Алматы облысы Іле ауданындағы «БЕНТ» ЖШС зауытында «AMANAT» партиясы «Жастар Рухы» Жастар қанатының Алматы облыстық филиалы ұйымдастыруымен «Чемпиондық рух» жобасы аясында танымал спортшылар мен өндіріс мамандарына арналған таңғы жаттығу өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – өндіріс саласында еңбек етіп жүрген жұмысшылардың мәртебесін көтеру, салауатты өмір салтын насихаттау және бұқаралық спортты дамыту.
Жаттығуға 150-ге жуық елімізге және әлемге танымал спортшылар, жоба амбассадоры мен зауыт қызметкерлері қатысты. Олардың қатарында: Алматы облыстық мәслихат депутаты, Сағадат батыр атындағы спорт клубының негізін қалаушы, джиу-джитсу және грэпплинг спорт шебері Нұрсұлтан Орынбасаров, «БЕНТ» ЖШС зауытының басшысы Дінмұхамед Кузиев, қоян-қолтық ұрыстан қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш үш дүркін әлем чемпионы Сара Рахманова, грэпплингтен тұңғыш әлем чемпионы Әйгерім Әбілқадырова, джиу-джитсудан екі дүркін әлем чемпионы Сейлхан Болатбек, OCTAGON лигасының матчмейкері, «UFC gym KZ» залының жаттықтырушысы Думан Рахым, әлемдік аренада мойындалған грэпплинг шеберлері: BJJ қара белбеу иегері, IBJJF No-Gi әлем чемпионы, ADCC жүлдегері, ONE Championship қатысушысы Данте Леон, ADCC вице-чемпионы, AJP World Pro жеңімпазы, IBJJF Euro No-Gi чемпионы Габриэль Соуза, екі дүркін ADCC әлем чемпионы, америкалық джиу-джитсу жұлдызы Джанкарло Бодони «Жастар Рухы» Алматы облыстық филиаланың төрағасы Медет Бекбергенов және белсенділер бар.
Жоба амбассадоры Нұрсұлтан Орынбасаров шара барысында:
«Бүгінгі шара – спорт пен еңбек адамын тоғыстырған, рух пен ынтымақтың көрінісі. Чемпион болу – тек медаль алу емес, елге үлгі болу. Бүгінгі кездесудің басты мақсаты – сол үлгіні бірге көрсету. Біз жұмысшы мамандық иелерінің қоғамдағы рөлін ерекше бағалаймыз. Еңбектің қадірін білу – нағыз патриотизмнің белгісі. Осындай өнегелі шаралар жастарға мотивация, ал еңбек адамдарына құрмет сыйлайды», – деді Нұрсұлтан Орынбасаров.
Іс-шара барысында «БЕНТ» ЖШС зауытының жұмысшылары спорт шеберлерімен бірге алаңда сергіту жаттығыларын жасап, жұмыс күнін сергектікпен бастады. Бұл үрдісті тұрақты өмір салтына айналдырамыз деп «БЕНТ» ЖШС зауытының басшысы Дінмұхамед Кузиев атап өтті.
«Мен еңбек жолымды дәл осы зауыттан бастап, бүгінге дейін еліміздің өндірістік дамуына үлес қосып келемін. Бұл – мен үшін тек жұмыс орны емес, өмір мектебі. Уақыт қанша өтсе де, еңбектің қадірі мен жұмысшының орны ешқашан өзгермейді. Бүгінгідей рухты, шабытты күндер – барша еңбек адамы үшін үлкен мәртебе. Осындай маңызды бастамалардың көп болуына тілектеспін», – деп атап өтті ол.
Данте Леон өз сөзінде шараның атмосферасынан ерекше әсер алғанын айтып өтті. Спортшы үшін бұл іс-шараға қатысу – кәсіби мансабы мен отбасы тарихының маңызды тоғысуы болды дейді.
«Бұл – менің Қазақстанға үшінші рет келуім. Бүгінгі шараға қатысушы жұмысшылар мен олардың отбасыларын көріп қатты таңғалдым. Менің де отбасым – қарапайым еңбек адамдары. Әкем 1980-90 жылдардан бастап көлік шығару саласында жұмыс істеп келеді. Сондықтан дәл осындай ортада өзімді туған үйімде жүргендей сезінемін. Мұндай рухты әрі мағыналы іс-шараны ұйымдастырғандарыңыз үшін алғысым шексіз», – деді ол.