"Әйелдерге шабуыл жасау керек": Францияда фестиваль кезінде 140-тан астам әйелге шприц сұғылған

24 маусым, 2025 / Ербұлан Қайрат
коллаж: turkystan.kz

21 маусымда Францияда дәстүрлі түрде өтетін Fête de la Musique музыкалық фестивалі кезінде елдің түрлі қалаларында жүздеген әйел шприцпен шабуылға ұшырады. Елдің Ішкі істер министрлігі 145 әйелдің мұндай шабуыл туралы хабарлағанын растады. Қазіргі уақытта 12 күдікті ұсталып, тергеу амалдары басталды.

Француз билігінің мәліметінше, бұл әрекеттер әлеуметтік желілерде таралған "әйелдерге шабуыл жасап, сұғып алу керек" деген арандатушылық мазмұндағы жазбалардан кейін басталған. Үш әйел прокуратураға ресми шағым түсіріп, шаншудан кейін жүрегі айнығанын және өзге де жағымсыз белгілерді сезінгенін айтты. Ауруханаларда оларға токсикологиялық сараптамалар тағайындалды. Қазір нақты қандай зат салынғаны белгісіз.

AFP агенттігінің хабарлауынша, батыс өңірдегі Ангулем қаласында төрт адам 50-ге жуық әйелге шабуылдаған. Шығыстағы қалаларда 16 қыз ауруханаға жеткізілді, бұл жерде екі ер адамға "денсаулыққа зиянды зат қолданды" деген айып тағылды. Ал Парижде 13 осындай жағдай тіркелді.

Ішкі істер министрлігінің дерегі бойынша, биылғы Fête de la Musique кезінде Франция бойынша шамамен 1500 адам түрлі деңгейдегі зорлық-зомбылықтың құрбаны болды. Оның ішінде 14 адам ауыр жарақат алған. Парижде 19 жастағы жігіт пышақ жарақатын алған. Ел бойынша жалпы 305 адам қамауға алынған. Салыстыра кетсек, былтыр дәл осы мереке кезінде 22 адам ұсталған болатын.

Биыл фестиваль сенбіге түскендіктен, халықтың белсенділігі ерекше жоғары болған. Париждің орталық бөлігінде адамдар тым көп жиналғандықтан, жедел жәрдем көліктері зардап шеккендерге дер кезінде жете алмай қалған.

Франция билігі қауіпсіздік шараларын күшейту қажеттігін айтып, фестивальдің болашақта жаңа форматта өтуі мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Тэгтер:

Франция фестиваль шабуыл шприц сұғу