Жамбыл облысында екпе алуға барып, ақырында қайтыс болған Ислам Үсеновтың туыстары әділдік іздейді, деп хабарлайды turkystan.kz Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.
Қара жамылған отбасы алты айдан бері адам өлімі бола тұра орталық әлі күнге дейін жабылмай, жұмыс істеп тұрғанына наразы. Бір қызығы, емшара бөлімінің адам қабылдауға лицензиясы жоқ. Бірақ жабылуына лауазымды тұлғалар тұсау болып тұр дейді марқұмның туыстары. Әріптесім Нұрадин Рақай мәселенің мәнісін біліп келді.
29 жастағы азамат ертесі өз аяғымен екпе салуға жекеменшік орталыққа барған. Тамырдан салынған дәріден соң аяғы дірілдеп біраз жатып қалған дейді әкесі. Тек жаны шыққан соң емшара бөліміне жедел жәрдем қызметі шақыртылған.
Дәл осы жағдайдан соң ел бойынша барлық жекеменшік емшара бөлімдері жаппай жабылды. Бір ғана Тараздың өзінде осындай 133 орталық болса 93-інің заңсыз жұмыс істегені анықталған. Бәрінің қызметіне тыйым салынады. Бірақ Ислам Үсенов ажал құшқан бөлімше әлі күнге адам қабылдап отырғаны алаңдатады дейді марқұмның туыстары.
ТЕМІРХАН ҮСЕНОВ, Марқұмның әкесі:
Айша медикалды жауып, онда істейтін лицензиясы жоқ медиктерді қамап, тергеп- тексеріп сотқа тез арада жіберуді талап етемін. Осы кезге дейін 1-ші полиция басқармасы тергеу бөлімінің дұрыс тергеу жүргізбегені үшін прокуратураға арыз- шағымымды жеткізіп қойдым.
Бірақ жазылған арыздан жабылған бөлімше жоқ дейді жақындары. Оның себебін екпе егетін бөлімшенің иесін құзырлы органдар қамқорлық көрсетіп отыруы мүмкін дейді. Өйткені жауапты департаменттің басшысы осы азаматтың ажалы дәріден келгенін растайды. Ол, ол ма, мұндағы дәрігерлердің еш лицензиясы да болмағанын жеткізді. Тіпті дәрі-дәрмектердің сақтау мерзімі өткенін де анықтапты. Бірақ орталыққа ешкімнің дәрмені жүрмепті.
АЙГҮЛ БАЛҒАБАЕВА, ҚР Фармацевтикалық бақылау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департамент басшысы:
Тексерулер нәтижесінде 38 нысанға 47 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, жалпы сомасы 10 миллион теңгеден асам айыппұл салынды. Біздің тексерген нысандарда дәрігерсіз жұмыс істеген. Оның 38-інде до врачебный кабинетінде лицензия болса, қалғанында рұқсат қағаздары болмаған.
Қазір мамандар осы емшара бөлімшесімен соттасып жатыр екен. Ал бауыр еті баласынан айырылып бір, әділдікке жете алмай екі дертке душар болдым деген әке жәрдем сұрайды. 29 жастағы Ислам Үсенов жолсерік болып қызмет еткен. Оның артында екі ұлымен жесірі қалды.