Мұнай бағасы құлдырады

24 маусым, 2025 / Алуа Арман
istockphoto.com

Мұнайдың әлемдік бағасы төмендеді, Brent маркалы мұнайдың бағасы бір баррель үшін 70 доллардан төмен түсті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Лондондағы ICE биржасында Brent маркалы мұнайдың тамыз айындағы фьючерстерінің бағасы астана уақытымен 08:50-де 9,79 пайызға төмендеп, бір баррель үшін 69,47 долларды құрады.

WTI маркалы мұнайдың тамыз айындағы фьючерстерінің құны 9,72 пайызға төмендеп, бір баррель үшін 66,66 доллар болды.

Мұнай бағасының одан әрі төмендеуіне Иранның Катардағы АҚШ әскери базасына жасаған зымыран шабуылы себеп болды. Нарықтар бұл шабуылдарды Тегеранның стратегиялық маңызы бар Ормуз бұғазына шабуыл жасамауына байланысты деэскалация қадамы ретінде қабылдады. Израиль мен Иран арасындағы атысты тоқтату туралы Трамптың мәлімдемесінен кейін мұнай бағасы одан әрі құлдырады.

Бұл Қазақстан үшін нені білдіреді?

Мұнай бағасының бір баррель үшін 75 доллардан төмендеуі Қазақстан экономикасына тікелей әсер етеді, өйткені ел көмірсутектерді экспорттаушы ретінде мұнай кірісіне қатты тәуелді.

Еске салайық, Қазақстанның 2025 жылғы бюджетінде мұнайдың бір баррель бағасы 75 доллар деңгейінде есептелген.

Тэгтер:

мұнай мұнай бағасы қара алтын баррель