Ұстаз келбеті. Академик Сейіт Қасқабасов – фольклортану көшбасшысы

Бүгін, 14:45 / Túrkіstan International Political Weekly

Ұстазым, академик Сейіт Асқарұлы – батыс пен шығыс мәдениетін қатар меңгерген, сол биіктен өз ұлтының руханиятына терең үңіліп, байыпты баға бере алатын зерек тұлға еді. Әдетте, кейбір кісілер батыс мәдениетіне ауып кетсе, өз елінің топырағына орала алмай будан күй кешеді, ал ауылдық аяда қалғандары қазақбайшылықтан бойы аса алмай, бөгде құндылық атаулыны жат көріп, тағы да жарымжан халде жүреді. Менің ұстазым – еуропаның классикалық өнеріне тағзым етіп, ұнатқанымен қоймай, халық өлеңінің небір үлгілерін өзі де шырқап, қоңыр кеште қоңыр домбырасымен сырласа алатын талғампаз жан. Оған мәдениет атаулы жат емес, орыстың частушкасын тойларда жатқа айтса, қазақтың «угәй-айын» кез келген сәтте қалықтатып айта береді. Оның былайша бесаспап боп қалыптасуына, кеңірек қарасақ, мәдениеттер типологиясын зерттеуге бағытталған фольклоршы мамандығы, өскен ортасы, оқыған мектебі, ғылымға жолын ашқан ұстазының тәлімі әсер еткен болуы керек. 

Ол ұзын Ертіс тулап құятын Зайсан көлі­нің жағасында туып, қарлы шыңы көк тіреген Алтай тауының баурайларында балалық ша­ғын өткізеді. Соғыс жылдарында анасы «Ско­тимпортта» еңбек еткендіктен,  бала Сейіт ат жалын ерте тартып мініп, туыс­тары­мен бірге мал бағады. Оған жылқышының қара қосы, қойшының қоңыр күркесі, аңшы­ның қара бақыры сол кезден-ақ етене таныс бола­ды. Сейіт ағаның анасы Әу­жан ана ақын­дық қабілеті бар, өлең жаза­тын, ән салатын ар­қалы жан болған екен. Ағаның халықтың ән-жырына құштар болуы ана әлдиімен бірге дарыса керек. 
Сейіт ағаның әкесі Асқар атамыз соғыс бас­талардан бұрын Зайсанда ұжымшар бас­қара­ды. Әужан анамыз Сейіт аға құрсағына біт­кенде, бір қара еркек қойды көзі шалып, соның етіне жерік болады да, Асқар атамыз оны сойып, жұбайына жеңсік асын берген де­се­ді. Эпостағы аналарымыз болашақ батыр өмірге келерде айрықша аңның етіне жерік болатыны белгілі. Сол секілді Сейіт ағамыз­дың өмірі де ғажайыптардан бастау алады. Фо­льклордағыдай өзгеше туу рәсімі орын­дал­ған соң ғажайып бала Сейіт өмірге келеді. 
Сейіт аға сұлулыққа құштар, эстет, сезім­тал жан. Ол Арқаның әндерін асқақтатып ай­тады. Әсіресе, туған жері Зайсан мен Мар­қакөл әндерін біздерді көргенде елжіреп шыр­қайтыны бар. Өлең поэтикасын керемет талдайды, өзі де өлең жазады. Өлеңнің ішкі бітіміндегі қарама-қайшылық, мифтік диа­лектика туралы көптеген ойтамызық тастай­ды шәкірттеріне. Мұндай қызықты тұжырым­дарын «поэзиялық образ логика емес, кері­сін­ше логикаға қарсы құрылады» деп түйін­дейді. 
