«Орталық Азия – Қытай»: мәңгі достық пен стратегиялық серіктестік

Бүгін, 14:00 / Ділда УӘЛИБЕК
сурет: akorda.kz

17 маусымда Елордада екінші «Орталық Азия – Қытай» саммиті өтті. 
Бұл жиын аймақтағы елдердің бірлігін бекемдеп, байланысын нығайтуға, серіктестіктің көкжиегін кеңейтуге жасалған тағы бір қадам ретінде бағаланып отыр. Саммит қорытындысы бойынша «Мәңгі тату көршілік, достық пен ынтымақтастық туралы шарт» қабылданды.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы ҚХР Төра­ғасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргі­зіп, екі ел ынтымақтастығының барлық ба­ғытын талқылады.
Саммитті Мемлекет басшысы ашып, сөз сөй­леді, Орталық Азия елдерімен жан-жақ­­ты ынтымақтастыққа ниет таныт­қаны үшін ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинге алғыс айт­­ты. Сондай-ақ Саммит жұмы­сы­на бел­се­не атсалысып, өңірлік ынтымақ­тас­тыққа ұдайы қолдау көрсетіп келе жат­қан Қыр­ғыз­­стан, Тәжікстан, Түрік­мен­стан мен Өз­­бекстан басшыларына іл­ти­пат білдірді.

– Жиынға қатысып отырған Орталық Азия мемлекеттерінің өзара сенімі мен ор­тақ күш-жігерінің нәтижесінде тату көр­ші­лік қарым-қатынасқа, достық пен қол­дауға арқа сүйеген ынтымақтастықтың бұ­рын-соң­ды болмаған үлгісі қалыптасты. Ор­та­лық Азия мен Қытай арасындағы бай­ла­ныс­тар мәңгілік, кез келген жағдайға бейім әрі жан-жақты стратегиялық серік­тестік дең­гейіне көтерілгеніне баса назар аударғым ке­леді, – деді Президент.

Орталық Азия басты логистикалық хабқа айналып келеді

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, қол­да бар мүмкіндікті біріктіру Қытаймен қар­­қынды әрі өзара тиімді ынтымақ­тас­тық­қа тың серпін береді.

– Орталық Азия мемлекеттерінің ішкі жал­пы өнімінің көлемі жарты триллион дол­лар межесіне таяп қалды. Кейінгі бес жыл­­да өңірдегі сауда айналымы айтарлық­тай ұлғайып, 10 миллиард доллардан асты. Өткен жылы біздің аймақтың Қытаймен ара­­дағы сыртқы саудасы 40 пайызға жуық­тап, 95 миллиард долларды құрады. Бұл – рекордтық меже. Аталған көрсеткіштің 46 пайызы Қазақстанға тиесілі. Еліміздің Қытаймен тауар айналымы 44 миллиард дол­ларға жетті. Қытай инвестициясы Қа­зақ­­станның экономикалық өсіміне маңыз­ды үлес қосып келеді. Бүгінге дейін көршілес ел бізге 26 миллиард доллардан астам қар­жы құйды. Қазақстанда Қытай капи­талы­ның үлесі бар 5 мыңға жуық кәсіпорын жұ­мыс істейді, – деді Президент.

Президент қазіргідей геосаяси ахуал күрделі кезеңде жеткізу тізбегінің сенімді әрі қауіпсіз бағыттарын құру барлық ел үшін стратегиялық тұрғыдан өзек­ті екенін айтты.

– Еуропа мен Азияның ірі өңірлерін жал­ғауда Орталық Азия басты логис­ти­ка­лық хабқа айналып келеді. Былтыр Қы­тай­дан Орталық Азия елдері арқылы та­сымалданған жүк көлемі 12 пайызға ар­тып, 211 мың контейнерден асты. Қы­тай­дан Еу­ропаға құрлық жолдарымен жө­нел­тіле­тін жүктің 85 пайызы Қазақ­стан­ға тиесілі. Біз құрлықаралық бай­ланысты күшейтуге және Орталық Азия аймағының бәсеке­лес­тік артықшылығын барынша пайдалануға ерекше мән береміз. Қазақ­стан «Бір белдеу, бір жол» мегажо­ба­сы­ның алғашқы буыны ре­тінде бұл бас­та­маны «Батыс Қытай – Батыс Еуропа», Транскас­пий халықаралық көлік дәлізі және «Солтүстік – Оңтүстік» секілді маңыз­ды тран­­зиттік бағыттармен ұштас­тыруды көз­дейді. Транскаспий бағы­тының тар­тымдылығын арттыру үшін Каспий теңі­зін­дегі айлақтарды жаңғырту және цифрландыру, жүк терминалдарын салу, сондай-ақ жүк кемелері өндірісін жол­ға қою бойынша жүйелі шаралар қа­был­дап жатырмыз. Осы орайда Қытай та­ра­пына Каспийдегі «Құрық» портында жүк тер­­ми­налын бірігіп салуды ұсынамыз, – де­ді Мемлекет басшысы.

