі сес­сия­да қаралатын маңызды заң жобаларына тоқталды.

Заңда электронды саудаға басқа мәртебе берілмек

Осы аптада Мәжілістің пленарлық оты­ры­сында депутаттар Еуразиялық эко­но­ми­ка­лық одақтың Кеден кодексіне өзгерістер ен­гізу туралы Хаттаманы ратифи­ка­ция­ла­ды. Құжатты депутаттарға Ұлттық эко­но­ми­ка министрі – Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин таныс­тырды.
Министрдің айтуынша, өзгерістер шең­берінде кеден саласында электронды сауда операторы атты жаңа құқықтық институт құ­рылмақ. Бұл оператор шетелдік ин­тер­нет-дүкендерден тапсырыс берген жеке тұлғаларға арналған тауарлардың логисти­ка­сына жағдай жасап, интернет-плат­фор­ма­лар мен кеден органдарымен өзара бай­­ланыс орнатады.
– Электронды сауда операторы кеден­дік декларациялау мен қоймалау үдеріс­те­рін де жүргізеді. Бұл – цифрлық сауда на­ры­ғы үшін маңызды қадам, – деді Жұманғарин.
Жұмыс тобының жетекшісі Әділ Жұба­нов атап өткендей, енді ЕАЭО-ға мүше емес елдерден пошта арқылы келетін интернет-сатылым тауарлары жеке пайдалануға ар­налған бұйымдар қатарынан шығарылып, «электронды сауда тауарлары» деген бөлек санатқа енгізіледі.

Жаңа декларациялау тәртібі күшіне енеді

Осыған орай «электронды сауда дек­ла­рациясы» атты жаңа кеден құжаты пайда бо­лады. Бұл талап шетелдің интернет дү­кендерінен сатып алынған барлық тауарға қойылатын болады. Бұған дейін тек құны 200 еуродан немесе салмағы 31 келіден ас­қан тауарлар ғана декларацияланатын.
Талқы кезінде депутаттар электронды сау­да операторларын тіркеу тетігіне қа­тысты сұрақтар қойды. Бүгінде бұл қыз­метке «Қазпошта» мен DHL International Kazakhstan кірсе, алдағы уақытта басқа да ұйымдар қосылуы мүмкін.
Сондай-ақ депутаттар операторлардың жауап­кершілігі, контрабандамен күрес шаралары, маркетплейстердің тұтыну­шылар алдындағы міндеттері секілді өзекті мә­селелерге қатысты нақты сұрақтар қойды.

Салық кодексіне енгізілген өзгерістер мақұлданды

Бұдан бөлек, Мәжіліс Сенат енгізген жаңа Салық кодексі мен салық салуға қа­тыс­ты заңдарға өзгерістерді мақұлдады. Бұл ретте құқық қорғау органдары қыз­мет­­керлерінің әлеуметтік қорғалуы, тұр­ғын үймен қамту және құқықтық рет­теу­дегі артық нормаларды қысқарту да қам­тыл­ған.
Айта кетейік, Сенат Салық кодексіне 131 түзету енгізген. Оның ішінде 41 өз­ге­ріс кодекстің негізгі мазмұнына әсер ет­пей, қосымша нақтылаушы нормалар ре­тінде ұсынылып отыр.
Сондай-ақ 70 баптың мәтіні, өтпелі ере­желер мен заң күшіне ену мерзімдері нақ­тыланып, жетілдірілді. Ал 20 түзету са­лық әкімшілендіру тәртібін нақтылауға бағытталған. Ілеспе заң жобасына Сенат ен­гізген 35 түзету де негізінен техникалық жә­не нақтылаушы сипатқа ие. Бұл өзге­ріс­тер басқа заңнамалық актілермен, оның ішінде Сенаттың өзі енгізген өзгертулермен сәйкестікті қамтамасыз ету үшін қажет болды.
Айта кетерлігі, Сенаттың бұл түзету­ле­рі­нің ешбірі Салық кодексінің кон­цеп­туалдық бағытын өзгертпейді. Осыны не­гізге алған Мәжілістің тиісті комитеті тү­зетулермен келісіп, заң жобасын қа­былдауды ұсынды.

