Ресей Федерациясымен шекаралас аумақта орналасқан Құрманғазы ауданының Қоныртерек ауылына белгісіз зат құлаған, деп хабарлады turkystan.kz АқЖайыққа сілтеме жасап.
Тұрғындардың айтуынша, құлаған нысанда моторлар болған және жерге түскеннен кейін қара күйелеш із қалдырған. Оқиға жазық далада болған. Алдымен қою түтінді байқаған жергілікті тұрғындар жақындап барған кезде техникалық құрылғыға ұқсайтын нысанның сынықтарын тапқан. Құлаған жердің топырағы өрттен қатты күйіп кеткен және құрылымның металл сынықтары жатқан.
Ішкі істер министрлігі әскери-тергеу департаментінің мәліметінше, аталған оқиғаға байланысты тексеру басталған.
"Атырау облыстық полиция департаменті уәкілетті қызметтермен бірге ұшқышсыз ұшатын аппараттың ұқсас заттың бөлшегі табылуына байланысты тексеру жүргізіп жатыр. Нысан далалық аумақта табылды. Зардап шеккен жоқ. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталады", - деп хабарлады министрліктің әскери-тергеу департаменті.