Бүгін Мәжіліс депутаттары үшінші сессия жұмысын ресми түрде аяқтады. Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов депутаттардың атқарған ісін саралап, қоғам үшін аса маңызды бағыттар бойынша жасалған жұмыстарға тоқталды.
Үшінші сессия аясында Мәжілістің 39 жалпы отырысы өтіп, 249 мәселе қаралды, 90 заң қабылданды. Бұл сандар сессияның белсенді әрі мазмұнды өткенін көрсетеді. Қошановтың айтуынша, Парламент жұмысы дүйсенбі, 30 маусымда қос палатаның бірлескен отырысында ресми түрде қорытындыланады.
Әлеуметтік әділеттілікке бастаған нақты қадамдар
Депутаттар ең алдымен халықтың әлеуметтік мәселелеріне басымдық берген. Атап айтқанда:
- Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне өзгерістер енгізілді. Енді сақтандырылмаған азаматтар да алғашқы жүгінген кезінде тегін базалық медициналық көмек ала алады;
- Онкоскринингтер Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне енгізілді;
- Құлағы нашар еститін балаларды жергілікті бюджет есебінен есту аппаратымен қамтамасыз ету мүмкіндігі қарастырылды;
- Кәсіби отбасы институты енгізіліп, балалар үйіне жіберілетін балалардың алдын алу көзделді;
- Жекеменшік мектептердегі оқушыларға ыстық тамақ беру мәселесі шешімін тапты;
- «Келешек» бірыңғай жинақтау жүйесі заңнамалық түрде бекітілді;
- Халықаралық олимпиадалар жеңімпаздарына «Болашақ» бағдарламасы бойынша грант алу жеңілдігі енгізілді.
Ішкі қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпке баса назар аударылды
Депутаттар қылмыстық және құқықтық реформа аясында да айтарлықтай жұмыс жүргізді:
- Интернет-алаяқтыққа қатысы бар «дропперлерге» қатысты қылмыстық жаза күшейтілді;
- Некеге мәжбүрлеу үшін жаза енгізілді;
- Бет-әлпетті жасыратын киімдерге тыйым салынды;
- Алғаш рет есірткі жасырған жастарға қатысты жеңілдетілген үкімдер қаралып, үш мыңнан астам іс қайта қаралуда;
- Асыраушысынан айырылған 530 полиция қызметкерінің отбасына ай сайынғы жәрдемақы төлеу бекітілді;
- Азаматтық қорғау органдарына тұрғын үй төлемдері қарастырылды.
Ірі реформалар: бюджет, салық, су және рақымшылық
Үшінші сессияда жаңа Бюджет кодексі, жаңа Салық кодексі, Су кодексі, сондай-ақ Рақымшылық туралы заң қабылданды.
- Бюджет рәсімдері едәуір жеңілдетіліп, екі есеге қысқарды;
- Салық кодексі халық пен кәсіпкерлерге түсінікті, әділ әрі тұрақты түрде қайта жазылды;
- Су саясаты бойынша үнемділік мәдениетіне басымдық берілді;
- Конституцияның 30 жылдығы аясында қабылданған рақымшылық заңы 15 мың азаматқа жеңілдік беріп, оның 2 мыңы бостандыққа шығады.
Парламент пен Үкімет: өзара байланыс пен бақылау
Сессия барысында 461 депутаттық сауал жолданып, халықты алаңдатқан мәселелер тікелей көтерілді. Депутаттар Үкімет сағаттарында және өңірлерде өткен кездесулерде нақты ұсыныстарын беріп, шешім қабылдануына ықпал етті. Сондай-ақ, Жоғары аудиторлық палата есебі тыңдалды. Ол ауыл шаруашылығына бөлінетін субсидиялар мен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелеріне арналды.
Халықпен кері байланыс, инклюзия және сыртқы саясат
Мәжіліс ашықтық пен жариялылықты ұстанып келеді. Қоғамдық палата, сарапшылар және азаматтық қоғам өкілдерімен тығыз байланыс сақталды. «Инклюзивті Парламент» тобы мүгедектігі бар азаматтардың мәселесін шешуге атсалысуда. 2 мыңнан астам азамат қоғамдық қабылдауларда тікелей қабылданып, олардың мәселесі мемлекеттік органдармен бірлесіп қаралды. 36 халықаралық келісім ратификацияланып, сыртқы саясаттағы бағыттарға да қолдау көрсетілді. Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясына Қазақстан төрағалық етуде.
Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов әріптестеріне атқарған нәтижелі еңбегі үшін алғыс айтып, бұқаралық ақпарат құралдарына қоғамға ашық қызмет көрсеткені үшін ризашылық білдірді.
«Баршаңызға ел игілігі жолындағы жауапты істе мықты денсаулық, толайым табыс тілеймін», – деп түйіндеді Қошанов.