Астанада Sergek дрондары сынақтан өтіп жатыр. Бұл туралы Sergek Group компаниясының баспасөз қызметі мәлімдеді.
Ақпаратта айтылғандай, Sergek жүйесімен интеграцияланған дрондарды қолдану нақты уақыт режимінде жол ережесін бұзғандарды, алимент төлемегендер мен борышкерлерді анықтауға, ақпаратты полиция планшетіне жылдам жеткізуге және сол арқылы құқық қорғау органдарының жұмыс тиімділігін арттыруға жол ашады.
Біздің мақсат — жолдағы қауіпсіздік. Интеллектуалды бейнебақылау жүйесімен жабдықталған дрондар нақты уақытта заң бұзушылықты тіркеп, ережені бұзған көлікті табуға және мәліметті жедел патруль қызметіне жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл тек жедел әрекет ету ғана емес, жол апаты санын азайтып, жолдағы тәртіпті күшейтуге ықпал ететін шешім, — деді Ішкі істер министрлігі ақпараттандыру және байланыс департаментінің бастығы, полиция полковнигі Сергей Варго.
Сынақ аясында Sergek Group әзірлеушілері Ішкі істер министрлігі және «Қазтелеком» АҚ өкілдерімен бірлесе отырып, дрондарды әртүрлі бағытта сынайды. Атап айтқанда, патрульдеу форматынан бастап нақты бағытталған іздестіруге дейін. Егер нәтижелер оң болса, аталған жоба басқа өңірлерге де кеңейтілуі мүмкін.