«Заманды адам билей ме, әлде заман адамды ма?» – бұл тақырып Абайдан бастап бүгінгі әлеуметтік теорияларға дейін талқыланып келеді. «Әркiмдi заман сүйремек, Заманды қай жан билемек? Заманға жаман күйлемек, Замана оны илемек». Осы өлеңде Абай заман адамның еркінен тыс күш ретінде бейнелеп, бұған фаталистік көзқараспен қарайды. Десе де, заман бір орында тұрмайды. Ал бүгінгі заман – қай заман? Адамы мен қоғамының бұрынғыдан қандай айырмашылығы бар? Құндылығы қандай? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрелік.
Әлеуметтік маска кигендер
«Үлкен-кіші адамнан иба кетті, Қыз-бозбала жастардан әдеп кетті, Мінез-құлық бұзатын әдет жетті, Бұл не деген заман болды, достар?!» деп Қожа Ахмет Ясауи жырлаған сонау ғасырдан бері талай заман өзгерді. Бірақ адам өзгерді ме? ХІХ ғасырдың екінші жартысында өмір сүріп, Ресей патшалығының отарлық саясаты күшейген кезеңдегі қазақ қоғамының ауыр халін жырлаған «Зар заман ақындары» заманның бұзылғанын, халықтың азғанын, биліктің әділетсіздігін, ел бірлігінің кетуін терең қынжылыспен бейнелеген еді. Мәселен, Шортанбай Қанайұлы «Мына заман қай заман?» деп сауал тастай отырып, өзі қойған сауалға: «Азулыға бар заман, Азусызға тар заман» дей келе: «Тарлығының белгісі: Жақсы жаннан түңілген, Жаман малдан түңілген, Мұның өзі – зар заман» деп сол заманға баға береді. Жазушы М.Әуезов «Зар заман ақындары» деп атаған, дархан даланың әр қиырында ғұмыр кешсе де, ой ортақтығы, тақырып мазмұндастығы үндестік тапқан ақындар (Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Әбубәкір Боранқұлұлы (Кердері), Асан Барманбекұлы) бұрынғы қазақтың еркін, көшпелі тіршілігін аңсады. Олардың пайымынша, «Ескі заман» – еркіндік пен әділеттің дәуірі болса, «Қазіргі заман» – азғындық пен қасірет кезеңі. Немесе Шәкәрім: «Мына заман қай заман, Қаскүнемге жай заман. Араздық пен өсекке, Өлшеуі жоқ бай заман» деп жырлайды. Ақындар жырлаған сол заман артта қалып, қазақ баласы бірнеше қоғамдық формациядан өтті.
Ал бүгінгі цифрлық дәуір шынайылық пен әлеуметтік желідегі бейнені шатастырған жаңа қоғам қалыптастырды. Әлеуметтанушылар адамдар бұрын өмірдің мәнін, болмысты іздесе, бүгін олар брендтер мен визуалды әсердің жетегінде жүр деп есептейді. Бұл құбылысты француз философы Жан Бодрийяр «Симулякр» ұғымымен сипаттаған. Яғни, шындықты бейнелейтін нәрселердің шынайыдан да үстем бола бастауы. Демек, бейне шындықтың орнын басады. Instagram, TikTok, Facebook сынды платформаларда адамдар күнделікті шынайы өмірін емес, жақсы көрілім жинайтын сәттерін жариялайды. Мұнда контент емес, оның қалай көрінетіні маңызды. Фильтр, ракурс, фон – бәрі шынайылықтан маңыздырақ. Осы үрдіс қоғамды «көріну» үшін өмір сүруге итермеледі. Pew Research Center мәліметі бойынша, жастардың 59 пайызы желідегі «өмір салтымен» бәсекеге түсуге тырысады. Әлеуметтанушылар «Бұл әлеуметтік қысымды күшейтіп, психологиялық күйзеліске себеп болады» дейді. Бүгінде кімнің киімі сәнді, кімнің телефоны жаңа, кімнің демалысы экзотикалық – қоғам адамды осы бейнелер арқылы бағалайды. Психологтар мұны «Әлеуметтік маска кию» феноменімен түсіндіреді, яғни адам өзін қалай көрсетуі керек екенін емес, басқаларға қалай көрінгісі келетінін ойлайды.
