Археологтар еліміздің батысында көне жәдігерлер тапты

22 маусым, 2025 / Нұрлан Әлинұр
24.kz

Атырау облысындағы ортағасырлық Сарайшық қаласында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде ғалымдар көне түркі әлеміне, Селжұқ мәдениетіне тиесілі жәдігерлер тапты, - деп хабарлайды Turkystan.kz 24.kz сайтына сілтеме жасап.

Түрік археологы Мұхаррем Чекеннің айтуынша, табылған жәдігерлер - Ұлы Жібек жолы бойындағы экономикалық байланыстардың белгісі, ол болашақ зерттеулерге жаңа серпін береді.

Ащысай мен Қарағайлыда жүргізілген қазбалар барысында селжұқ керамикасы мен қытай фарфоры табылған. Мамандар бұл деректер Сарайшық қаласының Алтын Орда дәуіріндегі маңызды экономикалық орталық болғанын дәлелдейді деп отыр.

Бұған дейін селжұқ мәдениеті түркі әлемінде жеке, оқшау құбылыс ретінде қарастырылып келген. Алайда Сарайшықтағы жаңа олжалар Қазақстан жерінде де бай сәулет пен өркениет болғанын көрсетіп отыр.

"Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалардың архитектурасында ортақ сипат көп. Селжұқ дәуірінде-ақ сарайларда ауызсу мен кәріз жүйесі үшін керамикалық құбырлар пайдаланылғаны белгілі. Сарайшықтан да сондай құбырлардың сынықтары табылып жатыр", – дейді Анкара университетінің ғалымы Мұхаррем Чекен.

Ресейлік археолог Вячеслав Плахов та Сарайшықтың Ұлы Жібек жолындағы рөлін жоғары бағалайды. Оның айтуынша, археологиялық қазбалар бұл қаланың маңызды сауда торабы болғанын дәлелдейді.

"Қарағайлыда қыпшақ және Алтын Орда дәуіріне тән керамика табылды. Бірақ олардың арасынан қытайдың селадон фарфоры шықты. Кейін Қырымнан келген бұйымдар анықталды. Біз олардың нақты қай өңірде жасалғанын анықтап жатырмыз", – дейді Плахов.

Сарайшық мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының археологтары кейінгі жылдары төрт нысанда зерттеу жүргізген. Олар Атырау облысындағы Алтын Орда ескерткіштерінен табылған керамикалық бұйымдар Хорезммен, Қытаймен, Иранмен, Анатолиямен, Византиямен және Еділ бойындағы қалалармен тығыз байланыста болғанын дәлелдейді дейді.

Қысқасы, Сарайшық Еуропа мен Азияны жалғаған "алтын көпір" болған.

Ғалымдар бұл жаңалықтар негізінде шетелдік басылымдарға ғылыми мақалалар жариялауды жоспарлап отыр. Биыл Сарайшыққа Анкара университетінің ғалымдары мен студенттері келіп, зерттеу жүргізеді деп күтіледі. Бұл - халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыту мен ортағасырлық мұраны тереңірек зерттеуге бағытталған маңызды қадам.