Қазақстан жастар арасында жағажай волейболынан Азия чемпионы атанды

Бүгін, 05:21 / Нұрлан Әлинұр
Фото: volleyfederationkz

Таиландта 21 жасқа дейінгілер арасында жағажай волейболынан Азия чемпионаты мәресіне жетті.

Қазақстандықтар Клим Рюхов пен Владислав Мастихин өз тобынан екінші орынмен плей-офф кезеңіне жолдама алды.

Қазақстандық жұп 1/8 финалда Жаңа Зеландияны 2:0 (21:11, 21:16) есебімен тізе бүктірді. Содан кейін ширек финалда аса тартысты ойында Қытайдың екінші жұбынан басым түсті (29:27, 32:30). 

Жартылай финалда камбэк жасап, Таиландтан 2:1 (18:21, 21:11, 16:14) есебімен айласын асырды. 

Финалда жарыстың фавориті саналған Қытайдың бірінші жұбын 2:0 (21:19, 21:16) есебімен тізе бүктірді.

Осылайша, Қазақстан жағажай волейболы тарихында 21 жасқа дейінгілер арасында алғаш рет Азияда үздік шықты. 

Сонымен қатар Клим Рюхов пен Владислав Мастихин Мексикада өтетін әлем чемпионатына жолдама алды.