Өскеменде жүрегі тоқтап қалған тұрғын қайта тірілді

Бүгін, 09:17 / Алуа Арман
istockphoto.com

Өскеменде фельдшерлер бригадасы жүрегі тоқтап қалған науқасты қайта тірілтіп алды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға 18 маусым күні таңертең болған. Сағат 04:35-те жедел жәрдем қызметіне 67 жастағы ер адамнан қоңырау келіп түскен: ол қатты ентігуге, жүрек қағысының жиілеуіне және инфаркт белгілеріне шағымданған. Оқиға орнына фельдшерлер Альфия Исмаилова мен Лильназ Ерхатова және жүргізуші Раджан Байғазиден құралған бригада шыққан.

Алғашқы көмек көрсетіліп, ЭКГ түсірілгеннен кейін науқасты ауруханаға жеткізу басталды. Жолда оның жағдайы күрт нашарлап, ауыр аритмия пайда болып, жүрегі тоқтап қалған. Бригада дереу жүрек-өкпе реанимациясын бастады. Екі цикл СЛР-дан кейін жүрек қағысы қалпына келді.

«Науқас облыстық ауруханаға жеткізіліп, медициналық топқа тапсырылды. Қазір оның жағдайы тұрақты», – деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл фельдшер Исмаилованың тәжірибесіндегі осындай екінші жағдай. Алғашқысы 2024 жылғы сәуірде Солнечный ауылында болған.

Ол кезде де 57 жастағы ер адамның өмірін жүрек тоқтағаннан кейін аман алып қалған. Екі жағдайда да тәжірибелі бригаданың үйлесімді әрекеті шешуші рөл атқарды.

Тэгтер:

Жедел жәрдем Өскемен жүрегі тоқтап қалу