Мәңгі тату көршілік, достық пен ынтымақтастық

Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика сала­сындағы ықпалдастықты өңірдің орнықты дамуына әсер ететін ең басты фак­тордың бірі ретінде атады.

– Біз озық технологиялар алмасуға жә­не энергетика инфрақұрылымдарын жа­ң­ғыртуға ниеттіміз. Сондай-ақ аймақ­тың энергетикалық қауіпсіздігін ны­ғайтуға, технологиялық тұрғыдан ілге­рі­леуге және қуат көздерін әртараптандыруға мән берген жөн. Қытай Халық Республика­сы­ның ядролық энергетиканы дамытудағы бай және табысты тәжірибесін ескере оты­рып, аталған стратегиялық салада ор­нықты ынтымақтастық орнатуға мүд­делі­міз. Жуық арада келісімге қол қоюға дайын­даламыз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Рес­публикасының Төрағасы Си Цзинь­пин­нің «Тағдыры ортақ көршілес елдер қо­ғам­дастығын» құру бастамасына жо­ғары баға берді. Мемлекет басшысы бұл ұста­нымдар бүгінгі Саммит қорытындысы бойынша қол қойылатын «Мәңгі тату көр­шілік, достық пен ынтымақтастық ту­ра­лы шартта» көрініс табатынына сенім біл­дірді.
Президенттің айтуынша, Қазақстан Орталық Азияның бейбітшілік, орнықты қауіпсіздік пен өнімді ықпалдастық м­е­кені болғанын қалайды. Еліміз діни экстремизммен, терроризммен, сепара­тизм­мен, есірткі тасымалдаумен, заңсыз қару-жарақ саудасымен, рұқсатсыз көші-қонмен және адам саудасымен ымырасыз күресті жалғастыруға әзір. Халықаралық киберқылмыстың өршуі айрықша назар аударуды талап етеді. Осыған орай Прези­дент тұрақты байланыс орнатуды ұсынды.
Мемлекет басшысы Орталық Азия мен Қы­тай халықтарының арасындағы мә­дени-гуманитарлық ынтымақтастық­тың жоғары қарқынына тоқталды. Мә­дени ор­талық­тардың ашылуы, креативті ин­дуст­рия және туризм салаларының дамуы осы бағыттағы басты басымдықтар ре­тінде аталды.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Қы­тайдың Орталық Азиямен ынтымақ­тас­тыққа арналған атаулы жылдар ұйым­дастыру бастамасына қолдау білдіріп, келесі жылды «Білім беру және ғылыми зерт­теулер жылы» деп жариялауды ұсын­ды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы «Ор­та­лық Азия – Қытай» форматының 2026-2030 жылдарға арналған ұзақмерзімді даму стратегиясын әзірлеу қажет деп есеп­­тейтінін жеткізді.

Ынтымақтастықтың жаңа форматы – БАҚ

Астанада өткен екінші «Орталық Азия – Қытай» саммитіне шетелдік ақпарат құ­ралдары жоғары баға беріп отыр. Қы­тайдың алдыңғы қатардағы басылымдары бұл жиынды аймақтық әріптестіктің жаңа белесі, тіпті «Алтын дәуірінің бастауы» деп атады. Мәселен, CGTN телеарнасы саммит ая­сында Си Цзиньпин ұсынған төрт тар­мақты бастамаға ерекше назар аударып, «Қытай мен Орталық Азия тағдыры бір қауымдастыққа қадам басып барады» де­ген ой түйеді.
Халықаралық басылымдар Қазақстан­ның бастамаларына да тоқталды. Әсіресе, Астанада алғаш рет өткен өңіраралық энер­гетикалық форум мен медиа саласына арналған гуманитарлық диалог – Қы­тай­мен ынтымақтастықтың жаңа форматына жол ашқаны айтылды.
Хуаньцюшибао басылымы өзбек жә­не тәжік сарапшыларын сөйлетіп, «Қытай – Орталық Азиядағы басты сауда серік­тесі ғана емес, стратегиялық тұрақ­тылықтың ке­піліне айналып келеді» деп жазды. Өз­бек баспасөзі болса, Қытайдың елдегі ин­вестициялық белсенділігіне назар ауда­рып, «Бүгінде Қытай – Өзбек­стандағы ең ірі инвестор» деген дерек кел­тіреді.
Тәжік және қырғыз сарапшыларының пі­кірінше, саммитке Си Цзиньпиннің же­ке қатысуы – келісілген уағда­лас­тық­тар­дың нақты іске асуына кепіл бола алады. Ал сарапшылар Түрікменстанның осы фор­матқа біртіндеп тартылып келе жатқа­нын, болашақта оның да белсенді ойын­шыға айналуы ықтимал екенін айтады. Осылайша, көрші елдердің де назарын аудартқан Астанадағы саммит Орталық Азия елдері үшін жаңа мүмкіндіктер алаңы­на айналып отыр.

