Жыл соңына дейін барлық жолаушы пойызына видеокамера орнатылады

26 маусым, 2025 / Алуа Арман
ҚТЖ

«Жолаушылар тасымалы» АҚ 2025 жылдың соңына дейін барлық 112 бағытта бейнебақылау және видеоаналитика жүйелерін орнатады. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ пойыздарға заманауи бейнебақылау және видеоаналитика жүйелерін енгізуде. Бұл жүйелер қауіпсіздікті, жайлылықты арттыруға және жол үстінде жедел әрекет етуге бағытталған. Қазіргі уақытта пойыздарға 4000 камера орнатылған», – делінген хабарламада.

Бейнежазбалар жағдайлық орталықтағы экрандар арқылы қаралып, мамандар жағдайды жедел бақылап, стандартты емес оқиғаларды талдайды.

Орнатылған камералардың арқасында пойыздардағы құқықбұзушылықтар деңгейі 2024 жылмен салыстырғанда 21%-ға азайған, шағымдар саны 32%-ға төмендеген, ал ұмыт қалған заттардың 91%-ы иелеріне қайтарылған.

Барлық жаңа жолаушылар вагондары енді бейнебақылау жүйесімен жабдықталған күйде қабылдануда.

Тэгтер:

Пойыз ҚТЖ жолаушылар пойызы