Астанада 30 маусым мен 6 шілде аралығында бокстан ерлер және әйелдер арасында Әлем Кубогы өтеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жарысқа 30 елден 300ге жуық боксшы қатысады. Бұл – Олимпиадалық WORLD BOXING ұйымының Қазақстандағы алғашқы жарысы. Жыл бойы бірнеше кезеңмен өткізілетін Әлем кубогі рейтингілік сайыс болып саналады. Әр салмақ дәрежесінде жеңімпазға 300 ұпай, екінші орынға 200 ұпай, қос қола жүлдегерге 150 ұпайдан беріледі.
Әлем кубогінің басталуына 2 апта қалғанда командалар Астанаға келе бастады. Оған себеп – бірлескен оқу-жаттығу жиыны. Біраз жылдық үзілістен соң Қазақстанға АҚШ, Канада бокс құрамалары ат басын бұрды. Қазіргі уақытта Америка мен Канададан бөлек бас қалада Сербия, Франция, Финляндия, Швеция, Швейцария, Әзербайжан және Қазақстан құрамасы бірлесіп дайындық жүргізіп жатыр.
Қонақтардың қатарында нәтижелі боксшылар аз емес – 2023 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Васили Лкадири (Франция), 2021 жылғы әлем чемпионы Робби Гонсалес (АҚШ), 2024 жылғы Олимпиаданың күміс жүлдегері Билляль Беннама (Франция) және тағы басқалары.
Қазақстан командасы Әлем кубогіне үздік құраммен қатысады. Оның ішінде әлем чемпиондары, Олимпиада Ойындарының жүлдегерлері болмақ. Толық құрам қазіргі оқу-жаттығу жиынының қорытындысы бойынша жасақталады.
Бокс бәсекесі Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе жек сарайында ұйымдастырылады. Ашылу салтанаты 30 маусым 13:00-де, ақтық жекпе жектер 6 шілде 14:00-де өтеді.