Таир Нигманов,
саясаттанушы:

Екіжақты мүдде бір-бірін толықтырып тұр

Менің ойымша, Қытайдың Орталық Азияға деген қызығушылығы әрқашан прагматикалық сипатта болды. Ұзақ жыл бойы олардың басты мақсаты өңірде тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау еді. Бұл, ең алдымен, Қытайдың өз ішкі қауіпсіздігіне байланысты. Себебі Орталық Азия Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданына шекаралас жатыр. Бұл – Қытай үшін өте сезімтал аймақ. Ұзақ уақыт бойы ШЫҰ секілді ұйымдар аясындағы ынтымақтастық дәл осы қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау үшін құрылған болатын. 
Бірақ кейінгі жылдары жағдай өзгеріп келеді. Қытайдың экономикалық мүддесі айтарлықтай күшейді. Бұл тек Орталық Азияда емес, Африка мен Латын Америкасында да байқалады. Бұл – Қытай Төрағасы Си Цзиньпин тұсындағы сыртқы саясаттың жаңа бағыты, жаһандық белсенділік. Қытай қазір өзін сенімді экономикалық әріптес ретінде көрсеткісі келеді. Ол түрлі ірі жобаларды ұсынуға, олардан пайда табуға, өндірісін кеңейтуге мүдделі. Осы орайда «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасы негізгі құрал болып отыр. Бұл бастама әлі де жалғасып келеді, әрі Пекин оны стратегиялық жоба ретінде қарастырып отыр.
Сонымен қатар геосаяси тұрақсыздық, мысалы, Иран мен Израиль арасындағы шиеленіс Қытай үшін логистика мәселесін ушықтырып отыр. Ормуз бұғазы сияқты маңызды жерлердегі тұрақсыздық Қытайдың Еуропамен саудасына тікелей әсер етеді. Сондықтан Қытай балама жолдарды, құрлықтағы сауда жолдарын дамытуға мүдделі. Бұл бағытта Орталық Азияның рөлі ерекше.
Саммиттегі бастамалардың нақты Казақстанға тигізетін әсеріне келер болсақ, менің ойымша, бұл, негізінен энергетика мен инфрақұрылым саласына қатысты болмақ. Мысалы, Шымкент мұнай өңдеу зауытына салынған инвестициялар, күн электр стансаларын салу, балама энергия көздерін дамыту – барлығы маңызды жобалар. Сондай-ақ Қазақстанда атом электр стансасын салу мәселесі де көтеріліп жүр, оған да Қытай компаниялары қызығушылық танытып отыр. Энергетика біз үшін күрмеуі көп күрделі сала болып отыр. Ескі жылу электр стансалары тозып біткен, оларды жаңарту қажет. Халық саны мен экономика өсіп жатқанда, энергия тапшылығы айқын сезіледі. Сонымен қатар логистика мен ауыл шаруашылығын дамыту үшін жанармайдың қолжетімділігі өте маңызды. 
Тағы бір үлкен мәселе – Қазақстанның теңізге тікелей шығатын жолы жоқ. Бұл – біздің басты географиялық осал тұсымыз. Теңізге шығатын елдер кіммен сауда жасайтынын еркін таңдай алады. Ал біз үшін бар үміт – құрлықтағы жолдар. Сол себепті теміржол, автожол, құрғақ порт сияқты нысандар (мысалы, Хоргос), сондай-ақ Ақтау мен Құрық теңіз порттары өте маңызды. Бірақ мұның бәрі қыруар қаржыны талап етеді. Қазақстан өз бюджетінің шектеулі екенін жақсы біледі. Сол себепті шетел инвестициясы бізге тірек бола алады. Қытай ғана емес, Еуропа мен АҚШ-пен де осы бағытта келіссөздер жүргізіп отырмыз. Кейінгі жылдары Орталық Азия елдері мен АҚШ, ЕО арасында саммиттер өтіп, осы инфрақұрылым, логистика тақырыптары көтерілді.
Қорыта айтқанда, Қытай Қазақстанды сенімді серіктес еткісі келеді. Қазақстан да Пекиннің экономикалық қызығушылығын тиімді пайдаланып, ел ішіндегі инфрақұрылымды дамытуға тырысып жатыр. Әлемді тұрақсыздық жайлап тұрған осынау кезеңде бұл екіжақты мүдде бір-бірін толықтырып тұр.

