Дэвид Бекхэм өз омартасынан бал өндіріп сата бастады

24 маусым, 2025 / Ербұлан Қайрат
сурет: Shutterstock / Getty Images

Әйгілі футболшы Дэвид Бекхэм табиғи бал негізіндегі энергетикалық тіскебасар шығаруды қолға алып, BEEUP атты жаңа жобаны бастады, деп хабарлайды turkystan.kz forbes.com-ға сілтеме жасап.

Футболдан кәсіби мансабын 2013 жылы аяқтағаннан кейін, сэр Дэвид Бекхэм өзін табысты кәсіпкер және қайырымдылық жобаларының қолдаушысы ретінде танытты. Енді ол өзінің ара өсіруге деген қызығушылығын бизнес жобаларымен біріктіріп, бал негізіндегі жаңа энергетикалық тіскебасарлар желісін іске қосты. Жоба BEEUP деп аталады. Оны Бекхэм SUN BUM, BÉIS және Moon Oral Care сияқты танымал брендтердің негізін қалаушы кәсіпкер Шон Неффпен бірлесіп жасап жатыр.

Жаңа өнімді жасау идеясы Бекхэмнің көпшілікке мәлім ара шаруашылығына деген қызығушылығынан туындаған. Ол бос уақытын омарта маңында өткізіп, бал жинап, оның пайдалы қасиеттерін зерттеумен айналысады.

«Ара өсіру алғашында ұлдарымның хоббиі еді. Бірақ ол тез арада маған табиғи қуат беретін суперөнім – балға деген шынайы қызығушылық пен ризашылыққа айналды. Енді осы пайдалы әрі құнарлы ингредиентті белсенді өмір салтын ұстанатын балалар мен отбасыларға қолжетімді ететінімізге қуаныштымын», — деді Бекхэм баспасөз хабарламасында.

Бал бүгінде тағам өндірісіндегі танымал трендтердің біріне айналды. Мәселен, 2025 жылғы Expo West көрмесінде бал «қант қосылмаған» өнімдерге табиғи тәтті дәм беретін баламалы шешім ретінде кеңінен ұсынылды. Ол рафинирленген қантқа қарағанда пайдалырақ, әрі табиғи энергия көзі саналады.

Тэгтер:

бал Дэвид Бекхэм омарта