Атырауда танымал әншілердің концерті өтпей қалды

Бүгін, 12:57 / Інжу Әлихан
скриншот

Атырауда әнші Мирас Жүгінісов пен Qanay-дың концерті күтпеген жерден тоқтатылды.

Іс-шара басталардан бұрын келген көрермендер концерт басталмай жатып тарап кетуге мәжбүр болды. Бұған себеп – ұйымдастырушылардың зал мен жабдықтар үшін жалдау ақысын төлемеуі.

— Біз ертерек келдік, бірақ ішке кіргізбеді. Ұзақ күттік. Кейін концерт болмайтыны, себебі жалдау ақысы төленбегені айтылды, – деді көрермендердің бірі.

Мирас Жүгінісов өзі далаға шығып, көрермендерден кешірім сұрады. Ол бұл жағдайдан өздері де алдын ала хабарсыз болғанын айтты.

— Біз де сахнаға шығу үшін ұзақ күттік, бәрі реттеледі деп үміттендік. Бірақ ұйымдастырушылар зал мен жабдыққа ақы төлемегені белгілі болды. Бұл үшін өте өкініш білдіреміз, – деді әнші.

Көрермендерге билет құны қайтарылатыны уәде етілді. Айта кету керек, кейбір көрермендер Кұлсары мен Оралдан келген екен.

Тэгтер:

Атырау концерт әнші