Павлодарда әйелін көлікпен қасақана қағып, денсаулығына ауыр зиян келтірді деген айыппен 41 жастағы ер адам сот алдына келді. Айыпталушы кінәсін мойындады, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Басылымның хабарлауынша, облыстық Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 41 жастағы ер адамға қатысты Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлімі, 99-бабы 1-бөлімі бойынша қылымыстық іс қаралды.
Оған биыл қаңтарда бұрынғы азаматтық некеде тұрған әйеліне қасақана ауыр дене жарақатын келтірді деген айып тағылды.
Іс материалдарына сүйенсек, екеуі тамақ сататын павильонға жол тартқан бойда жанжалдасқан. Әйел көліктің салонынан шығып, павильонға қарай жүгірген кезде айыпталушы көлікті оған қарай бағыттап, қаққан. Оқиғадан кейін жәбірленушінің бір аяғына ампутация жасалды. Ол бірнеше ай төсекке таңылып, ауруханада жатып шықты.
Барлық айғақ пен дәлелдемені зерттеу барысында сотталушының кінәсі, яғни, кісі өлтіруге оқталу дерегі дәлелденді.
"Қорғаушы тарап сотқа автокөліктің ақауы болғанына сендіруге тырысты. Бірақ арнайы маман машинаның техникалық тұрғыда жарамды күйде екенін растады. Газ педалі және тежегіштен ақау анықталған жоқ", - деді судья Құдабай Солтанов.
Сарапшы павильоннан түсірілген бейнежазбаның кадрларында автокөліктің әйелге қарай бағытталғаны айқын көрінетінін жеткізді. Яғни, айыпталушы әйелді павильон қабырғасына қарай итеріп, осылайша жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғанын расталды. Сондай-ақ ол соққыдан кейін әйелдің жағдайына мән бермей, бірінші кезекте көлікке алаңдаушылық білдіргені де сотта ескерілді.
Жәбірленушінің материалдық және моральдік зиянды өтеу туралы талабы ішінара қанағаттандырылды. Әйелдің пайдасына 1 212 160 теңге материалдық өтемақы, 15 млн теңге көлемінде моральдық шығын өндіріп алынуы керек.
"Сот ер адамды 24-бабының 3-бөлімі, 99-бабының 1-бөлімінде көзделген қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп тану және оған орташа қауіпсіздік қылмыстық атқару жүйесінің мекемелерінде жазасын өтей отырып, 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау туралы үкім шығарды", - деді судья.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.