Гимнаст Ақмарал Ерекешева Болгариядағы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды turkystan.kz Ұлттық олимпиада комитетіне сілтеме жасап.
Софияда көркем гимнастикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының жекелей бағдарламасы бойынша финалдық кезеңі басталды.
"Қазақстандық гимнаст Ақмарал Ерекешева үш бірдей финалға бірінші орынмен жолдама алып, екі жүлдеге ие болды", - деп жазылған хабарламада.
Доппен көрсеткен өнері үшін Ерекешева 26.150 ұпай жинап, әлем чемпионы атанды. Сондай-ақ ол шығыршықпен орындалатын жаттығуда 26.950 ұпай жинап, күміс медаль жеңіп алды.
Айта кетері, 22 маусымда Ақмарал Ерекешева таспамен, ал Айғаным Рысбек ұршықпен орындалатын жаттығудың финалына қатысады.