Сейіт аға нағыз ғалым болғандықтан, бі­лім­нің қадірі мен қасиетін, қиындығы мен қызығын бір адамдай парықтап, парасатты ой тастап отырады. Ол ешқашан да кеуде со­ғып, мен бәрін білем деп тоқмейілсіп көр­ген емес. Шәкірттеріне «Білетінім – бір тоғыз, біл­мейтінім – тоқсан тоғыз», «Кітапты көп оқы­ған сайын өзіңнің аз білетінің көріне бас­тайды», «Қателесем деп қорықпа, қате­лесу­ге әркімнің қақысы бар, қателік дұрыс­тықты тудыруға себеп, күдік ғылымды дамы­туға түрткі» деп жастарға кішіпейілдікпен, ке­шіріммен  қарайды. Шәкірттерін буыны бекіп, жасқаншақтыққа ұрынбай, ғылым көкжиегіне еркін қанат қағып кетуге баулып, талпындырып отырады. 
Сейіт ағаның ең үлкен қыры – жастарды тәрбиелеу, білетінін шәкірттеріне жалықпай үйрету. Оған бұл мінез ұстазы, профессор Н.Смир­новадан жұқса керек.
Сейіт ағаның кітапханасы аса бай. Ол шә­кірттеріне білгенін және құнды кітапта­рын ешқашан аямайды. Әдетте, кейбір ға­лым­дар бір тақырыпты меншіктеп алып, ол туралы басқа біреу жазса, сол адаммен жау­ласып, жағаласып жүреді, немесе архивтен бір құжат тапса, соны өмірбақи малданып, бас­қадан қызғанумен өтеді. Мұндай қылық он­дай жандарды қызғаншақтық пен іштар­лық дертіне шалдықтырып, тұйыққа тірейді. Мұндайлар туралы белгілі ғалым һәм жазушы ағамыз М.Мағауин «Архив хикаясы» деген әңгімесінде жақсылап жазғаны бар. Ондай адам­дар басқалар менен аз білсе екен деп мы­сықтілеумен жүрсе, Сейіт аға керісінше шә­кірттерім менен артық білсе екен деп, жас­тарға салмақ салып, қамқорлық жасайды, қа­ламын ұштай түседі. Ол өз біліміне, еңбе­гіне толық сенімді болғандықтан да ізін қуушылардың өзінен артық қабілетті болуын армандайтын шын ұстаз. Тегінде, ғылым де­ген дарынды тұлғалардың тудыратын жа­сам­паздығы ғана емес, сан ғасырлар бойы ұжым­дық ізденістен туатын ортақ сипаты бар дү­ние екенін ағаның алдын көргенде түсінесің. Со­нымен бірге қандай бір жеке  халықтың өзіндік дара ғылымы жоқ, ол – әлемдік ақыл-оймен сабақтасып, құндылықтармен, озық теория мен әдіснама, дерекқорымен бір-бірін нәрлендіріп тұратын құбылыс. 
Қазақ фольклортануындағы көрнекті ға­лымдар С.Қасқабасов пен Е.Тұрсыновты Қаз­ПИ-ге 1-курсқа түскен күнінен бастап, про­фессор Н.Смирнова Мәскеу бағдар­ла­ма­сымен арнайы дайындапты, кейін ұстазымыз бұл тәсілді өзінің жас шәкірттеріне де қол­дан­ғаны байқалады. Жастық ізденістері бірге өткен фольклортанушы екі ағамызды зиялы орта кезінде «тандем» деп атапты. Олардың басқа әріптестерінен негізгі бір ерекшелігі – екеуі де филология факультетінде орыс тілін­де дәріс алуы және Н.Смирнова секілді атақты ұстазға шәкірт болуы деп айта аламыз.
