GovHR форумы: цифрлық дәуірде мемлекеттік қызметті трансформациялау жөніндегі халықаралық диалог

20 маусым, 2025 / Дана Ізтілеуова

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен мемлекеттік қызмет жүйесіндегі адами ресурстарды басқарудың өзекті мәселелеріне арналған халықаралық GovHR форумы өтті. Іс-шара жаһандық тәуекелдер дәуірінде үздік тәжірибелермен алмасуға және бірлескен шешімдерді әзірлеуге арналған бірегей алаңға айналды.

Форум аясында тәжірибе алмасу мақсатында БҰҰ өкілдері, Катар Мемлекеттік қызмет және кадрлық әлеуетті дамыту бюросының директоры Саиф Аль-Кааби, Моңғолия Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі кеңестің төрағасы Цэдэвсурэн Лхагва, Сьерра-Леоне елінің Адами ресурстарды басқару кеңсесінің бас директоры Ансу Такер, Тәжікстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет агенттігінің директоры Илёс Идрисзода, сондай-ақ АҚШ, Әзербайжан, БАӘ, Қырғызстан, Марокко, Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Ресей, Руанда, Сингапур, Түрікменстан сияқты әріптес елдердің уәкілетті органдарының басшылары мен жетекші мамандары және сарапшылары қатысты.

Іс-шарада Қазақстан Республикасы Президентінің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Арман Қырықбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың форумның ашылуына орай жолдаған құттықтау хатын оқыды.

Дархан Жазықбай мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуда Президент тілге тиек еткен  «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» іргелі қағидаты басшылыққа алынғанын атап өтті. Ал форумның басты тақырыбы мемлекеттік секторда тиімді, адамға бағдарланған басқару жүйесін дамытуға арналды. Сондай-ақ форумда стратегиялық HR-жүйесін қалыптастыру, кадрлық процесттерді цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу, жас мамандарды қолдау және мемлекеттік органдардағы басшылардың рөлін трансформациялау мәселелеріне басты назар аударылды.

Шара барысында жаңа кезеңдегі мемлекеттік басқару саласындағы халықаралық тәжірибе мен ғылыми зерттеулерге негізделген «Public Administration in the New Reality» атты кітап таныстырылды. Бұл кітапқа 19 елден 39 автор қатысып, алғы сөзді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жазған.

Форум барысында қазақстандық тарап серіктес елдердің табысты тәжірибелеріне қызығушылық танытты. Осы орайда, әсіресе Катардың мемлекеттік және жекеменшік секторына кадр іріктеу платформасы саналатын Kawader жүйесі мен 85 мыңнан астам мемлекеттік қызметшіге SMART-мақсаттар қою, мониторинг жасау және бағалау мүмкіндігін беретін Ada’a тиімділікті басқару жүйесін ерекше атап өтуге болады.  Моңғолияда тағайындау және кадрлық реестр процестері автоматтандырылған арнайы портал арқылы жүргізіледі, сондай-ақ түйіндемені талдау мен үміткерлерді алдын ала іріктеуге мүмкіндік беретін жасанды интеллект негізіндегі «пилоттық» модуль іске асырылуда.

Форумда негізгі халықаралық ұйымдармен өзара әрекеттесуге ерекше назар аударылды. Форумға бейнебайланыс арқылы қатысқан БҰҰ-ның Азаматтық қызмет жөніндегі халықаралық комиссиясының (ICSC) төрағасы, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Ларби Джакта Қазақстанның кадрлық саясатта озық көзқарас ұстанып отырғанын және басқа елдерге үлгі бола алатынын атап өтті.

Пікір алмасулар, панельдік және форсайт-сессиялар нәтижесінде мемлекеттік қызмет пен адами ресурстарды басқару жүйесін дамытуға арналған негізгі ұсыныстар мен бағдарларды қамтитын GovHR резолюциясы қабылданды. Атап айтқанда, мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру және азаматтарға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға бағытталған жасанды интеллект, Big Data, бұлттық шешімдер мен блокчейн технологияларын кезең-кезеңмен енгізу ұсынылды. Сонымен қатар, деректерді біртұтас көзден басқару, бюрократиялық кедергілерді азайту, цифрлық қауіпсіздікті күшейту және People Analytics құралдарын кадрлық шешімдер қабылдауда белсенді пайдалану қажеттілігі айтылды.

Іс-шараға қатысушылар foresight-сессиялар барысында«Құзыреттер картасы 2030», «Деректер саясаты» және «HR  архетиптері 2035»тәрізді жаңа HR-модельдерді қалыптастыру бойынша ұсыныстар әзірледі. Осының негізінде цифрлық дағдыларға басымдық беретін  жеке әрі тәжірибеге негізделген оқытуға көшу қажеттілігі атап өтілді.

Қатысушылар аталған форумның білім мен тәжірибе алмасу алаңы ғана емес, сонымен қатар уақыт талаптарына сай озық шешімдерді енгізуге қабілетті кәсіби мемлекеттік қызмет қауымдастығын қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болғанын атап өтті.

Тэгтер:

цифрлық дәуір мемлекеттік қызметті трансформациялау халықаралық диалог