Астананың әкімшілік соты шикізат экспорттаумен айналысатын компанияның бұрынғы қызметкерін жауапқа тартты, деп хабарлайды turkystan.kz.
"ЖШС-тің бұрынғы қызметкері бола тұра, ол YouTube-арнасында компанияның ел аумағынан тыс жерлерге шығарылатын кен шикізаты мен оны қайта өңдеу өнімдерінің химиялық құрамын қолдан бұрмалау, сондай-ақ заңсыз қысқарту мен лауазымнан шеттету жөніндегі жалған мәліметтерді жариялаған", – делінген хабарламада.
Сот залында әйел өз кінәсін мойындамады, алайда сот оны жалған ақпарат таратқаны үшін кінәлі деп танып, 20 АЕК – 78 640 теңге көлемінде айыппұл салды.
Бұған дейін "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС-нің бұрынғы лаборанты Әділова компания құрамындағы бағалы және сирек кездесетін металдарды жасыра отырып, кен мен мыс концентратын химиялық талдаусыз экспорттап жатыр деп мәлімдегені хабарланған болатын.