Қазақ филологиясындағы кейбір жағдай­ларға қарап отырсақ, күні бүгінге дейін оқ­шау­ланып, өз қазанында өзі қайнап,  өзін-өзі қызықтауға тап болғандай аңыс сезіледі. Ке­зінде О.Сүлейменовтің «Ауылдан келген балалар университетте қазақ филологиясына оқуға түседі, томағатұйық танымда қалады, ақыры өз ауылынан басқаны бағалай алмай­тын райондық деңгейдегі патриотқа айна­ла­ды» деп айтқаны ащы да болса шындық деуге бо­лар. Ал бұл үдерістен басқа кепте, өзгеше қи­сында тәлім алған С.Қасқабасов пен Е.Тұр­сынов қазақ фольклортануына жаңаша сер­пін әкелді, соны бетбұрыс жасай алды деп бү­гіндері тұжырымдай аламыз. Бұл екі ға­лымның алдында ескінің соңы, жаңаның басы боп тұрған, А.Байтұрсынұлы, С.Сей­фул­лин, М.Әуезов, Е.Ысмайыловтан жалғасқан алтын шынжырдың дәнекер буыны – 
М.Әуе­зовтің төл аспиранты, халық өлеңінің білгірі, филология ғылымдарының докторы Б.Уахатов деуге болады. Сейіт аға белгілі ға­лым, батыр М.Ғабдуллин басқарып отырған Фольк­лортану  бөліміне диссертациялық жұмысын ұсынғанда еңбегіне оң пікір біл­діріп, болашағына тілекші болған сол 
Б.Уахатов еді. 
Сейіт аға бізге ғылым әлемінің әліппесін үйретуде жұмысты қарапайым деңгейде бас­тады. Ол жаңадан ғылымның табалдырығын­да тұрған бізді басымыздан сипап, аялап, балапандай баулып, күн сайын қадағалап қана қоймай, ең әуелі конспект жасауды үй­рет­ті. Біртіндеп тәлім-тәрбиені күрделендіре түсті. Бір аптада екі рет белгілеген кестесі бойынша конспектімізді тексереді, оқыған кітаптарымыздан емтихан алады, сұрақтар қояды. Біз оқушыдай түрегеліп тұрып жауап береміз, ұстазымыз бізді жылы мейіріммен өзіне баурап, бауыр бастырып алғаннан кейін, «басқа жаққа қашпайтынымызға» көзі жеткен соң, қатқыл мінез танытып, қаһарла­на түсетін болды. 
Академиктің алдында елдің көзінше тір­сегің дірілдеп, тік тұрып жауап бересің, тап­сырма уақытында орындалмаса, жұмысқа көңілі толмаса, тұздықты сөздермен сыбап тастайды. Шыны керек, ғылымға өз басым Сейіт ағаның ақ шашын сыйлап қорық­қан­дықтан, ар-намысым оянған себепті еріксіз кел­ген болуым керек. 
Сейіт аға кабинетте сұсты, қаһарлы, ашу­ланғанда жолбарыстай жанары жарқылдап, қайратты ақ шашынан да айналаға ызғарлы қырау, қылау шашылып тұрғандай сезіледі. Ол – темір тәртіп дәуірінде өмір сүрген, өмір­дің мәнін тәртіп деп қана ұққан адам. Ал біз­дер (өз басым)  «тәртіпсіз», мейлінше ер­кін­деуміз. Сейіт ағаның айтқанына сәл көн­бейін десең, ол өзіңнен білімді, дана адам, бәрін болжап, біліп тұрады, қарсы келейін десең, оның адамгершілігі, кісілігі өзіңнен асып жатыр. Ол сонымен бірге адамның ішкі ойын, мінезін оқитындай психолог. Жер жа­наты Жетісуда, қасиетті Қаскелеңде наға­шысының қолында өскендіктен «Жемісі бар ағаш иіліп тұрады, жемісі жоқ ағаш қайқайып, қақайып тұрады» деп тәмсіл айтып, ман­сап­тың ызбарлы биігін мансұқтап, қарапайым қалыпқа түсе қалатыны тағы бар. Не өзіңді, не ұстазыңды алдай алмайсың. Ақыры, ерік­сіз мойынсал болып, көндігесің, ғылым мұхи­тының көкшулан толқынынан сескеніп, қор­қып, шанағыңның тар екенін білсең де, Аллаға, одан кейін ұстазыңа сеніп, тәуекелге бел буады екенсің. Аяғында оның айтқанына көніп, той-томалақты күрт сиретіп, жар­қыл­даған жиын-топырға да бармай, журналистік-публицистикалық мақалалар жазып баспа­сөз­де көрінбей, академия мен үй арасын ғана жол қылып, шытырман кітаптар аралының арасында өмір сүресің. Әрине, басында ақын­мын деп «айға атылып» жүргендіктен, азан­нан кешке дейін сұр кабинетте сарылып отыру­ға бірден төселе алмайсың. Бұл кезеңде Сейіт ағаның «ғылымды бас қана емес, негі­зінен батпандап отырған сабырың жасайды» деген сөзі сені төзімге шақырады.  
