Парламент жасанды интеллектті реттеу мәселесін күзде талқылайды

Бүгін, 12:30 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов депутат Екатерина Смышляеваның биылғы қыркүйекте жасанды интеллектті (ЖИ) құқықтық реттеу жөніндегі парламенттік тыңдау өткізу туралы бастамасын қолдады. Бұл ұсыныс депутаттың Премьер-Министр Олжас Бектеновке жолдаған ресми сауалы негізінде көтерілді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект саласын дамытуды елдің стратегиялық басымдығы ретінде атап көрсетіп, оның жедел өркендеуінің маңызын бірнеше рет мәлімдеген болатын.

Депутат Смышляева ЖИ-ды реттеудің мынадай кешенді шараларын ұсынды:

  1. Экономиканың әр секторы үшін цифрлық дайындық деңгейін міндетті түрде бағалау жүйесін енгізу, ЖИ технологияларын кең ауқымды қолдану алдында реттеушілік аудит жүргізу;
  2. ЖИ-ды дамыту тұжырымдамасының мәртебесін арттырып, оны мемлекеттік жоспарлау құжаттарына міндетті түрде енгізу;
  3. Салалық типтік регламенттерді халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сай әзірлеп, оларды ЖИ жөніндегі мамандандырылған комитет арқылы сараптамадан өткізу;
  4. ЖИ-мен байланысты құқықбұзушылықтарға арналған цифрлық криминалистика тәсілдерін жаңарту;
  5. ЖИ технологияларын сынақтан өткізу үшін реттеу құмсалғыштарын кеңінен пайдалану, пилоттық жобаларға заңдық қолдау көрсету;
  6. Цифрлық нормативтік-құқықтық актілердің машинооқылатын нұсқаларын енгізу және заңгер мамандардың ЖИ саласындағы құзыреттілігін арттыру.

Депутат Смышляеваның айтуынша, Мәжілістегі фракция үкіметпен бірлесіп, ЖИ саласындағы заңнаманы «тірі заң» қағидаты негізінде әзірлеуге дайын. Бұл тәсілде бизнес пен сарапшылар қауымдастығынан тұрақты кері байланыс қарастырылады.

Тэгтер:

жасанды интеллект күз парламент ЖИ реттеу