Тұрақсыздық пен бейімделудің дәуірі
XX ғасырдың ұлы социологтарының бірі Зигмунт Бауман өз еңбектерінде қайта түрленіп жатқан қазіргі уақытта қоғамның «сұйықтық» сипатына назар аударған. Ол бұл концепцияны «Liquid Modernity», яғни «Сұйық заман» деп атады. Бұл қазіргі әлем тұрақты қатпарлы құрылымнан үнемі өзгеріп тұратын, жылдам өтпелі, кейде бейберекет жағдайға көшкен заманды бейнелейді. Поляк текті әйгілі әлеуметтанушы, ХХ-ХХІ ғасырлар шекарасында қоғамның өзгеру процесін ерекше терең зерттеген ғалым ретінде «бұрын қоғам «қатты» еді, тұрақты ережелер, дәстүрлер, әлеуметтік мәртебелер айқын болатын. Адам өмір бойы бір мамандықта жұмыс істеп, бір ортада тұрып, бір құндылықты ұстанатын еді. Ал қазіргі заман – сұйық, тұрақты ережелер жоқ, адамдар жылдам өзгеруге мәжбүр, мамандықтар тез ауысады, қоғамда үнемі бейімделу керек» деген қорытындыға келеді. Ол сипаттаған «Сұйық қоғамда» адамдар тұрақтылықтан ажырап, үздіксіз бейімделуге мәжбүр. Ал шынайы болмысты ұсыну – әлсіздік деп қабылданады. Сұйықтық – пішіні жоқ, ыдысқа қарай бейімделетін қасиет. Дәл сол секілді бүгінгі адам да әлеуметтік, мәдени, экономикалық жағдайларға қарай бейімделуге мәжбүр. Бауман неге бұл заманға сынмен қарады дегенге келсек, оның ойынша, адамдарға еркіндік берілгендей көрінгенімен, шын мәнінде олар жалғыздық пен тұрақсыздықтың құрсауында қалды. Әлеуметтік байланыстар үстірт болды. Қарым-қатынас та, махаббат та, достық та бұрынғыдай берік емес. Адам үнемі өзін дәлелдеуге, өз орнын табуға тырысады, бірақ нақты тірек таппайды. Мәселен, бүгінде бір мамандықпен өмір бойы жұмыс істеу сирек кездесе бастады, адамдар тез жұмыс ауыстырады, онлайн жұмыс істейді. Достық пен қарым-қатынас көбіне әлеуметтік желілер деңгейінде қалып қояды. Үйлену мен отбасылық қатынастар да «сұйықтана» түсті. Жиі ажырасу, жалғыз өмір сүру көбейіп жатыр. Бұрын ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырған отбасылық, ұлттық, діни құндылықтар бүгінгі күні түрлі идеологиялармен алмастырылып, салыстырмалы сипат алды. Технология дамыған сайын адамдардың арақатынасы да цифрланып, бетпе-бет сөйлесуден алыстап, уақытша, үстірт сипат ала бастады. Кәсіптер мен дағдылар тез ескіріп, еңбек нарығы адамның үздіксіз қайта оқып, өзгеруін талап етеді. Жеке тұлға да бұлыңғыр. Адам өзін анықтау жолында үздіксіз ізденісте жүр. Ол – бір сәтте блогер, бір сәтте белсенді, ертеңінде мүлде басқа образда болуы мүмкін. Ақан серінің «Бұл дүние – жұртты алдайтын бейне базар, Әр адам өз әлінше базарлайды» деген сөзі осындайда еске түседі. Бауман бұл ретте «Бүгінгі заман – шексіз таңдау ұсынатын, бірақ нақты қауіпсіздік пен сенімділік бермейтін заман» деп шегелейді. Сонымен қатар ол «Бізге сұйық заманда бейімделу керек-ақ, бірақ өзін жоғалтпау маңызды», яғни тұрақсыз әлемде ішкі тұрақтылықты табу – ең үлкен міндет», – дейді.