«Жалғыз жалау жалтылдап, Тұманды теңіз өрінде» дегендей кітапхана қабыр­ға­сын­да қамалып, алыптармен арпалысып оты­расың. Дүние жүзінің ғұламаларымен үн­сіз тілдесіп, небір дана ойларға тоғытыла­сың, академиялық ауыр ғылымның салмақты табиғаты еңсеңді біртіндеп езе бастайды.
Мен академияға алғаш келгенде өздері бәрін біліп тұрса да, ештеңе жазып, ешқандай еңбек қорғамаған, қорғағысы да келмейтін са­марқау да сартап оқымыстыларға кез бо­лып, таң-тамаша болғаным бар. Академиялық ғылымның ауыр жауапкершілігін иығымен сезінген олар үнсіз жүргенді жөн көргенін кейін­нен білдім. Бірақ бұл тұйыққа тап бол­ғанда Сейіт ағаның «Білгенім бір тоғыз, біл­мегенім тоқсан тоғыз», «Әркімнің қателесуге қақысы бар, бұрыстық дұрыстыққа себепші болады» деген сөздері көңіліңе үміт ұшқынын шашады, ұстазыңның мейірбан жүзі мен сенімді көзі, саған ұқтырған күрделі түйін­дерді шешетін теориялық-методологиялық қи­сындары қалам алуыңа, қайраттанып жазып кетуіңе демеу береді. Ол мұндай тұста библиографиялық көрсеткіш ұсынып, фольклортану мектептерінің кезеңдері, өкілдері, олар ұстанған түрлі бағыттар мен концепциялар туралы дәріспен сусындатады. Алуан түрлі ғылыми көзқарастар, олардың арасындағы талас-тартыс, біздерге қандай жол қолайлы екеніне бағыт береді. Ол өзі ұсынған еңбектер тізімін «Тұманды теңізде адастырмайтын компас» деп айтқаны әлі есімде.  
Сейіт ағаның кітапханасы өте бай, онда 5 мыңнан астам кітап бар. Фольклортану, этнография, сөз өнері, түркологияға қатысты сирек кездесетін салалық кітаптар жүйелі жиналған. Сейіт аға бұл кітаптарды тынымсыз пайдаланып, кейбірінің ішіне ақ қағаз қыстырып, пікірлерін үнемі түсіріп жүретіні де аңғарылады. Әдетте, Сейіт ағаны жұмыста кездестірсең, ызғарлы секілді сезіледі. Ал үйіне барсаң, жүзінен шуағы төгілген  мейірбан қарияға тап боласың. Сейіт аға құтты мешіт үйіндей қасиетті шаңырағына енгенде жан дүниесі барақат тауып, асыл жары, өмірлік арқатірегі Тамара жеңгеміз бен немерелерінің қасында жаздай жадырап шыға келеді екен. Шапанын жамылып, ақ домбырасын қолына алып, қоңыр әуенге басады. Немерелері келсе, айналып-толғанып шуағын шашады. Талай ғажайып еңбектері дүниеге келген кабинетінің есігінен аттағанда ерекше шабытты күйге түсіп, саған деген ықыласы да жүз есе арта түскендей болады. Тамара тәтенің ақ пейілімен ақтарылып жайған көл-көсір дастарқанынан дәм татқан соң, академик ағамыз кабинетінде қабылдап, алдымен өзінің жазып жатқан зерттеулерінің жай-күйі туралы саған есеп береді, одан кейін ғана өзіңе берген тапсырмалар туралы сұрай бастайды.  
