Бурабайда Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың қатысуымен Қоғамдық палатаның көшпелі отырысы өтті.
Онда депутаттар мен сарапшылар Палата мүшелерінің ұсыныстарының іске асырылу нәтижелерін талқылап, VIII шақырылымның үшінші сессиясындағы жұмысын қорытындылады.
Мәжіліс спикері Қоғамдық палатаны құру идеясы еліміздегі ауқымды демократиялық өзгерістер кезеңінде туындағанын еске салды. Мемлекет басшысы Президент қызметіне кіріскен алғашқы күннен бастап ең маңызды шешімдер халықтың қатысуымен ғана қабылданатынын нақты мәлімдеген болатын.
– Біздің көз алдымызда саяси ландшафт түбегейлі өзгерді. Жаңа саяси-құқықтық жүйенің институционалды негіздері қаланды. Билік тармақтары арасында нақты бөлініс жүзеге асты. Жаңа демократиялық партиялық-саяси алаң қалыптаса бастады. Бұл реформалардың қайтарымсыз екенін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет атап өткен болатын, – деді Мәжіліс төрағасы.
Ерлан Қошанов Қоғамдық палата Мәжіліс жанынан бастапқыда ашық пікір білдіру алаңы ретінде құрылғанын атап өтті. Екі жыл ішіндегі нәтиже бұл мақсаттың жүзеге асып жатқанын көрсетті. Мәжіліс спикерінің пікірінше, бүгінде Палата қоғамдық диалог жүйесінің маңызды элементіне айналып отыр. Ол жұртшылықтың әртүрлі топтарының көңіл-күйі мен үміт-тілектерін білдіретін өзіндік «халық үні» іспетті.
Мәжіліс спикері Қоғамдық палата сарапшыларының заң шығару процесіне және қоғам үшін маңызды мәселелерді Парламент пен Үкімет деңгейінде талқылауға қосқан елеулі үлесін атап өтті. Мәселен, Құрылыс кодексі жобасына бірқатар нақты ұсынысты палата мүшесі, танымал урбанист Гүлмира Байғабылова енгізсе, Салық кодексін әзірлеу барысында Наталья Малярчуктың бастамасымен шақырылған сарапшының авиациялық отынды қосылған құн салығынан босату жөніндегі ұсынысы қолдау тапқан.
Мәжіліс төрағасы бірқатар ұсыныстың қазіргі уақытта заңнамада нақты нормалар ретінде күшіне енгеніне назар аударды.
– Мысалы, Данияр Әшімбаевтың ұсынысы бойынша «Ойын бизнесі туралы» заңға мемлекеттік қызметкерлерге, әскери қызметшілерге және Бірыңғай борышкерлер тізімінде тұрған адамдарға құмар ойындарға қатысуға тыйым салатын нормалар енгізілді. Ал Тоғжан Қожалының мемлекеттік тілдегі медиаконтент көлемін 60 пайызға дейін арттыру жөніндегі белсенді ұстанымы жаңа «Масс-медиа туралы» заңның мазмұнына тікелей әсер етті. Сондай-ақ Муслим Хасенов ұсынған суицидке қатысты бірқатар бастама, оның ішінде өз-өзіне қол жұмсауға итермелеу үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу нормалары да қабылданды, – деді Мәжіліс спикері.
Сондай-ақ Ерлан Қошанов Қоғамдық палатаның жұмысын одан әрі жетілдіру жөніндегі ойларымен бөлісті. Ең алдымен, бұл ұсыныстар өңірлердегі қоғамдық кеңестердің жұмысын күшейтуге қатысты болды. Мәжіліс төрағасының пікірінше, жергілікті маңызы бар көптеген мәселені тұрғындар өзара келісімге келіп, ортақ мүдде негізінде өздері шеше алатын деңгейге жетуге тиіс. Осыған байланысты ол Қоғамдық палатаға қазіргі уақытта депутаттар бастамашылық еткен жергілікті өзін-өзі басқару туралы заң жобасының өз нұсқасын әзірлеуді ұсынды.
Мәжіліс төрағасы сарапшыларға ел дамуының барлық саласы бойынша – экономика мен әлеуметтік саясаттан бастап білім беру, денсаулық сақтау және қорғаныс қабілетіне дейін сараптамалық баяндамалар әзірлеуді ұсынды. Мысалы, сайланған жергілікті әкімдердің басқарушылық шешімдерін зерттеу, сондай-ақ қазіргі таңда азаматтық қоғам, еріктілер мен үкіметтік емес ұйымдар қандай жобаларға мүдделі екенін анықтауға көмектесу қажет екенін айтты.
Жұмыс қорытындыларына тоқталған Қоғамдық палатаның төрағасы, депутат Айдос Сарым үшінші сессия аясында Палатаның 9 отырысы өткенін, оның бірі Алматыда, екіншісі Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетімен бірлесіп Атырауда өткенін хабарлады.
– Әсіресе, Алматыда Салық кодексі жобасы бойынша өткен пікірталас мазмұнды да өткір болды. Ал Атырауда депутаттар мен Қоғамдық палата мүшелері ана мен нәресте өлім-жітімі мәселесін қарастырды. Жалпы алғанда, өткен 8 отырыстың қорытындысы бойынша Қоғамдық палата тарапынан Мәжілістің бейінді комитеттері мен уәкілетті органдарға барлығы 169 ұсыныс жолданды, – деді Айдос Сарым.
Отырыс барысында бейінді комитеттердің төрағалары сөз алып, Қоғамдық палата мүшелерінің заң жобаларына енгізу үшін берген ұсыныстарының қаралу нәтижелері туралы баяндады.
Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Татьяна Савельева атап өткендей, ең ауқымды талқылаулардың бірі депутаттардың жаңа Салық кодексі жобасын қарау кезеңінде өтті. Ол Қоғамдық палата тарапынан қосылған ҚҚС мөлшерлемелері, салықтық әкімшілендіру және өзге де бағыттар бойынша ұсыныстар Кодекске түзетулер енгізу кезінде нақты жұмыс құралына айналғанын жеткізді.
Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов МӘМС жүйесін жетілдіруге қатысты сарапшылардан көптеген идея мен ұсыныс түскенін, олардың бірқатары Мәжіліс қабылдаған заң аясында көрініс тапқанын айтты. Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов сарапшылардың жасанды интеллект пен жергілікті өзін-өзі басқару салаларындағы бірқатар бастамасы жүзеге асқанын жеткізді. Ал Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрайымы Снежанна Имашева құқықбұзушылықтардың алдын алу туралы заң жобасына енгізілген бастамалар жөнінде баяндады.
Талқылау барысында Қоғамдық палата төрағасының орынбасары Ғалым Байтұқ микрокредиттік ұйымдардың қызметіне назар аударуды ұсынды. Оның әріптесі Светлана Романовская сарапшылардың отбасы мен тұрмыстағы зорлық-зомбылық туралы жеке заңды сақтап қалу және оның жекелеген нормаларын күшейту қажеттігі жөніндегі пікірін қолдады. Мүслім Хасенов бұл ұғымды Қылмыстық кодекс деңгейінде нақтылау мәселесін көтерді. Зәуреш Батталова Қоғамдық палата талқылауларына ғылыми қоғамдастықты кеңінен тарту қажеттігін айтты.
Әр ұсыныс бойынша бейінді комитеттердің төрағалары жауап беріп, сарапшыларды тиісті жұмыс топтарының аясында бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.