Энергия көзі арзандай ма?

Энергия көзі арзандай ма?

Энергия көзі арзандай ма?
ашық дереккөзі
Электр қуатын жеткізу жолында делдалдар азаюы керек, сонда тариф те арзан болады. Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыстарында Мәжіліс депутаттары осыны қарастыратын электр энергетикасы мәселелері бойынша ұлттық заңнамаға түзету­лерді бірінші оқылымда мақұлдады. Талқылау барысында электр қуатының бағасын төмен­дету жайына айрықша көңіл бөлінді. Мәжіліс спикері «Кейбір заңнамалық актілерге электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Елбасының Ұлт жоспарының 51-қадамында берген тапсырмасын орындауға бағытталғанына назар аудартты. Бұл ретте ол қос маңызды міндеттің – энергия тасымалдаушы ұйымдарды ірілендіру және халық үшін тарифті төмендетудің бірегей шешімін табу көзделгенін атап өтті. – Заң жобасының бастапқы нұсқасында бұл мәселелерді шешудің тиімді тетіктері қарастырылмады. Тек 27 мемлекеттік өңірлік энергетикалық компанияларды біріктіру міндеті ғана шешілді, – деді Н.Нығматулин. Сондықтан, оның айтуынша, депутаттар заң жобасын әзірлеушілермен және «Атамекен» палатасымен қоян-қолтық жұмыс жасай отырып, Мәжіліс қабырғасында нарықтық тетікті таба алды. Оны қолдану қуат беруші ұйымдарды шынайы түрде ірілендіруге және соның нәтижесінде, тұрғындар үшін электр бағасын төмендетуге мүмкіндік береді екен. – Егер алдағы екінші оқылымға дейінгі талқылау кезеңінде де әзірлеушілермен, қатысушы меморгандармен, қоғамдық ұйымдармен арамызда дәл осындай конструктивті өзара іс-қимыл жалғасса, біз сапалы тұрғыда пысықталған заң жобасына қол жеткіземіз деген ойдамын. Онда қарапайым қағида орындалуға тиіс: делдалдар аз болған сайын, тариф те төмен болады. Делдалдардың аз болуы – халыққа да пайдалы. Бұл – түсінікті формула, – деп түйді спикер. Энергетика министрі Қанат Бозым­баевтың айтуынша, бұл құжат иесіз қалған, сондай-ақ шаруашылық жүргізу құқығында тұрған немесе мемлекеттік заңды тұлғалардың жедел басқаруына берілген электр желі­лерінің проблемаларын шешуге де бағыт­талады. Бұлардың барлығын энергия беруші ұйымдардың балансына беру ұсынылады. Министрдің байламынша, бұл олардың лайықты ұсталуын және оларға сапалы қызмет көрсетілуін қамтамасыз етеді. – Жергілікті атқарушы органдардың соңғы мәліметтері бойынша иесіз желілердің ұзындығы 2110 шақырымға жетеді, 631 иесіз трансформаторлық подстанса бар. Егер бұларды энергия беруші ұйымдар қарауына тапсырмасақ, жақын болашақта, ол желілер апаттар мен жазатайым оқиғалар көзіне және электрмен жабдықтау сапасы төмендеуінің бір себебіне айналып кетуі ықтимал! – деді Қ.Бозымбаев. Заң аясында жергілікті атқарушы органдар сот арқылы осы иесіз қалған нысандарды өз балансына алып, одан кейін өңірлік желілік компаниялардың балансына тапсырады. Бұл ретте жобада энергия беруші ұйымдарды «қабылдап алған иесіз электр желілеріне қатысты корпоративтік табыс салығынан және мүлік салығынан босату» қарастырылады. Заң электр құнын арзандатуға тиіс. «Егер тұтынушыға дейінгі ортада электр жеткізушілердің бес емес, үш не төрт деңгейі ғана қалса, онда өз тарифтерін қосатын заңды тұлғалар азаяды. Бұл тиісінше, ақырғы тұтынушы төлеуге тиісті тарифтің де төмендеуіне әкеледі» деді министр. Мұның сыртында заң жобасын талқылау барысында депутаттар электр энергиясын беру қызметіне қойылатын талаптарды сақтамағаны үшін жауаптылық белгілеу, тұрғын үй кешендерін салушылардың балансындағы электр желілерін «маман­дандырылған энергия беруші ұйымдарға» берудің рәсімі мен тәртібін айқындау және басқасын көздейтін түзетулер енгізді.