Башқұртстанның Месягутово ауылында зейнеткер ерлі-зайыптыны өлтірді деген күдікпен олардың 20 жастағы немересі ұсталды, деп хабарлады turkystan.kz сайты BAZA-ға сілтеме жасап.
76 жастағы ер адам мен 64 жастағы әйелі маусым айының басынан бері туыстарының қоңырауларына жауап бермей қойған. 7 маусым күні олардың бір туысы Месягутово ауылына барып, жағдайларын тексермек болған. Алайда ешкім есік ашпаған, ал телефондары өшірулі болған.
Туыстары полиция шақырған. Келген тәртіп сақшылары пәтердің терезесі ашық екенін байқаған. Терезе арқылы ішке кірген полицейлер зейнеткерлердің мәйітін тапты. Алдын ала мәлімет бойынша, екеуі де пышақ жарақатынан (мойын мен арқа тұсынан) қаза тапқан. Олардың өлгеніне шамамен үш күн болған. Сонымен қатар, зейнеткердің автокөлігі де жоғалып кеткені анықталған.
Көп ұзамай, жоғалған көлік Пермь өлкесіндегі Кунгур ауданынан, жол жиегіндегі кюветтен табылды.
Негізгі күдікті — ерлі-зайыптының 20 жастағы немересі, Денис Х. Белгілі болғандай, ол әскер қатарында қызмет етіп жүрген және 11 мамырда 5 аптаға демалысқа келген. Шамамен екі апта бойы іздеу салынған жігіт Пермь қаласынан ұсталды. Тергеу мәліметінше, ол қылмысын мойындаған.
Қазір оған қатысты «Адам өлтіру» бабымен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.