21 маусымда Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл ауданында Ертіс өзеніне үш жігіт батып кеткен, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бүгін іздестіру-құтқару жұмыстары аяқталды. Қайғылы оқиға Боран ауылынан бес шақырым жерде болған. Тыйым салынған жерде шомылып жүрген 2007 жылы туған жасөспірім суға батып кеткен. Оған көмектеспек болған 1991 және 1992 жылы туған екі ер адам ағысқа төтеп бере алмай, суға кеткен.
Оқиға орнында және ШҚО ТЖ департаментінде жедел штабтар құрылды. Құтқарушылар барлық суға кеткендердің денелерін тапты.
Іздестіру жұмыстарына Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының құтқарушылары, полицейлер, еріктілер, жергілікті атқарушы органдар мен шекара қызметінің өкілдері қатысты. Операцияға барлығы 176 адам, 15 жүзу құралы, үш ұшқышсыз ұшу аппараты, су асты дроны және эхолот тартылды.