Андрей 
Чеботарев,
саясаттанушы:

Ынтымақтастық 
жоғары деңгейдегі кездесулер шеңберінен әрі асты

– 17 маусым күні Астанада өткен екінші «Қытай – Орталық Азия» саммиті Бейжіңнің аймаққа деген қызығушылығы азаймай, қайта күшейіп келе жатқанын анық көрсетті. Мұны тек саммит шеңберінде қабылданған құжаттардан емес, Қытайдың аймақ елдеріне жасап отырған нақты экономикалық қадамдарынан да байқауға болады. Мәселен, Қазақстан Үкіметінің дерегінше, 2024 жылы Қытай мен Орталық Азия елдерінің өзара сауда көлемі 95 миллиард АҚШ долларына жеткен. Ал аймақ экономикасына тартылған қытайлық инвестицияның көлемі – 40 миллиардтан асады. Бүгінде мұнда қытайлық капиталдың қа­тысуымен жұмыс істеп тұрған компаниялардың саны он мыңға жуық­таған.
Қытай мен Орталық Азия арасындағы ынтымақтастық жоғары деңгейдегі кездесулер шеңберінен әрі асты. Бұл жолғы саммит аясында алғаш рет «Орталық Азия – Қытай» энергетика форумы, гуманитарлық ынтымақтастық форумы, индустрия және инвестициялық әріптестік форумы, сондай-ақ іскерлік кеңестің кезекті отырысы өтті. Бұл баста­ма­лардың дені Қазақстанның ұсынысымен қолға алынғанын айта кету керек. Сондай-ақ бұған дейін, 3 маусымда Астанада өткен «Орталық Азия – Қытай» сараптамалық форумында да нақты ұсыныстар айтылып, жаңа серіктестік көкжиектері айқындалды.
Аймақ елдері Қытаймен қандай бағытта байланысын тереңдетуді қалайды? Бұл тұрғыда әрбір мемлекеттің өз мүддесі, нақты сұранысы бар. Қазақстан үшін стратегиялық маңызға ие бағыттар – Каспий теңізіндегі Құрық портында бірлескен жүк терминалын салу, ядролық энергетика және жасанды интеллект саласында әріптестік орнату, киберқылмысқа қарсы күш біріктіру. Мұның өзі Астананың алдағы жылдарға белгілеген экономикалық және технологиялық бағытымен ұштасып тұр.
Қырғызстан – көлік-транзит, қауіпсіздік, энергетика, электронды коммерция, білім мен туризм салаларында бірлесіп жұмыс істеуге ниетті екенін білдірді.
Тәжікстан болса, азық-түлік қауіпсіздігі, «Жасыл экономика», өнеркә­сіптік кластерлер құру және сауда-саттықты жеңілдету мәселесін көтерді.
Өзбекстан Ауғанстанды аймақтық процестерге тарту, «Электронды Жібек жолы» сауда алаңын құру және «Қытай – Орталық Азия» индуст­рия­лық-инфрақұрылымдық белдеуін дамыту идеясын ұсынды.
Саммитте сөз сөйлеген Си Цзиньпин Қытайдың саудада әділеттілік, халықаралық құқық нормаларын сақтау қағидаттарына адал екенін айтты. Ол протекционизмге, гегемонияға, «тарифтік соғыстарға» қарсы екенін атап өтті. Сонымен қатар Қытай ВТО-ның рөлін нығайтуды көздей отырып, оған Түрікменстан мен Өзбекстанның мүше болуын қолдайтынын білдірді. Мұндай ұстаным АҚШ пен Қытай арасындағы сауда қақтығысы мен Батыс пен Ресей арасындағы санкциялық соғыс жағдайында Орталық Азия елдері үшін маңызды. Яғни, Қытай тарапынан экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында белгілі бір қолдау күтуге болады. Бұған қоса, Қытай 1,5 миллиард юань көлемінде өтеусіз грант бөлуге дайын екенін мәлімдеді. Бұл қаржы – аймақ үшін маңызды жобаларды іске асыруға бағытталмақ.
Саммиттің ең маңызды нәтижелерінің бірі – Қытай мен Орталық Азия елдері арасында Мәңгілік достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шарттың қабылдануы. Бұл – алты елдің басшылары қол қойған алғашқы көпжақты халықаралық-құқықтық құжат.
Айтпақшы, 2022 жылы шілдеде Қырғызстанның Чолпон-Ата қала­сында өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының төртінші кон­сультативтік кездесуінде де осыған ұқсас шарт қабылданған болатын. Алай­да оны Тәжікстан мен Түрікменстан әлі күнге дейін қол қоймаған. Ал Қытаймен қабылданған осындай шарт – Орталық Азия ішіндегі осы мәселені де оң шешуге түрткі болуы мүмкін.

