Қызылордада ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері Сырдария өзеніне батып бара жатқан ер адамды құтқарып қалды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оқиға кешкі уақытта өзен жағасында орын алған. Ер адам су жиегімен жүріп келе жатып, тайып кетіп, өзенге құлап кеткен. Күшті ағыс оның жағаға шығуына мүмкіндік бермеген.
Осы сәтте сол маңда 5547 әскери бөлімінің әскери қызметшілері — сержант Мұрат Түсекеев пен кіші сержант Жамбыл Тансықбай жүрген. Олар көмек сұраған дауысты естіп, бірден көмекке ұмтылған.
«Біз өзен жағасында серуендеп жүргенбіз, сол кезде: «Құтқарыңдар!» деген дауысты естідік. Оқиға орнына жүгіріп барғанда, өзеннің қатты ағысы ер адамды алып бара жатқанын көрдік. Ол өз бетімен шыға алмай жатты. Мурат арқанға жүгіріп барып келді, сол арқанның көмегімен біз оны судан шығарып алдық», – деді кіші сержант Жамбыл Тансықбай.
Құтқарылған азамат сарбаздарға шын жүректен алғысын білдіріп, олардың кәсібилігі мен батылдығын атап өтті.