23 маусымнан бастап елімізде «Заң мен Тәртіп» атты ақпараттық-түсіндіру апталығы басталды, деп хабарлады turkystan.kz сайты.
Республикалық деңгейде өткізіліп жатқан аталған іс-шара аясында прокуратура, полиция, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, қаржылық мониторинг органдары мен әкімдіктер бірлесіп, азаматтарды қабылдау ұйымдастырып жатыр. Қабылдаулар облыс және қала орталықтарындағы ірі сауда орталықтарында, ХҚКО-ларда өтіп жатыр.
Акцияның негізгі мақсаты – азаматтарға құқықтық кеңес беру, заңнаманы және мемлекеттік қызметтерді алу тәртібін түсіндіру, сондай-ақ жүйелі мәселелерді анықтау.
Апталықтың алғашқы екі күнінде құқық қорғау органдарының қызметкерлері 8 мыңға жуық азаматты қабылдады. Өтініштер әртүрлі тақырыптарды қамтыды: жер мәселелері, тұрғын үймен қамтамасыз ету, балалар қауіпсіздігі, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, әлеуметтік төлемдер және өзге де өзекті мәселелер.
Аталған акция – заң мен тәртіп қағидаттарын түсіндіру бағытындағы жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Мемлекет тек заң талап етуші ғана емес, сонымен қатар азаматтардың құқықтарын қорғауға көмектесетінін әрбір адам білуі маңызды.