Солтүстік Қазақстанда ішімдіктен тағы бір ауыл бас тартты

Бүгін, 09:00 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

СҚО-да арақ-шараптан бас тартқан ауылдар саны көбейіп келеді. Солардың бірі – Есіл ауданына қарасты Еңбек елдімекені. Тұрғындар өз ауылын жайлы әрі қауіпсіз ету мақсатында осындай шешімге келген, деп хабарлады turkystan.kz сайты Almaty.tv-ға сілтеме жасап.

Еңбек ауылы – облыс көлемінде алкогольден ресми түрде бас тартқан он сегізінші елдімекен. Тұрғындар бұл игі бастаманы өзгелерге үлгі етіп, кеңінен насихаттауға ниетті. Прокуратура өкілдері мұндай тәжірибе қылмысты азайтып, ұрлық, түрлі жанжалды сап тыяды деп отыр.

«Баршаға белгілі, алкоголь жоқ жерде тәртіп бар. Ал тәртіп бар жерде заң күшейеді. Бұған мысал – Қарағай ауылы. Соңғы 3 жылда бірде-бір қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылық әрекеттер тіркелмеген. Прокуратура мұндай игі бастамаларды қолдайды. Сондай-ақ үлгілі ауылдар саны арта түсетініне сенеміз», - деді Есіл ауданының прокуроры Кенжебек Қожахметов.

Ащы судан бас тартқалы бері жергілікті кәсіпкерлер ауылды дамытуға үлес қосудың түрлі жолын қарастырып, игі бастамаларды жүзеге асыра бастаған. Қайырбек Қожасов жаңа бастауыш мектептің құрылысын қолға алыпты. Бұл балалардың өзге елдімекендерге қатынамай-ақ өз ауылында сапалы білім алуына мүмкіндік береді.

"Шағын 50 орындық бастауыш мектеп салып жатырмыз. Ішінде спорт залы, 4 сыныпқа арналған шағын орталық, асханасы бар. Медбикенің кабинеті жабдықталған. Мамырда бастадық, биыл жаңа оқу жылына қолданысқа береміз деген жоспар бар",-деді Еңбек ауылының тұрғыны Қайырбек Қожасов.

Кәсіпкердің айтуынша, жаңа әлеуметтік нысан – ауыл болашағына салынған маңызды инвестиция. Оның сөзінше, заманауи сыныптармен, медициналық бөлмелермен жабдықталатын мектеп балалар үшін жайлы әрі қауіпсіз білім ордасына айналмақ.

«Кәсіпкер дене шынықтырумен айналысатын орны бар бастауыш мектебін салып жатыр. Ол ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайды. Сондықтан тек рақмет айтып қана қоймай, облыстағы ауыл шаруашылығы саласындағы басшыларға үлгі етіп көрсетуге болады», - деді СҚО-ның әкiмi Ғауез Нұрмұхамбетов.

Еңбек ауылының табысты дамуы басқа өңірлерге де үлгі болып отыр. Мәселен Есіл ауданына қарасты Ильинка ауылында жергілікті кәсіпкер Александр Бурлёв заманауи спорт кешенін ашып, абаттандыру ісіне де бет бұрған. Бұл елдімекеннің әлеуетін арттырып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.

Тэгтер:

ішімдік Солтүстік Қазақстан алкоголь