Астана қаласының тұрғыны интернет арқылы жабайы бөлтірікті 400 мың теңгеге сатпақ болды. Табиғатты қорғау полициясы дер кезінде әрекет етіп, заңсыз сауданың жолын кесті, деп хабарлады turkystan.kz.
Астана қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, интернет-платформалардың бірін мониторингтеу кезінде қасқырдың бөлтірігін сату туралы хабарландыру жарияланғаны анықталған. Жыртқыш жануардың бағасы 400 мың теңгеге бағаланған.
Полицейлер жедел шараларды қолға алып, хабарландыру иесінің кім екенін анықтап, "клиентпен" кездесу ұйымдастырған. Саудаласу кезінде жануарды сатпақ болған азамат ұсталды. Бөлтірік тәркіленіп, Астана қаласындағы мемлекеттік қорыққа уақытша орналастырылды.
Дала жыртқыштарын заңсыз ұстауға және сатуға тыйым салынған. Бұл әрекеттер үшін ҚР заңнамасына сәйкес әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Мұндай жануарлар үй жағдайына бейімделмеген. Олар ерекше күтімді талап етеді және адамдар үшін қауіпті болуы мүмкін. Сонымен қатар бұл – экожүйеге нұқсан келтіру, – делінген табиғатты қорғау полициясының хабарламасында.
Ұсталған азаматқа қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, ол аудандық полиция бөліміне жеткізілді. Тиісті сараптама мен тергеу жұмыстары жүргізілуде.