Ағайдың кітаптарына қызығасың, ал қалаған кітаптарыңды көруге, ақыл-кеңес алуға, үйіңе әкетіп оқуға рұқсат етіледі. Шығарыңда оларды блокнотына ай-күнін қойып, тізімдеп алады. Иә, бұл кітапханадан ғылымға келген талай өрелі ағаларымыз тәлім алыпты. Бізден бұрын З.Сейітжанов, К.Матыжан, Ш.Керім, А.Әбдісадық, одан ілгері Б.Майтанов, С.Негимов, Н.Әлімбай, С.Қорабай бастаған буын да қызығын көрген деседі. Жазушылар да ағайдың кітаптарына құмар болады. Мәселен, бір шетін жағдай – В.Жирмунскийдің «Тюркский героический эпос» деген кітабын А.Сүлейменов ағамыз алыпты да, қайтаруға мұршасы болмапты. Осы кітаптан басқа небір ғажап дүниелердің барлығын Сейіт ағаның кітапханасынан алып оқуға, қарап танысуға мүмкіндік туғанына бүгіндері мың шүкір етемін. 
Сейіт аға академиялық дәстүрде тәрбиеленіп, ғылым кеңістігіне самғап,  ұстазы Н.Смирнованың мейірбан тәрбиесін көрген бақытты жан. Өзі де өнегелі мектеп қалыптастырған көшбасшы. 
Әрқандай ғылымның шыңы, барар асуы – классификация десек, Сейіт аға осы күрделі де ауыр жұмысты атқарып, жанрлар теория­сын ашқан кәсіби маман болғандықтан қазақ фольклорын жүйелеу, жанрға бөлу, түрге жіктеу, түгендеу жұмысын табысты жүргізді. А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқы­шынан» басталған бұл күрделі жұмыс Сейіт ағайдың жалпы редакциясымен, тікелей жетекшілігімен жарық көрген «Қазақ фо­льклорының тарихы» (2008) атты ұжым­дық монографияда тиянақтала түсті деуге бо­лады. 
Әсіресе, ол қазақ халық прозасының жанрлық жүйесін жасады, бұл үлгі туысқан халықтар үшін де тағылымды болды. «Қазақ қиял-ғажайып ертегісі» (1972) еңбегі арқылы отандық ғылымда ертектануға негіз қалады.  Бұл – шын мәнінде отандық ғылымда фольк­лордың жеке жанрына арналған алғашқы іргелі монографиялық зерттеу. Зерттеуде қа­зақ қиял-ғажайып ертегісінің халқы­мыз­дың өмір-тіршілігі, наным-сенімі, арман-қия­лынан алатын орнын, этно-мәдени са­бақ­тас­тығын анықтап берді. Ашығын айт­қанда, бұ­рын фольклорды әдебиеттанудың теория­лық-методологиялық талаптарымен тар аяда зерттеп келсе, бұл жұмыста этнографиямен, та­рих­пен, әлеуметтану, философиямен бір­лікте зерттеп, фольклортанудың жеке ғы­лыми пән екенін айшықтады. Қазақ ерте­гі­лерінің халықаралық Аарне-Томпсон ка­та­логі жүйесіндегі сюжеттік типтерін айқын­дап, сюжеттер мен мотивтердің әлемдік ерт­егіден алатын орнын белгілеп, типоло­гия­сын, туысқан түрік халықтарымен генети­калық байланысын тайға таңба басқандай ажыратып көрсетіп берді. 
