Петропавлдағы жалғыз қарттар үйінің басшысы орталықта орын жоқ болғандықтан жергілікті биліктен көмек сұрап отыр, деп хабарлайды turkystan.kz Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.
Жасы жетпістен асқан Загара Саидованың қарттар үйін мекен еткеніне бес жылға жуықтаған. Жүріп-тұруы қиын кейуанаға қызметкерлер көмектеседі. Мамандардың айтуынша, есте сақтау қабілетінен айырылған зейнеткерді қыздары осы орталыққа тапсырып кеткен.
Үш қызым бар. Үшеуі де тұрмыс құрып, үш жаққа кетті. Жанұясы, жұмысы болғандықтан маған қарай алмайды. Сондықтан өзім де осы жаққа сұранып келдім десек те болады, – дейді зейнеткер.
Расыменде, қарттар үйіне сұранып келетіндер күрт көбейді дейді жекеменшік орталықтың басшысы. Бірақ бұл жер ата-әжелерге лық толған. Орын жоқ. Кезекке тұрғандарға қол ұшын соза алмай қиналдым деген кәсіпкер әкімдіктен көмек сұрап отыр.
Қарттар кішкентай бала сияқты. Үнемі бақылап, көңілін аулап жүреміз. Бізге келгісі келетіндер өте көп. Бірақ орталығымызға бәрін бірдей сыйдыра алмаймыз. Кеше ғана екі адам сұранып келді. Біз қабылдай алмадық. Әрі біз осы жерді жалдап тұрғандықтан, жалға беру құнын да өсіріп жіберді. Ғимаратты кеңейту керек, – дейді қарттар үйінің басшысы Лилия Даниленко.
Ал, шенеуніктер жалғыз қалған зейнеткерлерді Тайынша қаласы мен Смирнов ауылындағы қарттар үйіне орналастыра аламыз деп отыр. Ал қалада жаңа әлеуметтік мекеме салу күн тәртібінде жоқ екен.
Қарттар үйіне жалғызбасты қариялар мен туыстары жоқ бірінші, екінші топтағы мүгедектер ғана қабылданады. Біз кәсіпкермен сөйлестік. Әзірге көмек көрсете алмаймыз, – дейді СҚО Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Алтай Сейітов.
Тек жалғыз қалған зейнеткерлер болса Смирнов ауылы мен Тайынша қаласындағы орталықтарға апара аламыз. Жекеменшік қарттар үйінің шығынын демеушілердің қаражатымен жабамын дейді Лилия Даниленко. Енді ол тығырықтан шығатын жолды өз бетінше іздеп көрмек. Жалпы, бұл орталыққа келген қариялардың тағдыры бір біріне ұқсамайды. Бірінің мүмкіндігі шектеулі болса, екіншісінің жақындары қалмаған. Үй-күйсіз дала кезіп қалған зейнеткерлердің көбі осы жерге пана іздеп келген екен.