Бауыржан Әукен,
ҚСЗИ Азиялық зерттеулер 
бөлімінің 
жетекші сарапшысы:

Туризм – екі ел серіктестігінің маңызды бағыты

– 2024 жылы Қазақстан мен Қытайдың туризм саласындағы ынтымақтастығы жаңа дең­гейге көтерілді. Қазақстан туризмінің Қытайдағы жылы тек символдық бастама ғана емес, екі ел арасындағы гуманитарлық және экономикалық байланысты нығайтудың нақты құралына айналды. Бұл кезеңде мәдени дипломатия, оқиғалық маркетинг және өңірлік ынтымақтастықты кеңінен қамтыған ауқымды жұмыстар жүргізілді.
Жыл бойы Бейжің, Шанхай, Сиань, Үрімші және Гонконг қалаларында Қазақ­стан өңірлерінің туризм күндері, түрлі туризм бағыттары бойынша тақы­рыптық апталықтар мен ауқымды мәдени шаралар ұйымдастырылды. Қазақстан халықаралық туризм алаңдары – COTTM, ITB China, ITE Hong Kong көрмелерінде лайықты деңгейде таныстырылды. Бұл өз кезегінде шет­елдік серіктестермен жаңа іскерлік байланыстар орнатуға және елдің турис­тік брендін ілгерілетуге мүмкіндік берді.
Мәдени бағдарлама да мазмұнды болды. Шаньдун және Хэбэй про­винцияларында қазақ өнерпаздарының қатысуымен үлкен концерттер өт­ті, ал «Алтын адам» және «Ұлы дала» көрмелерінде ҚР Ұлттық музейінің бірегей жәдігерлері қытайлық көрерменге ұсынылды.
Ірі оқиғалық жобалар да назардан тыс қалған жоқ. Жібек жолы бағы­тын­дағы автокеруендер, Peking – Paris Motor Challenge раллиі және мото-турларға 500-ге жуық адам қатысып, аймақтың тарихи-мәдени байла­ныстарының өзектілігін айқындай түсті.
Ақпараттық науқан ауқымды нәтижелерге қол жеткізді. Ресми мәлі­меттерге сәйкес, Қазақстан туризмінің Қытайдағы жылы 1,8 миллиард қара­лым жинаса, әлеуметтік желілерде ел туралы жарияланымдарды 160 мил­лион адам көрген. Бұл – елдің халықаралық ақпараттық кеңістіктегі беделін арттыруда айтарлықтай жетістік.
Нақты нәтижелер де байқалды: Қытайдан Қазақстанға келетін турис­тер саны 50 пайызға өсті, ал еліміз Қытай азаматтары үшін танымал турис­тік бағыттар рейтингісінде 40-орыннан 29-орынға көтерілді. Бұған 2023 жылғы 10 қарашадан бастап күшіне енген визасыз режим айтар­лық­тай үлес қосты. Қазақстан – Орталық Азия елдері ішінде Қытаймен мұндай келі­сімге қол жеткізген алғашқы мемлекет.
2025 жыл – Қытай туризмінің Қазақстандағы жылы болып жария­лан­ды. Бұл бастама екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға жол ашады. Қа­зақстан азаматтарының Қытай мәдениеті мен туризм бағыттарына қы­зығушылығы артады деген болжам бар. Сонымен қатар туристік инф­рақұрылымды жетілдіру мен мәдени ықпалдастықты тереңдету мәселелері өзек­ті бола түседі.
Осылайша, Қазақстан мен Қытай арасындағы туристік ынтымақтастық гу­манитарлық әрі экономикалық мақсаттарды ұштастыра отырып, екі ел ара­сындағы орнықты серіктестіктің маңызды бағытына айналып келеді.

Тэгтер:

Қазақстан Қытай саммит Орталық Азия сыртқы саясат