Қазақ фольклорының шығыс мұра­лары­мен, соның ішінде араб, парсы, үнді әлемімен са­бақтастығын, түрік халықтарымен тұ­тас­тығын зерделеді. Біздің мәдени мұрамыздың көбісінің шығыспен тамырласып тұрғанын советтік кезеңнің өзінде тайсалмай ғылыми тұрғыда айқындады. Құран Кәрімді Совет өкіметі кезінде ғылыми нысанға айналдырды. Ол жылдары Құран Кәрімді ғылыми айна­лымға кіргізбек түгілі, оның атын айтқан­дарды қудалап, сүргінге ұшырататын. 
Сондай-ақ Сейіт аға сөзден мұнара тұр­ғызған қазақ халқында тек қана өлең-жыр емес, теңіздей телегей үлкен проза бар екенін негіздеп, миф, хикая, әпсана, ертегі, аңыз нұсқаларының табиғатын даралап, жеке-же­ке жанр етіп жасақтады. Мұны «Қазақтың ха­­лық прозасы» (1984) деп атады. Жазба әде­биетте бірден «Абай жолы» сынды алып эпопея туғызған елдің ақыл-ой шыңырауында халық прозасының мөлдір қайнары шүпілдеп  жатқанын, осынау қайнаркөз қазақ діңін мәң­гі сусындата беретін кәусар екенін көр­сете білді. Қазақ жыршы ғана емес, қара сөз­дің хас шебері, шытырман оқиғаны қы­зық­тырып құрап айтқыш, алуан түрлі нәрлі әңгімеге аса бай суреткер ел екенін дәйекті дәлелдеді.  
«Бабалар сөзі» жүзтомдығына 5 том ер­тегіні жариялағанда осы бағыттағы жұмыстар тиянақтала түсті. Халық прозасын тұңғыш жүйе­леген Сейіт Асқарұлы – қазақ ертегі­лері­нің барлығын түгел жинап, оларды тұтас оқып тексеріп, сюжет пен мотивтерін жіктеп, кар­тотека жасап, нақтылы есеп-қисабын тү­зіп, санақ жүргізген жанкешті ғалым. Бұл кар­тотека ағайдың үйінде сақтаулы әрі «Ба­балар сөзі» жүзтомдығына ертектердің сю­жеттік типтерін айқындағанда осы жұмысы бізге үлкен жәрдемін тигізген еді.  
Қазақ халық прозасын зерделегенде хал­қымыздың мыңдаған жыл бұрынғы тарихы, танымы, қандай елдермен қарым-қатынаста болғаны, ой-өрісі, жадысы, сөз өнерінің  қа­лыптасу кезеңдері дәйекті сарапталды, халық прозасының табиғатын тексеріп, жүйелі клас­сификация жасалды. Бұл еңбектер – сол кез­дегі үстем боп тұрған маркстік-лениндік қы­зылшулан көбік сөзден ада, ұлт тарихын асқақтатқан, ешқашан ескірмейтін этноло­гиялық, фольклортанулық қағидатпен жа­зылған шоқтықты дүниелер. Ғалым биб­лиог­рафиялық сирек нұсқаға айналған осы зерт­теулерін 2000 жылдары қайтадан жария­лады, сонда бір сөйлем немесе бір абзац қыс­қармай, өзгертілмей, әу бастағыдай сол қалпында оқырманға жол тартты. Бұл – осы кітаптардың ғылыми тұғырнамасы берік қа­ланған, саясаттан тыс жазылған, таза клас­сикалық зерттеу, аса бағалы  ғылыми мұра екенінің тағы бір дәлелі.   
