Петропавлдағы балалар шипажайын кәріз суы басты

24 маусым, 2025 / Өтей Торғайұлы
Видеодан скрин

Петропавлдағы "Күншуақ" шипажайының аумағы мен жертөлесін кәріз суы басып қалды, деп хабарлады turkystan.kz.

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі мәлімдеді. 

"Апат жұма күні болды, содан бері бізді су басып жатыр. Қоршаудың сыртындағы аумақ пен төменде орналасқан шипажайдың жертөлесі  лас сулардың астында қалды. Қаланың бүкіл кәріз жүйесі бізге қарай ағып жатыр", – деді шипажай қызметкері.

Су басқан бөлмелердің ішінде жақында ғана жөндеу жүргізілген емдік процедуралар бөлмелері де бар. 

"Жертөледе өтетін емдік процедуралар, оның ішінде ароматерапия бөлмелері, тізеден келетін кәріз суымен толып тұр. Жүру мүмкін емес, су сырттан ішке кіріп кеткен. Енді қандай ароматерапия туралы айтуға болады", – деп қынжылды қызметкер.

Мекеме қызметкерлері коммуналдық қызметтерге екі рет жүгінген. Олардың айтуынша, су сорғыш көлік бір рет келіп, суды сорып кеткен, бірақ содан кейін қайтып келмеген. Сонымен қатар, олар мәселелердің өте баяу шешіліп жатқанын, кей күндері мүлде ештеңе жасалмайтынын алға тартты.

Шипажай әкімшілігі қалалық билікті шұғыл түрде мәселені бақылауға алуға шақырды. 

"Біз ең төменгі нүктеде орналасқанбыз, барлық ағын бізге келеді. Бұл сұмдықты тоқтату үшін жедел әрекет қажет", – деп атап өтті қызметкер.

Аталған жағдай шипажайдың жұмысын тоқтату қаупін төндіріп отыр.

Тэгтер:

видео Петропавл кәріз суы