Өзбекстан астанасы Ташкентте Түркі мемлекеттері ұйымының III Диаспора жастары форумы өтті. «Шекарасыз мұра: болашақты қалыптастыратын диаспораның жас көшбасшылары» атты форумға Қазақстаннан «Отандастар қоры» КеАҚ өкілдері де қатысты.
Форум аясында Түркия, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Венгрия, Франция және Германияда тұратын түркі диаспорасының жас көшбасшылары бас қосып, өзара тәжірибе алмасты.
«Өзбекстанда 1 миллионнан аса қазақ тұрады, ал Қазақстанда 600 мыңнан астам өзбек ұлты тұрады. Олар екі елді байланыстырушы алтын көпір. Елдеріміздің Түркі мемлекеттері ұйымы мен Орта Азия шеңберінде бірлесіп жұмыс істеуі маңызды. Делегат ретінде мен ТМҰ жас сарапшылар мектебін құруды ұсынамын. Түрлі саладағы жас эксперттер жаңа идеялар мен ұтымды шешімдер ұсыну арқылы мемлекетаралық байланыстың одан әрі дамуына себепкер болатынына сенімдімін», – деді форумда сөз алған «Отандастар қоры»КеАҚ өкілі Алжан Шарипов.
«Отандастар қоры» өкілдері мен Өзбекстандағы Қазақ ұлттық мәдени орталығы арасында өткен мазмұнды диалог барысында екіжақты ынтымақтастықты тереңдету, шетелдегі қазақ жастарын қолдау және ортақ мәдени-гуманитарлық жобаларды дамыту мәселелері талқыланды.
Қор өкілдері аталған кездесуде шетелде тұратын этникалық қазақтарға арналған білім беру мүмкіндіктері туралы кеңінен баяндады. Атап айтқанда, Қазақстанда жоғары білім алғысы келетін жастар үшін бөлінетін арнайы гранттар мен қолдау шаралары туралы нақты әрі пайдалы ақпарат берілді. Өз кезегінде, Өзбекстандағы Қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы Серікбай Үсенов мырза орталықтың негізгі бағыттары мен жобаларын таныстырды. Ол өз сөзінде орталықтың этникалық қазақ жастарына ана тілі, мәдениет пен тарихты үйрету жолында белсенді жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Сонымен қатар Өзбекстанда жастар үшін білім, кәсіпкерлік және шығармашылық салаларда ауқымды мүмкіндіктердің бар екенін айтты.
Одан бөлек, «Отандастар қоры» өкілдері Өзбекстан Жазушылар одағына арнайы барып, ондағы халықаралық бағытта жұмыс жүргізіп жатқан әдебиет өкілдерімен сұхбаттасты. Өзбекстан Жазушылар одағының Халықаралық байланыстар және көркем аударма бөлімі бас маманы, жазушы әрі аудармашы Рисолат Хайдарова Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы әдеби ынтымақтастықтың қазіргі бағыттары жайлы жан-жақты ақпарат берді. Оның айтуынша, екі елдің Жазушылар одақтары арасында қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандум негізінде соңғы жылдары бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылған. Мысалы, 2022 жылы Ташкентте жарық көрген «Түркі әдебиеті інжу-маржандары» атты 100 томдық жинақтың 72–81 томдары қазақ әдебиетіне арналды және оны дайындау барысында Қазақстан Жазушылар одағы айрықша қолдау көрсеткен. Ал 2023 жылы Алматыда шығатын «Таң-Шолпан» журналында заманауи өзбек әдебиеті өкілдерінің шығармалары қазақ тіліне аударылып, тұрақты түрде жарияланған. Рисолат ханым Өзбекстан Жазушылар одағының құрылымында Қазақ әдебиеті кеңесінің де жұмыс істейтінін, оның рөлі мен беделі басқа ұлт әдебиеті кеңестерімен тең деңгейде екенін атап өтті. Бұл – Өзбекстандағы қазақ әдебиетінің жүйелі түрде дамуына мүмкіндік туғызып отырған маңызды құрылым екені сөзсіз.
Бұл кездесулер барысында тараптар қазақ және өзбек әдебиетінің тарихи тамыры, рухани жақындығы, қазіргі даму барысы және болашақтағы бірлескен жобалар төңірегінде пікір алмасып, әдебиет арқылы мәдени байланысты тереңдетудің маңыздылығына тоқталды. Жылы жүздесу барысында Жазушылар одағының музейін аралап, одақтың тарихы мен көрнекті жазушылары туралы тың деректермен танысу мүмкіндігі туды.
Іссапар аясында Қор өкілдері Өзбекстанда қазақ тілінде жарық көретін мемлекеттік деңгейдегі басылым – «Нұрлы жол» газетінің редакциясына барды. Кездесу барысында басылымның бас редакторы Юсупов Ғұламзәкір басылымның құрылымы мен жұмысы, таралымы мен маңызына тоқталды. Газет аптасына екі рет, 3 600 дана таралыммен басылып шығады. Ол Өзбекстандағы қазақ қауымдастығы үшін маңызды ақпараттық және рухани құрал ретінде қызмет етеді.
Бас редактор редакция ұжымының жұмысы, тақырыптық бағыттары мен оқырман аудиториясы туралы толық ақпарат ұсынды. Делегация мүшелері газет қызметкерлерімен пікір алмасып, бірлескен жобалар мен ақпараттық алмасу мүмкіндіктерін талқылады.