Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл ауданында Қара Ертіс өзенінде болған қайғылы оқиға салдарынан үш адам қаза тапты. Бұл туралы turkystan.kz облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға 21 маусым күні Боран ауылынан бес шақырым жерде орын алған. 2007 жылы туған жасөспірім рұқсат етілмеген жерде шомылып жүріп суға бата бастаған. Оны құтқаруға 1991 және 1992 жылы туған екі ересек адам ұмтылғанымен, қатты ағынмен күресе алмай, үшеуі де су астында қалған.
ШҚО ТЖД дереу жедел штабтар құрып, іздестіру-құтқару жұмыстарын бастаған. Бірнеше күнге созылған ауқымды операция нәтижесінде, алғашында екі адамның денесі табылды, ал кейінірек үшінші адамның денесі де судан шығарылды.
Құтқару жұмыстарына Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының құтқарушылары, полиция, шекара қызметі, еріктілер мен жергілікті әкімдіктердің өкілдері жұмылдырылды. Іздестіруге барлығы 176 адам, 15 жүзу құралы, 3 ұшқышсыз ұшу аппараты, су асты дроны және эхолот қатыстырылды.
Құтқарушылар тұрғындарды судағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға және тыйым салынған жерлерде шомылмауға шақырады. Төтенше жағдайлар департаменті бұл оқиғаның қарапайым ережелерді елемеудің орны толмас салдарға апарып соқтыруы мүмкін екенін тағы да еске салып отыр.