VIII шақырылымның үшінші сессиясы қорытындыланды

Отырыс аяғында Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов VIII шақырылымның үшін­ші сессиясын қорытындылап, Па­латаның нәтижелерін баяндады.
– Осы кезеңде 39 пленарлық отырыс өтіп, 249 мәселе қаралды, 90 заң қабыл­да­нып, 36 халықаралық келісім ратифи­ка­ция­ланды. Салық кодексі – ең қызу тал­қыланған құжаттардың бірі болды. Мем­ле­кет, азамат және бизнес мүддесін ескере оты­рып, теңгерімді, әділ және түсінікті құ­жат қабылдадық, – деді ол.
Қошанов балалар құқығын қорғау, «Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асыру, жаңа экономикалық саясат пен су ре­сурстарын басқаруға арналған Бюджет жә­не Су кодекстерінің қабылдануы туралы да айтты.

Әлеуметтік әділет – басты назарда

Мәжіліс Төрағасының қорытын­ды­сына сүйенсек, депутаттар ең алдымен қа­ра­пайым азаматтардың әлеуметтік жағ­дайына баса мән берді. Міндетті әлеуметтік ме­дициналық сақтандыру жүйесіне өз­герістер енгізіліп, сақтандырылмаған аза­маттардың да алғаш медициналық кө­мек сұрағанда тегін базалық қызмет алу құ­қығы сақталып қалды. 
Онкологиялық аурулардың алдын алу мақс­атында тегін медициналық көмектің ке­пілдік берілген көлеміне онкоскри­нинг­тер­ді енгізу ұсынылды. Сонымен қатар есту қабілеті нашар балаларды жергілікті бюджет есебінен есту аппараттарымен қамтамасыз ету жолы қарастырылды.
Балалар құқығы да депутаттардың ай­рықша назарында болды. Осы сессияда кәсіби отбасы институты заң жүзінде бе­кітілді. Енді қиын жағдайға тап болған ба­ла балалар үйіне емес, қамқоршы кәсіби от­басына берілмек. Сонымен қатар же­кеменшік мектептердегі оқушыларға ыс­тық тамақ беру мәселесі де шешімін тапты.
Президент бастамасымен құрылған «Ке­лешек» ерікті жинақтау жүйесі арқылы енді балалардың сапалы білім алуына қо­сымша жағдай жасалады. Одан бөлек, ха­лықаралық олимпиадалар мен ғылыми жа­рыстардың жеңімпаздары енді «Бо­ла­шақ» бағдарламасы бойынша конкурссыз білім гранттарына ие бола алады.

Қоғам қауіпсіздігі заңмен қорғалды

Қоғамдағы тұрақтылық пен азаматтар­дың қауіпсіздігін сақтау мақсатында да бір­қатар маңызды заңдар қабылданды. Қыз­меттік борышын өтеу кезінде қаза тап­қан 530 полиция қызметкерінің отба­сыларына ай сайынғы жәрдемақы та­ғайын­далды. Сонымен бірге, азаматтық қор­ғау және құқық қорғау органдары қыз­меткерлеріне тұрғын үй төлемдері қарас­тырылды.
«Заң мен тәртіп» қағидатын негізге ал­ған депутаттар интернеттегі алаяқ­тық­пен күрес аясында «дропперлерге» қа­тыс­ты жазаны күшейтті. Мәжбүрлеп некеге тұр­ғызу үшін де қылмыстық жауап­кер­ші­лік белгіленіп, адамның бет-әлпетін тану­ға кедергі келтіретін киімдерге тыйым са­лынды.
Сонымен қатар заңнама ізгілікке де не­гізделді. Есірткіге қатысты қылмыстар бойынша алғаш рет сүрініп, қателікке жол берген жас азаматтарға қатысты 3 мыңнан астам іс қайта қаралды. Бұл – Мемлекет бас­шысының Ұлттық құрылтайда берген тап­сырмасына байланысты жүзеге асып жатқан жұмыстың бірі.

Тағы бір мүмкіндік

Конституцияның 30 жылдығына орай Парламент депутаттары Рақымшылық жа­сау туралы заң қабылдады. Құжатқа жа­қында ғана Президент қол қойды. Бұл заң­ның арқасында 15 мың азаматтың жа­за мерзімі қысқартылып, 2 мыңға жуық адам бостандыққа шығады. 

