Шымкентте кардиохирургтар қайтыс болған Тараз тұрғынының жүрегін мұғалім келіншекке салды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл — жүрек трансплантациясы бойынша үшінші операция.
Донорлық жүрек Тараз қаласынан бір жарым сағаттан аз уақыт ішінде жедел жеткізілді. Ал жүрегі ауыстырылған 41 жастағы келіншек Шымкент қаласының тұрғыны. Ол 2012 жылдан бері жүрек жеткіліксіздігінің ауыр түрімен ауырған.
«Донорлық органды алу, оны тасымалдау және операцияның өзі медициналық және этикалық стандарттарға толықтай сай жүргізілді», — деді министрлік.
Күрделі хирургиялық араласу Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен, жоғары білікті кардиохирург Дархан Сүйгенбаевтың жетекшілігімен, Тараз қаласынан келген әріптестер, UMC командасы және барлық қатысқан медицина қызметкерлерінің қатысуымен өтті. Олардың үйлесімді және кәсіби жұмысының арқасында операция сәтті аяқталды.