Сейіт Асқарұлының жетекшілігінде қазақ фольклорының әрбір жанрына жеке-жеке монография арнау – бүгіндері 100 том болып жарық көрген бай мұрамызды ғылыми ны­санға айналдыру, игеруге жол ашатын ке­шен­ді жұмыс. Осы салада Сейіт ағаның жолын жалғастырған кейінгі буын шәкірт ғалымдар да тер төгіп келеді. Атап айтқанда, қазақ кө­не-наным сенімдерге қатысты фольк­лоры­нан Б.Абылқасымов, отбасылық ғұрып фольклорынан К.Матыжан, қазақ дастанынан Б.Әзібаева, жұмбақтан Ш.Керім, тарихи жырдан А.Әбдісадық, жер-су аңыздарынан А.Паңгереев, антикалық мифтен Р.Әлмұха­новалар докторлық еңбек қорғаса, ауыз-екі әңгімеден П.Әуесбаева ғылыми диссертация жазды. Марқұм досым Бақыт Әбжетке «Қазақ-иран ертігегілері» бойынша қорғатып, қазақ-парсы тарихи байланыстарына ізденіс жасатты. Ал маған ұстазым «Қазақтың халық прозасы» зерттеуінің миф деген бір тарауын тәбәрік етіп ұсынды. 
Сейіт аға бізге «Қазақ халқының мұрасы үш жерде сақталған. Оның біріншісі, ескі қо­рымдарды қазсаң, археологиялық мұраң шы­ғады. Екіншісі, халқымыздың алтын сан­дық кеудесін қазып, көзі тірі ақсақал ата-апа­лардан жазып алсаң, сонда қазына бар. Үшін­шісі, қолжазба, архив, қоймада тұрған дү­ниелер. Осының бәрін жинап жариялап, жүйелеп  зерттеу керек» дейтін.
Академиктің басқаруында қазақ фольк­лорының «Бабалар сөзі» деп аталатын жүз­томдығы, ежелгі әдебиетіміздің антологиясы «Әдеби жәдігерлер» сериясы 20-томдығы жарық көрді. Мұның көбісі бұған дейін архив қоймаларында шаң басып жатқан, жарыққа жеткендерінің өзі бұрмаланып, жұлмаланып шығарылған. Совет өкіметі кезінде біздің фольклорымыз, ертегі, дастан-жырларымыз қайшыға ілінген. Партия өздеріне жақпайтын тұстарын кесіп алып тастап отырған. Соның бәрін қайтадан қалпына келтіріп, тексто­логия­лық жұмыс жасап, ғылыми түсініктеме­лерін жазып, жүйеленіп, жария етілді. Бұл әлемде теңдесі жоқ мегажобаны атқарып, ұйым­дастырған Сейіт аға. Осы жұмысқа кіріс­кенде «Бізден жүз том фольклор шық­пайды» деп бұған күмәнмен қараған әйдік қайраткерлер болған. Алайда осының бар ауыр салмағын, таудай тауқыметін М.Әуезов атындағы институттың ғалымдары және институт басшысы Сейіт аға көтеріп алды. Бүгінге дейін түрік және әлем халықтарында жүз том фольклоры бар тек қазақ халқы ғана. Ресейде барлығы 60 томға жоспарланып 1983 жылдан бері шығарылып келе жатқан «Сібір және Қиыр Шығыс халықтарының фольклор ескерткіштері» деген антологияның әзірге дейін 34 томы жарық көрді. 
Алаш жұртының абызына, түгел түріктің марқасқасына айналған Сейіт Асқарұлының мәңгілік рухани сапары жалғасып, батыр ба­ба­лардың соңынан аттанып кетті. Ол бас­қарып жүзеге асырған қазақ ұлтының брен­діне айналған  «Бабалар сөзі» жүзтомдығы әлем мәдениетіне тамырлы жұртымыздың қос­қан інжу-маржаны екенін ғылым қауым­дастығы жоғары бағалайды. Бірде ақын ағамыз Серік Тұрғынбеков «Қасқабасовтың соқ­пағы – қасқа жол, басқалардың шиыры – басқа жол» деген еді. Бұл әдемі айтылған әзіл­дің  астарында ақиқат жатқанына оның тау­дай еңбектерін тамашалап қарасаң көзің жетеді, көңілің сүйсінеді.

Ақеділ ТОЙШАНҰЛЫ,
 Түркі академиясының сарапшысы,
филология ғылымдарының 
кандидаты

Тэгтер:

Сейіт Қасқабасов фольклортану көшбасшысы фольклортану