Жоғары аудиторлық палата төрағасы екі рет есеп берді

Осы сессияда қабылданған маңызды құ­жаттың бірі – жаңа Бюджет кодексі. Ол бюд­­жеттік рәсімдерді айтарлықтай жеңіл­де­тіп, қабылдау уақытын екі есеге қыс­қарт­ты. Ұлттық қорды басқару стра­те­гия­сы қайта қаралып, өңірлердің қаржылық дер­бестігі артты. Бюджет процесіне қаты­су­шылардың Парламент алдында есеп беруі күшейтілді.
Салық кодексі де қызу талқыланған та­­қырыптардың бірі болды. Депутаттар ха­­лық пен кәсіпкерге түсетін салықтық ауырт­палықты арттырмай, мемлекет кірі­сін оңтайлы реттеуді басты мақсат етті. Ашық қоғамдық пікірталастардың нәти­же­­сінде әділ, тұрақты және түсінікті жаңа Са­лық кодексі қабылданды.
Депутаттар еліміз үшін аса өзекті мә­селе – су ресурстарын басқару саласында да маңызды шешім қабылдады. Қабыл­дан­ған жаңа Су кодексі суды үнемдеу мә­де­ние­тін қалыптастыруға, оны ұқыпты пай­далануға бастама болмақ.
Геосаяси жағдай ушығып тұрған ке­зең­де Қазақстан сыртқы саясатта байыпты жә­не бейбіт ұстанымынан таймайды. Осы ба­ғытта 36 халықаралық келісім мен шарт ра­тификацияланды.
Сондай-ақ Жоғары аудиторлық палата тө­рағасының есебі екі рет тыңдалып, ауыл шаруашылығындағы субсидиялар мен дәрі-дәрмек салаларына қатысты нақты ұсыныстар айтылды. Бұл депутаттардың бақылауындағы бағыттардың бірі болып қала береді.

461 депутаттық сауал жолданды

Осы сессияда депутаттар қоғамды ма­залаған мәселелерді күн тәртібіне шы­ғару­дың нақты тетігі ретінде депутаттық сауал­ды белсенді қолданды. Мемлекеттік ор­гандар мен олардың басшылары атына 461 депутаттық сауал жолданып, халықты тол­ғандырған ең өзекті сұрақтар кө­терілді.
Әрине, депутаттық сауал – тек ресми сұ­рау салу емес, ол – елмен тікелей диалог орнатудың маңызды жолы. Бұл бағыттағы жұмыс тек Астанада ғана емес, өңірлердегі кездесулер кезінде де жалғасын тапты. Депутаттар сайлаушылардан түскен нақ­ты мәселелерді Үкіметке жеткізіп, жауа­бын тыңдады. Үкімет сағаттарында, ко­ми­тет отырыстарында және партия фрак­­­­цияларының алаңдарында бұл ұсыныстар жан-жақты талқыланды.

Ашық Парламент – халыққа жақын Парламент

Заң шығару процесінің ашықтығы – Мә­жіліс жұмысының басты қағидатының бірі. Бұл сессияда да депутаттар азамат­тар­мен, сарапшылармен тығыз байла­ныс­та жұмыс істеді. Жұмыс топтарына қо­ғам­дық ұйымдар мен сараптамалық құ­ры­лымдар кеңінен тартылды. Мәжіліс жа­ны­нан құрылған Қоғамдық палата өз әлеуе­тін дәлелдеп, маңызды сараптамалық ұсы­­­­­нымдарымен көзге түсті.
«Инклюзивті Парламент» тобы мү­ге­дектігі бар азаматтардың мәселесін заң дең­гейінде шешуге күш салып келеді. Бұ­дан бөлек халықпен кері байланыстың нақ­ты көрінісі ретінде қоғамдық қабыл­дау­лар ұйымдастырылып, депутаттар 2 мың­нан астам азаматты қабылдады. Енді бұл жұмыс мемлекеттік органдармен бір­ле­сіп жүзеге асырылып, халықтың арыз-ша­ғымына жедел жауап беру мүмкіндігі артты.
Айта кету керек, биыл Қазақстан Түр­кі­тілдес мемлекеттердің Парламенттік Ас­самблеясына төрағалық етеді. Бұл елі­міздің түркі интеграциясы бағытындағы көш­басшылығын және парламенттік дип­ломатияның рөлін тағы бір мәрте ай­қындай түсті.

Келесі сессияда қандай заңдар қаралады?

Спикер келесі сессияда қаралатын маңыз­ды заң жобаларын да атады. Олар­дың қатарында Құрылыс кодексі, құқық бұзудың алдын алу, тұтынушы құқығын қорғау, банк және қаржы саласына қатыс­ты заңдар бар.
Сондай-ақ отырыста Мәжілістің сала­лық комитеттері нотариат қызметі, ТМД елдерінде радиоактивті материалдарды шекара асыра тасымалдау келісімін рати­фи­кациялау және бағалау қызметіне қа­тыс­ты заң жобаларын талқылауға алды.

Тэгтер:

депутаттар Заң Мәжіліс сауал Сессия