Еліміздегі дәстүр мен «сұйық заман» таласы
Қазақ дәстүрінде де бейімделгіштік болған, яғни көшпелі өмір салты табиғаттың өзгерісіне икемделуді талап етті. Қазақтар жыл мезгіліне қарай қоныс өзгертіп, сыртқы жағдайға бейімделсе де, ішкі құндылықтарынан айнымаған. Яғни, қазақтар сыртқы өмір салтын өзгертіп отырса да, «берік рухани тірек» сақтай білді. Ал сұйық заманда, өкінішке қарай, сыртқы бейімделу ішкі тұрақтылықты әлсіретуде. «Сұйық» замандағы ең үлкен қауіп – адамның ішкі өзегінен айырылып қалуы. Ал қазақ дүниетанымы «Қандай заман болса да, арды биік ұстау керек» деген қағиданы алға тартады. «Малым – жанымның садағасы, Жаным – арымның садағасы», «Өлімнен ұят күшті» деген сөздер соның дәлелі болса керек. Сондықтан бүгінгі «сұйық» заманда өмір сүре отырып, қазақтың дәстүрлі құндылықтарын қайта жаңғырту – рухани өмірдің тұрақтылығы үшін аса қажет. Қазақтың дәстүрлі дүниетанымы беріктікке, тұрақтылыққа, қасиетті қарым-қатынасқа, ұжымдық өмірге негізделген. Ежелден қазақ үшін ата-баба дәс-
түрі – заң, отбасы, қауым – адамның басты тірегі, сөзге беріктік, уәдеге адалдық – ердің абыройы, туған жер мен ата-ананы құрметтеу – өмірлік парыз. Ұрпақ сабақтастығы, яғни рухани құндылықтар атадан балаға үздіксіз беріліп отырды. Намыс пен арды қорғау, ұл мен қыздың абыройы – бүкіл рудың беделі болды. Ұжымдық сана мен бауырмалдық терең еді. Жеке адам өзін тек қауымдастықтың бір бөлігі ретінде сезінді. Яғни, бүкіл рухани және қоғамдық қатынастар «қатты» құрылымға – тұрақты ережелерге негізделді. Ал сұйық заман – тұрақсыздық пен үнемі өзгеріс заманы. Адамдардың өмір сүру салты да, қарым-қатынасы да тез өзгереді, әлеуметтік рөлдер жеңіл алмасады, міндеттер уақытша ғана, ұзақмерзімді сенім мен жауапкершілік әлсірейді, жеке қызығушылық ұжымдық мүддеден жоғары қойылады. Яғни, бұл заман концепциясы біздің дәстүрлі дүниетаныммен еш қабыспайды деуге негіз бар. Бұл ретте Міржақып Дулатұлының «Заманның көз сал халіне. Халқыңның ойла пайдасын, Өзің үшін налыма... Басыңды тік бәйгеге, Бір халқыңның қамына... Қиянаттан бой тартып, Шық әділет жағына» деген жолдары қазақ жастарына тірек болардай.
Десе де, Қазақстан қоғамы да бұл «сұйықтықтан» тыс емес. Қала мен ауыл арасындағы айырмашылық, жастардың шетелге көшу үрдісі, ақпараттың шектен тыс көптігі мен сенімсіздігі, құндылықтар дағдарысы – осы заманның көріністері. Мысалы, жастардың болашаққа сенімсіздігі, тұрақты жұмысқа қызығушылығының азаюы – сұйық заманның нақты салдары. Бір қарағанда таңдау еркіндігі көп сияқты, алайда соның ішінен өзіне лайық жол табу қиын болып барады. Қазақстанда да фриланс және стартаптар кеңейіп келеді,
upwork, freelansim секілді платформалар белсенді қолданылады. Қазақстанда ауылдан қалаға қоныс аударушылар қатары өсуде, орталықтар мен провинция арасындағы әлеуметтік байланыс әлсіреді. Интернет арқылы қарым-қатынас дами түсті – бірақ кездесу, араласу сиреді. Еңбек нарығында тұрақты жұмыс азайды. Мәселен, 2024 жылы қысқамерзімді еңбек саясаты кеңейді, тұрақты жұмыс орындары 30 пайызға кеміген. Елімізде де бренд пен статус сатылымы – әлеуметтік мәртебенің өлшемі саналады. 2023-2025 жылдары заттық тұтыну 15 пайызға өсіп, қаржылық тәуелсіздікке өзгеріс енгізді. Қазақстандықтардың арасында «Жеке бренд» қалыптастыру – өзімшілдікке басымдық беру маңызды үрдіске айналды, әсіресе қалалық жастар арасында 50 пайыз жастар өзін онлайн арқылы таныта бастаған. Демократиялық институттарға халық сенімінің төмендеуі байқалды. 2024 жылғы сауалнама бойынша жастардың 60 пайызының саяси көзқарасы бұлыңғыр. Әлемдік және академиялық талдаулар Бауманның «Сұйық заман» түсінігін бүгінгі әлеуметтік құрылымдарды түсіндіруде маңызды құрал деп таниды. Қазақстандық жағдай да осы қағидаларға сәйкес трансформация нәтижелерін көрсетеді. Яғни, тұрақсыз жұмыс, әлсіреген қоғам институттары, виртуалды қатынас пен жеке тұлғаның «өзіне жаңа бағыт іздеуі».
Үмітсіздік үрейі
Неміс әлеуметтанушысы, ойшыл Ульрих Бек: «Қазіргі қоғам – «қауіп қоғамы» дейді. Сарапшылардың айтуынша, «сұйық» заманда адамдар үнемі болашаққа алаңдаумен өмір сүреді. «Тәуекел» мен «белгісіздік» күнделікті тәжірибе негізіне айналады. 2022 жылы Лодзь университеті ғалымдары Полина Матера мен Рафал Матера «Сұйық постмодернділік тұрғысынан қорқыныштар» атты Бауман тұжырымын талдайтын зерттеу жариялады. Ғалымдар Бауман танымының негізгі түсініктері – қорқыныш, мазасыздық және белгісіздікке назар аударған. Зерттеу авторлары Бауман тұжырымдамасын талдай отырып, «Қорқыныш тұрақты ма, әлде өзгермелі ме?», «Олар күшейіп жатыр ма, әлде әлсіреп жатыр ма?», «Бір қорқыныш кетіп, орнына басқа үрей келе ме?», «Бауманның көзқарасы басқа әлеуметтанушылармен қаншалықты үндес немесе кереғар?» деген басты мәселелерді қарастырды.
