"Сырым" ветеринариялық бақылау-өткізу пунктінде ҚР ҰҚК Шекара қызметінің қызметкерлерімен бірлескен тексеру барысында Ресей Федерациясының Белгород облысынан Қазақстан Республикасының Алматы қаласына бағытталған DAF маркалы жүк көлігі тоқтатылды, деп хабарлады turkystan.kz.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпаратына сүйенсек, тексеру нәтижесінде, 5 тонна шошқа еті ветеринариялық ілеспе құжаттарсыз заңсыз тасымалданғаны анықталды.
Ветеринариялық-санитариялық заңнама талаптарының бұзылуына байланысты жүк көлігі кері қайтарылды. Ал жүргізушіге қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 406-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
"Бүгінгі күні Батыс Қазақстан облысы аумағындағы ветеринариялық бақылау пункттерінде 129 құқықбұзушылық тіркелді. 129 автокөлік ел аумағынан шығарылып, 76 тұлғаға әкімшілік хаттамалар толтырылды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 6 448 480 теңгені құрады",- делінген ақпаратта.