«Қарасора» жедел-іздестіру іс-шарасы барысында, Мұнайлы ауданындағы тұрғын үйлердің бірінен ірі көлемде есірткі заттары табылып, тәркіленген.
Полицейлер тінту кезінде үйдің ауласынан және ішінен екі түп қарасора, алты пакет марихуана, үш пакет синтетикалық есірткіге ұқсас зат, сондай-ақ есірткі құралдарын өлшейтін таразы мен буып-түюге арналған қалташалар тапқан.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 1-бөлігіне сәйкес (есірткі, психотроптық заттарды өткізу мақсатында заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізу) қылмыстық іс қозғалды.
- Барлық табылған заттар айғақ ретінде рәсімделіп, сот-сараптамалық зерттеуге жіберілді. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық іс Маңғыстау облыстық Полиция департаментінің бақылауында, - делінген хабарламада.