Зерттеу қорқынышты яки үрейді Бауман тұрғысынан қарастырып, бірнеше түрін атап өтеді. Мәселен, онтологиялық қорқыныш, яғни өмірдің мәні мен адамның бар болуына деген негізсіздік сезімі. Бауман бұл қорқыныш сұйық заманда тұрақты болады деп жазады. Екіншісі, экономикалық қорқыныш. Бұған жұмыссыздық, теңсіздік, мансаптағы белгісіздіктерді жатқызады. Бұл бүгінгі күннің негізгі үрейі болып отыр. Үшіншісі, саяси үрей. Яғни, мигранттар, терроризм, саяси биліктің күшеюі секілді қорқыныштар. Сонымен қатар жаңа табиғи үрейлер де адамзат санасынан берік орын теуіп отыр. Оған климаттың өзгеруі, техникалық катастрофалар секілді ХХІ ғасырда пайда болған жаңа үрейлер жатады.
Зерттеушілер Бауман концепциясын басқа әлеуметтік теориялармен де салыстырады. Мәселен, «Detour» стратегиясы – белгісіздікті жеңу жолын айналма тәсілдер арқылы іздеу, Generalized other тұжырымдамасы – қоғамдағы «басқаларға» деген қорқыныш адамның өзіндік әлеміне әсер етеді деген секілді теориялар. Авторлар қорытындысында онтологиялық қорқыныш тұрақты қатып қалады десе, экономикалық немесе саяси үрейлер өзгеріп, кейде жаңалары пайда болады деп көрсетеді. Бұл зерттеу – «сұйық замандағы» қорқыныштар қалай өрбиді, адам қандай жағдайларда ең қатерлі үрейді сезінеді және оның өмірге, саясатқа әсері қандай болатынын түсінуге арналған маңызды аналитикалық жұмыс болды.
Не істеу керек?
«Уақытты тоқтатар шамаң бар ма? Бәрі өтеді: дәуірлер, замандар да» деген Мұқағали сөзіне сенсек, уақытты тоқтата алмаймыз, заманмен бірге әртүрлі құбылыстар да орын ала бермек. Десе де, заманның қайсыбір жағымсыз құбылыстарына еріп, рухани тірегімізден көз жазып қалмас үшін дұрыс әрекеттер керек-ақ. Мамандар «сұйық заманда» сақталуы тиіс басты құндылықтарды да атап көрсетеді. Басты құндылық – ішкі тұрақтылық дейді. Қанша «сұйық» болса да, адам өзін тану мен табу жолында тұрақты ішкі өзегін қалыптастыруы керек. Яғни, адам қандай жағдай болсын өз мінез-құлқын сыртқы жағдайларға қарай өзгертпеуі ләзім. Екінші – адалдық, өз ұстанымдарына, сеніміне беріктік. Сонымен қатар эмпатия, өзгелерді түсіне білу және қолдау қажеттігі де бүгінгі қоғамда басты сақталуы тиіс құндылық болып отыр. Сондай-ақ қоғам алдындағы жауапкершілік, тек жеке бас пайдасын емес, ортақ мүддені ойлау да «сұйық заманның» зиянынан сақтамақ. Мамандар дәстүр, мәдениет, ұлттық тарих – адамның негізі болса, оларды ұмытпай, заман талабына сай бейімдей білу маңызды екенін айтады. Осы қасиеттердің барлығын сақтау үшін «Үздіксіз даму – сұйық заманда тірі қалудың жолы» дейді олар.
Түйін:
Сарапшылар бұл заманды «Әлеуметтік жауапкершіліктен арылған индивидтер уақыты» деп сипаттайды. «Сұйық заман» – дағдарыс емес, ол – бейімделу мен жаңаша ойлаудың дәуірі. Тек сол толқынға жұтылып кетпей, бағытын анықтай алған адам ғана адаспайды. Философтар мен әлеуметтанушылар бұл құбылысты ескертусіз еркіндік пен жауапкершіліктен босау ретінде бағалайды. Не десе де, сұйық заманда сұйылып кетпей, ішкі рухымыздың берік болуына мән бергеніміз абзал.
Наурызбек САРША